ӘЛЕУМЕТ

Әлеуметтің әлеуеті артады

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының облыстағы қанат қақты кезеңі діттеген мақсатына жетіп, сәтті орындалды. Ертістің Павлодар өңірі аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысында еліміз бойынша көшбасшы аймақтар қатарына ілікті. Бағдарламаның үш бағыты аясындағы шараларға бөлінген 6,5 млрд.теңге толықтай игерілді. Ал биыл бұл бағытқа 4 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Сонымен қатар, осы бастаманың ауылдық елді мекендерді көріктендіру мен инфрақұрылымдарды жөндеуден өткізуді көздейтін төртінші бағыты іске қосылмақ. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымованың төрағалығымен өткен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының алқа мәжілісінде мәлім болды.

Әлия Қайратқызы облыс әкімінің өкімімен аталмыш ведомствоның басшысы болып тағайындалған Сағындық Есімхановты жұртшылыққа таныстырып, оны жаңа қызметімен құттықтады. Сонымен қатар, мекемені бұған дейін басқарып келген Владимир Берковскийге құрмет көрсетті.

Алқа мәжілісі барысында 2011 жылы облыстың әлеуметтік саласында жүзеге асқан жұмыстарға қанағаттанарлық деген баға берілді. Сондай-ақ, жұмыссыздар санатындағы тұрғындарды тұрақты еңбек орындарымен қамтуға бағытталған «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіді.

Басқарма бастығы Сағындық Есімханов аталмыш мемлекеттік органның былтырғы жұмыс қорытындыларымен таныстырып, 2012 жылы атқарылатын істерге тоқталды.

Бүгінгі таңда облыста 121 мыңнан астам жұмыссыз және аз қамтылған азаматтар бар. Бұл - аймақтағы экономикалық белсенді тұрғындардың 30 пайызын құрап отыр. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады. Осы санаттағы тұрғындардың сапалы білім алып, белгілі бір мамандық иесі атануы мен «екі қолға бір күрек» табуына аталмыш бағдарламаның тигізер пайдасы зор. Облыста 3000-нан астам тұрғын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болған. Ал 2000-нан астам азамат қайта даярлық курстарын тәмамдап, біліктілігін арттырған. Олардың 67,8 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды. Сағындық Өлмесекұлының айтуынша, басқарманың күн тәртібінде тұрған басты мәселеазаматтарды арнайы оқытып, тұрғындарды жұмыспен қамту болып табылады. Осы мақсатта облыс аудандары мен қалаларындағы аталмыш бағдарламаны жүзеге асырумен айналысатын мекемелер мен жұмыс беруші кәсіпорындар арасында 400 келісімшарт жасалған. Ол қала-аудан басшыларын аталмыш мәселені шешуде белсенділік танытуға шақырды.

Бағдарлама аясында шағын несиеге қол жеткізген 177 азамат жеке кәсібін құрып, бүгінгі күні дамыту үстінде. Нәтижесінде 500-ге жуық жұмыс орындары ашылды. Өткен жылы әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына 10 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Осындай игілікті істердің арқасында бүгінде облысқа қарасты 173 ауылдық округтің 117 елді мекенінде арнаулы әлеуметтік көмек алушылар кездеспейтінін айтқан жөн.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы шеңберінде орташа дамыған ауылдар тұрғындарын экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге өз еркімен көшіру қолға алынғаны да белгілі. Айта кетерлігі, бұл бағытта аймағымызда 626 тұрғын үй салынды.

Баяндамашы, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау төңірегінде сөз қозғады. Мүгедектердің толыққанды өмір сүруіне ешқандай кедергілер болмайтынын, оларға қатысты мәселелердің түйіні міндетті түрде тарқатылатынын жеткізді.

Шара барысында сөз алған Әлия Ғалымова Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында айқындалған әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізі болып табылатын жұмыспен қамту бағытындағы жетістіктер көңіл көншітерлік деңгейде екенін айтты.

- Мемлекет басшысы маңызды құжатта ел дамуының басты бағыты ретінде әлеуметтік-экономикалық жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударғаны белгілі. Еліміздің басты байлығы болып табылатын азаматтарға ерекше қамқорлық көрсетіліп, әл-ауқатын жақсарту бойынша маңызды міндеттерді орындауды жүктеді. Біздің мақсатымызэкономикалық жетістіктерімізді еселеп, қоғамдық игілігімізді арттыру болып табылады, - деді Ә.Ғалымова.

Жиында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын істерді барынша жандандыра түсу үшін қала-аудан әкімдеріне, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына нақты тапсырмалар жүктелді.

Ауыл кәсіпкерлігін дамытуды жандандыра түсу қажет. Осы салада жоғары көрсеткіштерге жету үшін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына, қала-аудан басшылары мен «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо-рациясына шағын несие алған азаматтарды бизнес негіздері бойынша сапалы оқытумен қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар, несиелерді дер кезінде қайтаруды қадағалау керек делінді. Былтыр тұрғындарға шағын несие беруге 370 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл қаражат көлемі екі есе артады. Сол сияқты, ауылдық жерлердегі бизнес инфра-құрылымдарын дамытуға да қомақты қаржы қарастырылады. Бүгінгі күнге дейін экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерде бой көтерген тұрғын үйлердің біраз бөлігі өз иелерін тапқан. Қалған үйлердің құрылысы жуық уақытта аяқталмақ. Ә.Ғалымова аудан-қала басшыларына баспаналарды дер кезінде тапсырып, тұрғындарды қоныстандыру жұмысының сапалы орындалуын талап етті.

А.ЕСІМХАНОВА.

 

АПТА АПТЫҒЫ

САЙТТАРДЫҢ «ТІЛІ» НЕГЕ ШАЛА?

Мәжіліс депутаттары жекелей ведомствалардың ресми сайттарын қатаң сынға алды. Олардан қазақ тілінде ақпарат алу мүмкін емес, дейді халық қалаулылары. Парламенттегі тіл жанашырларының бірі, депутат Мұрат Әбенов бұл кемшіліктерді дер кезінде жоюды ұсынды.

