1929 жылдың 15 ақпанында Павлодар өңіріндегі қазақ баспасөзінің негізі қаланды. Бұл күні «Сарыарқа самалы» газетінің негізін қалаушы округтік «Кеңес туы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Алғашқы редакторы – Кенжебаев Бейсенбай. Газет алғашқы екі-үш ай бойы аптасына бір рет екі мың дана тиражбен шығарылған. Елімізде шаруашылықты ұжымдастыру қозғалысына байланысты 1930 жылдың 14 ақпанынан бастап басылым атауы «Колхоз» деп өзгертілді. Ал 1938 жылдың 14 сәуірінен «Қызыл ту» деген атпен шыға бастады. Газеттің қоғам өміріндегі орны, журналистерінің белсенділігі ескеріліп, 1979 жылы 15 наурызда «Қызыл ту» газеті «Құрмет Белгісі» орденімен наградталады.
Қазақстан Республикасы өзінің дербес тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1991 жылдың екінші жартысынан бері «Сарыарқа самалы» деген атпен жарық көруде. Газеттің бүгінгі бас редакторы – Әбішев Асыл Әлімжанұлы.
2000 жылы «Сарыарқа самалы» Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Газет Ертістің Павлодар өңірімен қатар еліміздің барлық облыстарына және Ресейдің Алтай, сондай-ақ Монғолияның Баян-Өлгий өлкелеріне тарайды. Бүгінгі апталық тиражы – 44 мыңнан асып отыр. Газет аптасына үш мәрте – сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері жарық көреді.

