
КЕНЖЕБАЕВ БЕЙСЕНБАЙ, 1904 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөген ауылында туған. Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін (1925 жылы), Әдебиет институтын, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Республикалық газеттер мен журналдардың , баспалардың редакторы болған.
Бейсенбай Кенжебаев – қазіргі «Сарыарқа самалы», бұрынғы «Колхоз» газетінің (1929-1930) тұңғыш редакторы. Ол - қазақ әдебиеті мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ленин орденінің иегері.
|

МАЛДЫБАЕВ ҒАЛЫМ, 1902 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь ауданы, Жамбыл колхозында туған. 1927 жылы Петропавлдағы партия мектебін бітірген. 1933-1935 жылдары Мәскеудің мемлекет университетінде оқиды. 1943 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген. Ақын.
Ол Кенжебаев Бейсенбай бастаған игі істі одан әрі жалғастырып, «Колхоз» газетінде 1930 жылдан – 1933 жылға дейін редактор болды.

АСАНОВ БАЛТАБЕК, 1907 жылы Баянауыл ауданында дүниеге келеді. Ол әке-шешеден ерте жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Балтабек еңбек жолын «Колхоз» газетінің баспаханасында корректор болып бастады. Сол жылы Павлодар аудандық партия комитеті оны Қазақстан өлкелік партия комитетінің қарауындағы алты айлық газетшілер курсына жібереді. Одан кейін Алматының жоғары коммунистік мектебінде оқыды. Осы оқуды бітірген соң 1933 жылы Асанов Балтабек «Колхоз» газетіне редактор болып келіп, 1935 жылға дейін қызмет етеді.
Бұдан кейін партияның тапсыруымен Б.Асанов қазақ тілінде «Магнитогор жұмысшысы» атты газет шығаруды ұйымдастырып, сол газеттің жауапты редакторы болады.
Балатбек Асанов 1942 жылы республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты редакторы болып келіп, 1949 жылға дейін қызмет атқарады. Көптеген қаламгерлердің, журналистердің өсіп-жетілуіне ағалық көмек көрсетеді.

ЖАНҒАБЫЛОВ ӘЛІМБЕК, 1932 жылы Семей қаласындағы Қазақстан Компартиясының облыстық комитеті жанынан ашылған аудандық газеттердің басшы қызметкерлерінің білімін көтеретін алты айлық курста оқиды.Он тоғыз жасында 1933-1935 жылдары «Колхоз» газетінің редакторы болып қызмет істеген.
Экономика мамандығын алуына байланысты ол отыз жыл бойы Қазақ ССР Орталық статистика басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болады.
Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген экономисі, Ленин орденінің иегері.

АЯПБЕРГЕНОВ ӘУБӘКІР, 1904 жылы Ертіс ауданы, № 5 ауылда шаруа отбасында туған. Ауылда ұстаздық еткен. 1935-1936 жылдары редакторлар даярлайтын курстан өткен.
1936 жылдың қыркүйегінен 1938 жылға дейін облыстық «Қызыл ту»газетінің жауапты редакторы болады.1938 жылы қуғын-сүргін құрбаны болып атылған. 1956 жылы ақталған.
МЫҢБАЕВ САРЫ, 1910 жылы Атырау облысы, Маңғыстау ауданында жұмысшы отбасында туған. Алматыда әуелі жұмысшы факультетін, содан кейін Коммунистік журналистер институтын бітірген ( 1934-1937жж).
1938 жылдың маусымынан 1942 жылдың наурызына дейін облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы.
СЫЗДЫҚОВ ХАМЗА, 1904 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында туған. Ташкентте қазақ ағарту институтын бітірген. Алматыда Қазақстан Коммунистік большевиктер партиясы Орталық Комитеті жанындағы редакторлар даярлайтын курста оқыған.
1942 жылдың сәуірінен 1953 жылдың тамызына дейін облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы.

НҰРШАЙЫҚОВ ӘЗІЛХАН, 1922 жылы Жарма ауданы Ақбұзау ауылында кедей шаруаның отбасында туған. Алматы қаласындағы Тау-кен институтында, Семейдегі қазақ педагогика училищесінде, педагогика институтында оқыған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан Республикасы халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері.
1953 жылдың 16 қыркүйегінен 1956 жылдың тамызына дейін облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы.

ҚҰДЫШЕВ ОМАРҒАЛИ, 1912 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ақжол ауылында туған.Семейде қазақ педагогика училищесін, Алматы Коммунистік журналстер институтын бітірген.
1956 жылдың тамызынан 1962 жылдың наурызына дейін облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы.

ШОШАНОВ СҰБЫҚАН, 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Марал ауылында дүниеге келген. Республикалық партия мектебін, СОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітірген.
1962 жылдың наурызынан 1981 жылдың сәуіріне дейін облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы.

СЕЙСЕНБЕКОВ БАЛТАБЕК, 1928 жылы Баянауыл ауданы, Егіндібұлақ ауылдық кеңесінде туған. Павлодар педагогика училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін, Жоғары партия мектебін бітірген.
1981 жылдың сәуірінен 1988 жылдың тамызына дейін облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы.

МҰХАМЕДЖАНОВ ӘЛҒОЖА, 1931 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Өзкент ауылдық кеңесінде туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
1988 жылдың тамызынан 1998 жылдын 1шілдесіне дейін облыстық «Қызыл ту» («Сарыарқа самалы») газетінің редакторы.

ОМАРОВ МҰХИТ МҮРСӘЛИҰЛЫ 19 қазан 1948 жылы Ақтоғай (бұрын Краснокутскі) селосында Ақтоғай ауданында Павлодар облысында туылған. Қазақ мемлекеттік университетін (Алматы), Басқару және мемлекеттік қызмет академиясын (Москва) Павлодар индустриялды институтын (Павлодар) бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Қазақстан мәдениет қайраткері» белгісінің иегері.
Еңбек жолын Ақтоғай (Краснокутскі) аудандық газетінде бастаған (1967-1972ж.ж.). Одан кейін көп жылдар комсомол, партия, совет органдарында қызмет атқарған (1972-1989ж.ж.), облыс мәдениет басқармасының басшысы (1989-1992ж.ж.) Павлодар қаласы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық экономика басқармасының басшысының орынбасары, (1992-1995ж.ж.) С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, 1998 жылдан 2011 жылдың қазан айына дейін облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

ӘБІШЕВ АСЫЛ ӘЛІМЖАНҰЛЫ Баянауыл ауданы, Академик Қ.Сәтбаев атындағы ауылдық округке қарасты Теңдік ауылында туған.
Ы.Алтынсарин атындағы Павлодар облыстық гимназия-интернатынан орта бiлiм алып шықты. Павлодар педагогикалық институтының филология факультетiн тәмамдады.
Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетiндегі алғашқы еңбек жолын 2000 жылы қатардағы тілші болып бастады. Кейін бөлім меңгерушісі, шолушы, Бас редактордың орынбасары болды. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Поэзиялық шығармалары қалалық, облыстық және республикалық мерзімді басылымдарда жарияланып келеді. Бірнеше әннің авторы. Өлеңдер топтамасы 2005 жылы жарыққа шыққан «Жастық әуен» жинағына енгізілген.
2011 жылдың қазан айынан бастап Павлодар облыстық "Сарыарқа самалы" газетінің Бас редакторы.
|
|
|
|
|