Мәжілісмендердің сынына Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрліктерінің сайттары ілікті. Ондағы ақпараттар көбіне ресми тілде болып шыққан. Ол-ол ма? Депутат, түрік тілінде хабар таратып отырған мекеме сайтына тап болған. - Ішкі істер министрлігінің сайтына кіріп, қандай да бір ақпаратқа сұрау салсаңыз, түрікше жауап береді. Ведомство сайттарының жұмысына мемлекеттен қыруар қаржы бөлінетіндігін ескерсек, мұндай жағдайға жетіп отырғанымыз масқара, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Әбенов.

Атап өтерлігі, мұндай жағдай біздің аймағымыздың да мемлекеттік органдарының сайттарына тән. Қазақ тілінде жазбақ түгілі, жөні түзу аударылған ақпарат таба алмайсың. Тілге шорқақ мамандар «аударғанның жөні осы екен» деп мәтіннің «басын жарып, көзін шығарып» қояды. Өкінішті. Интернеттегі қазақ тіліне қатысты мәселе қоғамымызда өзекті тұр. Ресми деректерге сүйенсек, елдегі сайттардың 10 пайызы ғана қазақ тілді екен. Қалғандары орысша және өзге тілдерде хабар таратады.

 

РЕЖИССЕРДІҢ ШАШЫН ЖҰЛМАҚҚА БЕКІНДІ

Осыдан екі жыл бұрын Президент сайлауына қатысуға ниеттенген Козловқа жұмыртқа лақтырған «Желтоқсан рухы» қозғалысының мүшелері бұл жолы отандық режиссер Жанна Исабаеваның шашын жұламыз деп отыр. Бар мәселе - режиссердің жаңа фильмінде. Кинокартинада алматылық жастардың алғашқы төсек қатынастары суреттелген екен. Соған байланысты желтоқсандықтар осы аптада баспасөз мәслихатын өткізіп, жыныстық қатынасты дәріптеп, ұлтымыздың ар-намысына кір келтіретін мұндай туынды жарыққа шықпауы тиіс деп мәлімдеді. - Қай ұлт мұндайды жариялап жар салады?! – дейді ұйым төрағасы Талғат Рысқұлбеков. Ал режиссердің өзі болса «кинофильмді ұнатпаған адам көрмей-ақ қойсын» деп, міз бақпай отыр.

 

БАХИЛА «БАҚИЛЫҚ» БОЛАДЫ

Басқа көтеретін мәселелер аздай, аяққа киетін бахила жайы Үкімет отырысында талқыға түсті. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы «емдеу мекемелерінде бахила сату азаматтардың құқығын шектейді» деп мәлімдеген болатын. Қазір емханаларда осы аяқ киім қаптағыштың саудасы қызып тұрғаны белгілі. Осыдан кейін іле-шала ақпарат құралдары өкілдерін жинаған Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерік Байжүнісов «емханаға келген науқастар бахила киюге міндетті емес», деп мәлімдеді. Тіпті, оның мүлдем қажеті жоқ көрінеді. Вице-министрдің айтуынша, науқастардан бахила талап ету - бас дәрігерлердің қателігі. Мұндай мәжбүрлікті министрлік емес, емдеу мекемелері басшыларының өздері жасап келген. Сол себепті, бұдан былай оларға арнайы тапсырма беріліп, науқастарға мәжбүрлі түрде бахила кигізу үрдісінің тоқтатылатын түрі бар.

 

20 ЖЫЛДАН СОҢ...

Еліміздің бас экологы Мэлс Елеусізовтің болашаққа деген болжамдары аса жайсыз. Ол осы аптада өткен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің үкіметтік емес ұйымдармен бас қосқан жиынында жер бетінде тіршілік құрып кетуі мүмкін деп мәлімдеген. Оның айтуынша, жер бетін ластаудан Қазақстан да қалыс қалмай келеді. Қазір елімізде 100 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналған. Оның тек 20 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш едәуір артық.

Мұндай жағдайда көңілге медеу ұялатар бір ғана жайт бар. Әлем сәуегейлері «биыл ақыр заман болады» деп жұртшылықты дүрліктіріп қойған еді. Ал М.Елеусізов жер бетіндегі тіршілік атаулының құруына жиырма жыл уақыт бар дейді. Соған да шүкір.

Қалай десек те, экологиялық мәселе шынымен аса өзекті. Бәлкім, жиырма жылдан кейін құрып кете қоймаспыз, дегенмен, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, ел аумағында шөлейтті жерлер көбейген. Қазірдің өзінде құрғақ даланың үлесі 70 пайызға жетіп отыр. Жыл сайын кәсіпорындардан 3 миллион тонна өнеркәсіптік қалдық тасталады. Бірақ, осыған қарамастан, министрлік ірі кәсіпорындарды қадағалауды шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруді азайтпақ.

 

СОТТЫҢ СЫЙҚЫ ОСЫ БОЛСА...

Естімеген елде көп. Жүйкесі сыр берген азаматтардың сотта төрелік айтқанын бұрын-соңды естімеген боларсыз. Алматылық прокурорлар адам тағдырын талқыға салатын алқа билер тізімінен жүйке жүйесі бұзылған жандарды тапқан. Қадағалаушы органның көпті көрген тәжірибелі қызметкерлерінің өзі жағасын ұстап отыр. Әуезов аудандық прокуратурасы сот процесіне қатысып, төрелік айтып жүргендер тізімінен ақыл-есі күмәнді, бұрын сотталған елуге жуық адамды анықтапты. Олар аса ауыр қылмысты қарауға және оған төрелік етуге қалай жіберілгендігі түсініксіз. Төре би қылып, төрге шығарылған қырық азаматтың ақыл-есі бүтін болмай шығыпты. Олар психоневрологиялық диспансерде ем алып жүрген сырқат жандар екен. Ал алқа би сотының қалған мүшелері – наркологиялық орталықта тіркеуде тұрған есірткіге әуес маскүнемдер.

 

ДЕФОЛТТЫҢ АЗ-АҚ АЛДЫНДА ТҰР

Афина елінде тәртіпсіздік тыйылар емес. Апта басында жүз мың тұрғын шеруге шыққан. Олар Еуроодақ пен Халықаралық Валюта қорынан несие алуға бағытталған билік бағдарламасына қарсылық білдіруде. Грекия Парламенті бюджет шығынын қысқарту жөніндегі кезекті жобаны мақұлдаған болатын. Бұл сырттан тағы да несие алып, елді дефолттан құтқаруға мүмкіндік береді. Бірақ, дағдарыспен күресте қарапайым халық зардап шекпек. Себебі, жаңа бағдарламаға сай, әлеуметтік шығындар мен еңбекақы қысқарып, 150 мың мемлекеттік қызметкер жұмыссыз қалмақ. Биліктегілер бұдан басқа амалымыз жоқ деп отыр.

Халық та өз дегенінен қайтар емес. Ашуға булыққан демонстранттар дүкендер мен кеңселерді және банкоматтарды тонап, дәмхана, үйлер мен көліктерге өрт қойған. Шаһардың шеткері аудандарын былай қойғанда, орталығында ойрандалмаған көше кемде-кем.

Алдағы аптаға аптықпай аяқ басып, жаңалықтарға құлақ түре жүрейік, құрметті оқырман.

 

Данияр

ЖҰМАДІЛОВ.

 

МӘҢГҮРТ ЕЛЕСІ

...Ол сезеді. Бірақ түсіне алмай қор болды. Көрші әйелдің неліктен өзін «әй, мәңгүртпісің» деп атағанына әлі де түсінбей аң-таң. Үйге келіп, әке-шешесінен сұрап еді, әкесі мырс етіп күлді де: «Оқымысты бір қазақтардың шығарып жүрген пәлсафасы шығар, қазақтан дана халық жоқ деп жүргендер де солар ғой, ал қазақша білмеген біздерді өздерінше солай атайтын болыпты ғой. Оған сен қайғырып, мазаңды алма, сен кінәлі емессің», - деді. «Өздері сияқты мал бағып, юртада отыра берсін дейтін шығар? Біз емес, олар мәңгүрт елесінде шығар, великий мәдениет қайсы екенін білмейді. «Қазақ тілі - қазақ тілі» дегенде өңештерін созғанда сондай, сөйлей бер орысша, одан өліп жатқан ешкім жоқ». Әке-шешесінің де айтқандарынан ештеңе түсінбеді. Сонда қайсысы дұрыс айтады? Көрші әйел ме, әлде әке-шеше ме, сол жағын ұғына алмайды. «Балам, сен қазақтың ұлысың ғой, құдай-ау, неге өз тіліңде сөйлемейсің, мені күнде көресің, тым болмаса қазақша амандасуды үйреніп алсаңшы, үлкендерге «ассалаумағалейкүм» дейсің, бұл - балам, «Алланың нұры жаусын» деген сөз, әйел адамдарға да солай амандасуға болады. Бірақ, сен қазір кішкентайсың ғой, «сәлеметсіз бедеп амандаса бер. Мені апай де немесе тәте де, анау үйдегі үлкен кісіні «аға» дейсің» - деді бүгін тағы көрші әйел шақырып алып. Тура сабақ түсіндіргендей болды. Бұл үйге кеп, жүз рет қайталап «ассалама...» - «сәлеметсіз бені» үйренбек болса да, тілін бұрап, аузын қисайтып кеп қанша отырғанымен жуыр арада қазақша сөздер дұрыс шыға қоймады. Қандай қиын сөздер, кімдер ойлап тапты екен деп ойлады. Бұл өстіп сөздерді айта алмай отырғанда үйге шешесі кеп кірді:

- Ой, боташка, сен не ағылшынға дайындалып отырмысың? Дауысың қатты-қатты шығып кетті, ауырлау шығар айту саған, бұл тілді білсең, сенен күшті жан, сенен білімді адам болмайды, оқы-оқы, боташка, - деп шығып кетті. Бұл қайтадан «асса..ді» жаттауға кірісті. Арасы алты күн өтті дегенде амандасуды жаттап болды-ау, қуанышы қойнына сыймай, көрші подъезде тұратын шалға амандасуға асықты. Шал күндегі әдетінше есік алдында отыр екен. Бұл дайындала бастады. Бір, екі, үш:

- Ассалаумағалейкум! – деді қасынан өтіп бара жатып.

- Өй, сенбісің ей? Бар бол, балам, молда бол! Өй, саған қазақша амандасуды кім үйретті? Шөп басын сындырайық саған, өй, сиыр көрген өгіздей болмай бері келші өзің! Андағы екі қолыңды маған неге ұсынбайсың, қазақ амандасқанда әуелі қос қолын ұсынбаушы ма еді? Ал сен базардағы сарт саудагер құсап қасымнан өтіп барасың, сен «ассалаумағалейкум» дегенде мен де қос қолымды ұсынып «уағалейкумассалам» демеймін бе екен, а?

О, ғажап, деп ойлады бұл, неткен ғажап! Шалдың айтқандарының біреуін де бұл ұққан жоқ, ақсақалдың өзі сол жерде отыра қап, әлгі айтқан сөздерінің бәрін тәптіштеп тұрып аударып берді.

- Атың кім еді сенің өзі? Бұл түсінбеймін деп басын шайқады, шал орысшаға аударып бергенде, ұялғанынан жерге кіріп кете жаздады.

- Жанмир, - деді бұл әзер сөйлеп, Жанибек әкемнің аты, Мир деген, шешемнің аты Гүлмираның «мирын» алған ғой, - деді ол мақтанғандай болып.

- Ойлап тапқандарын қарашы ей, бірінен-бірі айрылып қалатындай! Бұ қазақ балаға ат қоюды да ұмытып барады. Сенің әкең анау жүрген оқымысты ма? Шешең анау – қызыл шаш қатын ба ей? Олардан туған сен мәңгүрт-елестей қайтіп оңасын? - деп шал қарадай ашуға басты. Бұл селк ете түсті!.. Мәңгүрт елес деді ме тағы? Мен мәңгүрт елестен туғам ба?!

- Балам, сен қазақсың ғой, сен ана басқа болып өзгеріп жүрген әке-шешеңе қарама! Олар енді түзелмейді, солай кеткені-кеткен. Оларды енді қазақ жасай алмайсың, болмыстарында қазақылықтан ештеңе де жоқ, құрыған! Сені мәңгүрт елесі қып тастаған да солар! – деді шал күңіреніп.

- Тіліңді, салт-дәстүріңді біл, балам!

Шал кетіп қалды, тегі бұған қазақша аударып аудармашы болудан шаршады ма, анау үйдің есігінің алдына барып демін алды.

Бұл түнімен ұйықтай алмады. Қасында жалба-жұлба мәңгүрт елес жүргендей болып, айналасына қарап қорқып жатты. Сол елес келіп қылқындырып, жанын алатындай болды. «Ол сенен бәрін алып болған! Тілің жоқ, салт-дәстүрді білмейсің, болмысың басқа» деп көрші шал айғайлап тұрғандай болды. Бұл айғайлап шошып оянды, шешесі жүгіріп келді.

- Боже мой. Сынок, боташка, господи, успокойся, устал наверное, спокойной ночи тебе, боташка, - деп бетінен сүйіп, қайта кетіп қалды.

Бұл таңертең тұрған соң, көрші әйелді көрді. Жаттап алған қазақшасымен амандасып еді, көрші апай қуанып қалды. Бұл түнде қорқып ұйықтай алмағанын айтты.

- Ондайда балам, «бісіміллә, Алла сақтай гөр» деп сыйынып жат! Бүгіннен бастап осы сөзді жаттап ал, жарай ма? Сосын, күнде ұйықтар алдында қайталап айтып жатасың. Сонда ғана сенің қасыңнан мәңгүрт елес деген бәлекет кетеді, - деді де, көрші әйел:

- Келші сені ұшықтап жіберейін деп, үйінен бір кесе су әкеліп «тфу, тфу, тфу» деп мұның басын айналдыра су бүркіп ұшықтап жатыр. Бойы жеңілдеп қалғандай болды. Сабаққа келді. Мұнда да өзі сияқты балалар қазақша сөйлемейді, басқа тілде амандасып жатыр, басқа бір тілде сөйлейді. Сонда бұлар да мен сияқты... мәң...ттер ме? Бұл солай деп ойлауға қорықты, жо.., жоқ олар емес, жалғыз мен ғана болайыншы, олар болмасыншы ондай деп ойлап отыр. Ойламайын десе... олар да өзі сияқты.

Кешке үйіне көңілсіз келді.

- Мама, мені қазақша мектепке оқуға берші, - деді түнде ұйқыға жатарда.

- Қазақша мектепке? Қой мұны әкең естімесін! Онда нең бар? Онда білім жоқ дейді! Мұғалімдердің өздері қазақша білмейді дейді!

- Мама, оның бәрі өтірік, өсек! Олар білімді, өз тілдерінде сөйлей алады, олардың білмейтіні жоқ, олар октябрь айын – қазан, ноябрьді – қараша дейді, оған Абай ата өлең шығарған! – деді бұл бар білетінін айтып.

- Саған мұның бәрін мына көрші әйелдің ұлы айтып жүр ме? Олар бұрынғы қазақтар, біз жаңа қазақтармыз, балам, өркениетке жетуіміз керек, батыстың мәдениетін олар түсінбейді! – деді шешесі жақтырмағандай.

Әкесі теледидар көріп отыр екен. Диктор бір қалада көше аттары өзгеріп, өз ата-бабамыздың есімдері қайта оралып жатқанын айтып жатыр. Олар кімдер екен? Мына бір сақалы бар ата кім? Ана бір батыр кім? Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай, Олжабай, Баян, Гауһар дей ме? Әкесі орнынан тұрып, басқа арнаға қосты. Айтпақшы, жаңағы диктор ағай да «біздің батырларымыз найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, білектің күшімен жерімізді қорғап қалған, ұлтарақтай болса да жерің қымбат, жер сатылмайды» деп жатты ғой. Жерді неге сатады? Сонда біз қайда барып тұрамыз? Кітап оқығысы келді, үйінде қазақша бір кітап жоқ. Әке-шешесі шетел өмірінің романдарын ғана оқиды. Музыка тыңдайын десе, қазақша ештеңе де жоқ. Көрші әйелдің үйіне барғанда, ол екі көзін тарс жұмып, күй тыңдап отырады. Жылайды, бұған жетер дүниеде әуен жоқ, қандай керемет дейді. Бұл түсінбейді. Жанына әлі жетпейді. Домбыраны көріп, шертейін-ақ дейді, қарап-қарап қойды. Көрші әйел жиі-жиі бауырсақ, жеті шелпек пісіреді. Ал мұның мамасының дайындайтыны бутерброд, саңырауқұлақ жейсің. Кеше сынып болып театрға барды. Бұлар түсінбейтін, қиын спектакль болды. Абылайхан деген хан болыпты. Қытай дей ме, орыс дей ме, қорған дей ме, түк ұқсам бұйырмасын. Сарыарқа деп жылады, Сарыарқа деген сөйтсем, қазақтың даласы екен ғой, жусан деген шөп екен, иісі жақсы, ем шөп дейді көрші апай. «Ем шөп дейді, сен ол шөпті көрген де жоқсың, көресің бе, қайдан білейін?» - деп күрсінді.

Екі күндей ұйықтай алмай жүрді. Спектакльдегі анау ата неге қазағым деп айғайлап, жерді құшақтап жылай береді? Неге Қытай дейді? Олар көп, біз сонда азбыз ба? Неге? Мен неге үйде жалғызбын?.. Содан кейін сол Абылайханды көшеден көрді. Қабағы түксиген, қою қара қасты, қара мұртты, еңгезердей аға, бойы тіп-тік, асқар таудай болып трамвайдың аялдамасында тұрды.

- Абылайханды қара! – деп қасындағы Мишкасы сыбыр ете қалды.

- Сен оны қайдан білесің? – деп бұл аң-таң қалып сұрады.

- Маған қазақ тарихы ұнайды, мен спектакльге бардым, мамаммен, ол – тарихшы, мына әртіс ағаның аты - Мұхтар Манап - деді Мишкасы.

- Ал Абылайхан қазақтың ұлы ханы болған, біздің қалада ескерткіш қоятын болса, ылғи барып тұрушы едік қой, - деді тағы Мишкасы.

- Ол ескерткіш біздің Кутузов көшесінде тұратын болса ғой! - деді бұл армандап. Мишка айтқан Абылайхан болғысы келді. Қабағын түйді. Бойын тік ұстады. Осы жер менікі деп айғайлап жіберді.

Үйге жақындай бергенде, көрші шал көрінді.

- Мен саған мынадай бір кітап тауып қойдым, оқы соны, сосын атыңды да жөндерсің? – деді қарқ-қарқ күліп.

- Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» - деді қарт енді күрт ашуланып. – Сенің әкең сияқты Сәбитжандар толып жатыр мұнда!

...Ол сезеді. Кітапты оқып шыққан соң бәрін түсінді. Менің ғана жалғыз мәңгүрттік елестен арылғаным не керек, мен сияқты өз болмысынан адасып, ажырап қалған кейбір мәңгүрт елестер енді қашан оянар деп жабығып жүрмін. Тілімді үйренемін, салт-дәстүрді білемін, өзгеге еліктемей тек өз болмысымды сақтап, қарапайым қазақ баласы болып өскім келеді дейді.

Мәңгүрт деп жазылып кітапта, аңызда ғана қалса екен, балаларымыздың болашағын өзіміз ғана ойласақ, мәңгүрттік елестен құтқарып аламыз, беті аулақ, мәңгүрт... беті аулақ дейік, Жанмирдей жаңа туғандай болып, өз болмысына үңілетін балалардың көбейгені – бұған жеткізбес.

...Ол сезеді. Түсінбей жүріп еді. Көзі, жүрегі, санасы оянғандай болды. Көрші апайы енді бұған бұрынғыдай мәңгүртпісің өзің демейтін шығар? Өйткені, ол қазір «Боранды бекет»!

 

Фарида БЫҚАЙ,

Павлодар қаласы.

 

 

СПОРТ орындары қолжетімді ме?

Елбасы биылғы Жолдауында спорт саласы бойынша атқарушы билік өкілдеріне «спорт нысандары қарапайым халық үшін қолжетімді болуы керек» деген тапсырма берді. Орынды-ақ. Себебі, соңғы жылдары елімізде көптеген спорт кешендері бой көтерді. Тіпті, ауылды елді мекендерде де салауатты өмір салтын ұстануға барлық мүмкіндік жасалуда. Алдағы уақытта да бірқатар заманауи спорт ғимараттары салынады деп жоспарлануда. Ал олардың игілігін ең алдымен қарапайым тұрғындар көруі тиіс.

Қысқы спорт түрін қарқынды дамыту – аймағымыздағы басым бағыттардың бірі. Бұл ретте, Павлодар қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі шаһарға қарасты мөлтек аудандар мен жергілікті елді мекендер тұрғындарының барлық топтары арасында нәтижелі жұмыс жасауда. Бөлім қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыруды басты міндет етіп қойып отыр.

- Бүгінде павлодарлықтар коньки корттары мен шаңғы базаларына барып, салауатты өмір салтын ұстануда. Соңғы жылдары жерлестеріміздің қысқы спортқа деген ықыласы ерекше. Бұған қаламызда бой көтерген спорт ғимараттары, жалпы, спорттың қысқы түрлеріне жасалған тиімді мүмкіндіктер оң ықпал етті деп ойлаймын. Азаматтар спорттың қалаған түрімен шұғылдана алады. Спорт секцияларының бағасы да қолжетімді,- дейді қалалық спорт бөлімінің бастығы Рахметолла Қасқырбаев.

«Спортсервис» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорнының директоры Болат Машраповтың мәліметінше, Павлодар қаласында коньки, шаңғы тебуге арналған 7 спорттық құрылым жұмыс істейді. Онда бос уақытын өткізушілердің санында есеп жоқ. Әсіресе, демалыс күндері келушілердің саны күрт артады.

- Қалада екі шаңғы базасы бар. Сондай-ақ, мөлтек аудандарда коньки корттары орналасқан. Орталықтағы коньки тебу алаңына келушілер өте көп. Мұнда 150 жұп конькиді бір мезетте пайдалануға болады. Мұз айдынын да күн сайын ретке келтіріп отырамыз. Тұрғындар мен қала қонақтары демалыстарын жақсы көңіл-күймен өткізуі үшін әсем әуен ойнап тұрады. Сенбі-жексенбі күндері 350-ден аса адам жиналады. Бастысы, бағасы да қолжетімді. Ересектер бір сағат сырғанау үшін 200 теңге төлейді. Балалар аталған бағаның жартысын ғана шығындайды. Сонымен қатар, Естай көшесінің бойында («Квазар» сауда үйіне қарама-қарсы), №22 орта мектептің ауласында, Саяжай, Восточный шағын аудандарында да шағын коньки корттары жұмыс істейді. Аталған аймақтарда орын тепкен спорт құрылымдарының жалға беретін конькиінің бағасы да тұрақты. Халықтың сүйікті демалыс орнына айналған «Зеленая роща» шаңғы базасы көп жылдан бері ел игілігі үшін қызмет етуде. Жыл санап шаңғы жолдарының сапасы артып, жаңа спорттық құрал-жабдықтармен қамтылуда. Мұнда 150 жұп шаңғы бар. Бағасы да қымбат емес, сағатына 350 теңге төлейсіз. Ерекше атап өтерлігі, мұндай шаңғы базасы елімізде біреу-ақ. Себебі, біздің базаның 2 шақырымы жарықтандырылған. Яғни, келушілер кешкі сағат 9-10-ға дейін қалағанынша шаңғы тебе алады. Мұнда 87 жарықшам орнатылған. Сондай-ақ, қысы-жазы дайындалуға толық мүмкіндік бар.

Шаңғы базасында облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Жазғы уақытта әлемдік спортта есімдері аталып жүрген отандастарымыз Елена Хрусталева, Алексей Полторанин секілді спортшылар оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Айтпақшы, даңқты спортшы Владимир Смирнов «Зеленая роща» шаңғы базасының жұмысына жоғары баға берді. Ол: «Мұндай жарықтандырылған шаңғы тебу орыны қысқы спорты жақсы дамыған Швецияда да жоқ» деді. Осындай спорттық құрылымдардың арқасында өңіріміздегі қысқы спорт алға басып келеді,- дейді Болат Масығұтұлы.

Қаладағы екінші шаңғы базасы Усолка мөлтек ауданында орналасқан. «Ертіс» деп аталатын шаңғы тебу орнында да қалалықтардың спортпен шұғылдануына ерекше жағдай жасалып отыр. Мұнда күніне 150-ден аса адам келіп, дене шынықтырады. Болат Масығұтұлының айтуынша, жазғы уақытта бұл жерде демалыс орны болады. Қазіргі таңда осы бағытта дайындық жұмыстары жасалып жатыр. «Ертіс өзенінің жағалауына орналасқан шаңғы базасы алдағы уақытта түрленіп, дамиды деген ниеттеміз. Шаңғы базасы барлық жағынан қолайлы жасақталған. Ондағы жолдар мен жол қиылыстарының өзі де жақсы таңдалып алынды», - дейді кәсіпорын директоры.

Алғашқы жаттығуларын «Зеленая роща» шаңғы базасында бастаған кейбір спортшылар жарқын жеңістерімен қуантуда. Мәселен, Дарья Усанова шаңғы тебуден әлемдік додаларда бақ сынап жүр. Республика чемпионы Антон Пантов, Гумар Руслан мен Максим Браун секілді өрендер ұлттық құраманың намысын қорғауда. Жемісті жұмыстың нәтижесі деген осы болар, сірә. Ең бастысы, мекеме басшыларының мәлімдеуінше, аталмыш спорт орындары қарапайым халыққа қалтқысыз қызмет етуге сақадай-сай.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Ардагерлер - асыл қазынамыз

15 ақпан – «Сарыарқа самалы» газетінің мерекесі. Басылымның тұңғыш номері 1929 жылдың 15 ақпанында жарық көргенін көкірегі ояу азаматтар біледі. Сексен үш жылдық тарихы бар, атадан балаға дейін оқитын етене газетте қазақтың маңдайына біткен талай алып тұлғалар қызмет істеген.

«Сарыарқа самалының» тұңғыш номері шыққан елеулі күнге орай редакция ұжымы алдыңғы толқынардагер журналистермен кездесу өткізді. Бір кездері қаламының қуатымен аймаққа танылған ағаларымыз кейінгі буынға өмірлік тәжірибесін, көкейдегі ойларын ақтарыла айтып, ақыл-кеңестерін беріп, айызды қандырды.

- Аяқ алыстарың жақсы. Қарт журналист ретінде айтып отырмын. Алған беттеріңнен таймаңдар, - деп бастады сөзді төрдегі ардагерлердің үлкені Әжібек Жүсіпов.

- Маған қазір газетте жұмыс істейтін жастардың бәрі ұнайды. Ешкімді бөліп-жармаймын. Мақалаларды үнемі зерделеп оқимын. Ұнаған дүниелер болса, бірден авторына келіп пікірімді айтып тұрамын. Әлі де болса, еркін жазып, ұшқыр ойларыңды танытыңдар. Ауылдың жағдайын, ұлттық мүдделерді ұмытпаңдар, - деп ойын ұштады Төлеубек Қоңыров.

Сөзі сабырлы Тұрсекең – Тұрсынбай Ибадуллиннің де айтқан ойы терең, кеңесі – көркем. Заман тынысымен келе жатқан басылымның жаңарғанына, алға талпынғанына қарап, бірге тақым қысып отырады. «Талай тарландар, дарабоздар қызмет еткен газет қой» дегенінің өзі алысқа бастайды.

Басылымның бұрынғы бас редакторы Мұхит Омаров «Сарыарқа самалы» газетінде жаңадан пайда болған, қайта жанданған арнайы беттер, айдарлар, жобалар жөнінде оң пікір айтып, ақ тілегін білдірді.

Зейнеткерлікке шыққанына аз-кем ғана уақыт өткен Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов ағаларымыз да жастарға үлгі-өнегесін, ұсыныстарын айтып, қанаттандырды. Айта кетерлігі, денсаулықтарына байланысты бас қосуға қатыса алмаған ақсақалдарымыз да хабарласып, ақ ниетке толы батасын бергені де іштей түлетті бізді.

Басылымның бас редакторы Асыл Әбішев айтқандай, ардагерлермен жүздесу өз мақсатына жетті. Ұрпақ сабақтастығын паш ететін мұндай шараны өткізу енді дәстүрге айналады.

 

Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

ЕМДЕУ ІСІНДЕ ІЛГЕРІЛЕУ БАР

Елде озық емдеу-диагностикалық кешендер, медицинаның

негізгі бағыттары, оның ішінде ең жаңа бағыттар бойынша

ондаған орталықтар құрылды, көліктік медицина дамытылуда.

 

ҚР Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауынан.

 

Кеше облыс әкімі Ерлан Арынның қатысуымен аймақтың денсаулық сақтау саласының өткен жылы атқарған жұмысын қорытындылап, осы жылдың еншісіне жүктелген жаңа міндеттерді талқылауға арналған алқалы жиын өтті. Оған облыстағы емдеу мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары шақырылды.

Алқалы жиында алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрлан Қасымов сөз алып, былтырғы жылы осы салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

- Өткен жылы тұрғындар денсаулығын жақсартуға бағытталған мемлекет- тік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға баса назар аударылды. Нәтижесінде, халық игілігі үшін көп жұмыстар қолға алынды. Қуантарлығы, соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, кепілдендірілген тегін медициналық көмек үшін 2011 жылы бюджеттен 22 млрд. 280 млн. теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінді, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 27 пайыз көп. Сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек үшін 4 млрд. 983 млн. теңге, ал жан басына шаққандағы тарифті қаржыландыруға 2,1 млрд. теңге қарастырылды.

Былтырғы жылы халық санының өскені байқалды. Облыс бойынша бала туу көрсеткіші ұлғайды. Алайда, Успенка және Шарбақты аудандарында өлім-жітім деңгейі облыстық көрсеткіштен де жоғары болды.

Жалпы, облыста қан айналымынан болатын аурулар көш басында келеді. Екінші орында жарақаттар мен улану жағдайлары, үшінші кезекте жаңа пайда болған қатерлі ісік аурулары тұр. Түрлі аурулардың салдарынан болатын өлім-жітіммен күрес шаралары толассыз жүргізілуде. Десе де, біздің аймақ нәресте өлімі бойынша республикада 6-шы орында. Сәби өлім-жітімінің ең жоғарғы көрсеткіші Лебяжі және Май аудандарында байқалып отыр, - деді басқарма басшысы Нұрлан Қаукенұлы. Сонымен қатар, ол Елбасының тапсырмасына орай, ана мен бала өлімінің алдын алу шараларына жіті мән беріліп жатқанын атап өтті. Бүгінде осы мақсатта облыстық перзентханада тиімді перинаталды технологиялар бойынша оқыту орталықтары ашылып, былтыр 381 маман біліктілігін арттырған. Екібастұз, Ақсу қалалары мен Қашыр ауданының ақ желеңділері үшін жылжымалы оқу шарасы ұйымдастырылған. Сондай-ақ, нәрестелердің туа біткен кемістіктерін анықтау мақсатында Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана жанындағы перинаталды диагностика орталығында 6 500 павлодарлық жүкті әйел тексеруден өткен. Бет-жақ сүйектері кем болып туылған сәбилер үшін облыстық балалар ауруханасының лор бөлімшесінде 10 орынды арнайы хирургия кабинеті ашылған. Онда өткен бір жылдың ішінде 119 бала ортодонтикалық көмек алған.

Аймақтағы емдеу мекемелерін медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Оған былтыр республикалық бюджеттен 898,5 млн. теңге, ал жергілікті бюджеттен 143,7 млн. теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, өңірдегі емдеу мекемелеріне ірі кәсіпорындар демеушілік көмек ретінде жалпы құны 311 млн. теңге тұратын 11 заманауи медициналық құрал-жабдықты сыйға тартқан.

Қазіргі таңда аймақта флюорографиялық және маммо-графиялық 6 жылжымалы кешен тұрғындарға қызмет көрсетуде. Оның көмегімен осыған дейін облысқа қарасты 123 елді мекеннің 14 мыңнан астам тұрғыны дәрігерлік тексеруден өтті.

Жедел медициналық жәрдем қызметін нығайту үшін облыс бюджетінен 59 санитарлы автокөлік сатып алынып, тиісті мекемелерге табыс етілді.

Өткен жылы 12 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республика бюджеті есебінен Павлодар қаласына қарасты Ленин кенті мен Кенжекөл ауылында, Баянауылда және Қашыр ауданының Песчан ауылында дәрігерлік амбулаториялар салынды. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жаңа корпусы іске қосылды.

Ауыл тұрғындарының дәрі-дәрмекке қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін 2010-2011 жылдары 182 дәріхана пункттері ашылып, жұмыс істеуде. Сонымен қатар, былтырғы жылы облыстың денсаулық сақтау мекемелеріне 172 жас маман жұмысқа алынған. Алайда, Баянауыл, Ақтоғай, Қашыр аудандарында әлі де кадрлардың жетіспеушілігі байқалады.

Н.Қасымов 2011 жылы облыстың денсаулық сақтау саласында осындай жұмыстар жүргізілгенін айтып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс міндеттердің көп екенін тілге тиек етті. Бұдан соң аймақтағы бірқатар емдеу мекемелерінің басшылары сөз алып, қол жеткен жетістіктер мен түйіні шешілмей келе жатқан мәселелер жөнінде сөз етті. Әсіресе, жаңадан онкологиялық диспансер салу, дәрі-дәрмек сатып алу шарасын дұрыс жолға қою, кадр тапшылығы сынды мәселелер өзекті екендігін көрсетті.

Жиын соңында қорытынды сөз алған облыс әкімі Ерлан Мұхтарұлы:

- Денсаулық сақтау саласында көп жұмыстар атқарылып келеді. Халық денсаулығын жақсарту үшін барлық қажетті жағдай жасалатын болады. Аймақтағы емдеу мекемелерін заманауи медици-налық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.

Елбасы биылғы Жолдауында онкологиялық ауруларға қарсы күресті күшейту керектігін баса айтты. Сондықтан, болашақта облыс орталығында жаңа онкологиялық диспансер ашуды қарастыратын боламыз. Сондай-ақ, осы жылдың жаз айында кардиохирургиялық орталық пайдалануға беріледі. Павлодар және Екібастұз қалаларында 500 орындық екі емхананың құрылысы басталады деп жоспарлануда. Ал кадр мәселесін шешу үшін аудан әкімдері жұмыс істеуі қажет. Медициналық жоғары оқу орындарын бітірген жастарды іздеп, жағдайларын жасасын, - деді. Сонымен қатар, аймақ басшысы денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды бұдан да әрі жандандыру үшін тиісті мамандарға тапсырма беріп, көп кешіктірмей тың идеялары мен жобаларын ұсынуды тапсырды.

 

Н.ШОДЫР.

 

САУАЛ – СІЗДЕН, ЖАУАП – БІЗДЕН

Құрметті оқырмандар! Редакциямызға Сіздерден күнделікті түсіп жататын хаттардың басым бөлігі белгілі бір мәселеге, көпшілікті толғандыратын сұрақтарға қатысты өріледі. Сіздердің тілек-ұсыныстарыңызды ескере отырып, газетімізде «Сауалсізден, жауап - бізден» атты сұрақ-жауап айдарын жандандырдық. Көкейде жүрген сауалдарыңызға жауап іздесеңіздер, осы айдарға жолдаңыздар. Толғандырған мәселеге қатысты әр саланың мамандары, сарапшылар жауап береді.

 

Құрбанжан ШЕНБИЕВА, Ақсу қаласының тұрғыны:

Мектеп жасындағы үш баланың ата-анасымын. Балаларымның барлығы сабақтарын жақсы оқиды. Дегенмен, ана ретінде балаларымның бос уақытында шығармашылықпен немесе спортпен айналысуларын қалаймын. Облыс орталығында тегін қызмет көрсететін балалар клубтары бар ма?

Павлодар қалалық балалардың бос уақытын қамту және шығармашылық орталығының директоры Наталья ПАВЛОВСКАЯ:

- Әрине, бар. Біздің орталыққа қарасты ақысыз қызмет ететін 7 балалар клубы жұмыс істейді. Олар: «Эмеральд» (Қамзин к-сі, 360/1), «Дос» (Катаев к-сі, 97), «Рақым» (Жаяу Мұса к-сі, 1), «Азат» (Дерибас к-сі, 12/2), «Сәлем» (Естай к-сі, 56/1), «Өркен» (Амангелді к-сі, 50) және «Сауран» (Қамзин к-сі, 4). Бұл мекемелерде спорт, тіл үйрену және шығармашылық бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. Толық ақпаратты 32-23-43 телефоны арқылы алуға болады.

 

Әмина АЙТОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

Жалғызбасты зейнеткермін. Балаларым басқа қалада тұрады. Денсаулығым сыр бере бастағандықтан, үй шаруасы бойынша көмекке мұқтажбын. Павлодар қаласында мен сияқты жалғызілікті азаматтарға әлеуметтік көмек көрсететін мекемелер бар екенін естідім. Арнайы көмек алу үшін қайда хабарласуым керек?

 

Павлодар қаласы тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы директорының орынбасары Ләйлә ЖҮНІСОВА:

- Тұрмыстық жағдайдағы көмек алу мүмкіндігіне ие болу үшін Кривенко көшесі, 25 үй, 205-206 кабинеттерге келуге немесе 32-30-80 анықтама телефонына хабарласуға болады. Әлеуметтік көмек алу үшін төмендегі құжаттарды жинастыру қажет: 1) Жазбаша өтініш; 2) Туу немесе жеке куәлігінің көшірмесі; 3) Азаматтарды тіркеу кітабы немесе мекенжай бойынша тұратын жерден анықтама; 4) Мүгедектігі туралы анықтама (қарт адамдардан талап етілмейді); 5) Медициналық кітапша; 6) Зейнеткерлік жастағы тұрғындар үшін зейнеткер куәлігінің көшірмесі. Айта кетерлігі, тиісті құжаттарды жинастыру барысында әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жүгіне аласыз.

Сауалдарыңызды 8 (7182) 61-80-37 телефон нөмірі арқылы қоюға немесе Этот e-mail адрес защищен от спам-ботов, для его просмотра у Вас должен быть включен Javascript электронды поштасына немесе Ленин көшесі 143 мекенжайында орналасқан редакциямызға жолдауға болады.

 

«ЕҢБЕК ЖОЛЫМДЫ АУЫЛДА БАСТАймын!»

болашақ ұстаздар мақтаныштарын осылай білдірді

Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын бастау алған «Дипломменауылғабағдарламасы жоғары оқу орындарын тәмамдап, белгілі бір мамандық иесі атанған жастар үшін оңтайлы мүмкіндіктер тудыруда. Осы уақыт аралығында қазақтың алтын бесігі болып табылатын ауылдарда еңбек жолын бастауға облысымыз бойынша 1759 жас аттанған. Олардың басым бөлігі - білім беру саласының қызметкерлері. Ауылдың болашағына бей-жай қарамайтын жас буын өкілдерінің легі биылғы жылы да толастамайды.

Бүгінгі таңда ауылдық жерлердің еңбек нарығында педагог мамандар жоғары сұранысқа ие екені белгілі. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының 487 түлегі өңірдің ауылдық елді мекендеріне аттанбақ. Оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге республикалық бюджеттен 64 миллион теңге бөлінген, ал жергілікті бюджет есебінен жұмсалатын қаржы көлемі 100-500 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрында өткен «Дипломменауылғаакциясы барысында белгілі болды.

Ауқымды шараға облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова қатысты. Ол Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді орындауға атсалысатын болашақ мамандардың таңдауын үлгі етіп, еңбек жолын ауылдан бастауды жөн көрген жастарға сәттілік тіледі.

- Елбасы «Ауылдың гүлденуіҚазақстанның гүлденуі» деп айтқандай, бүгінгі жастарымыздың ауылдық елді мекендерге барып, оның рухани өмірін дамытуға атсалысып жатқанын мақтан етеміз. Еліміздің осындай ұлтжанды қыз-жігіттеріне мемлекет те көмегін аямауда, - деді ол.

Ә.Ғалымованың айтуынша, алдағы уақытта жоғары оқу орындарының соңғы курс студенттері арасында «Дипломмен - ауылғабағдарламасын насихаттау мақсатында жаңа бастамалар қолға алынады. Аймағымыздың жоғары білім беру мекемелерінің басшылары мен аудан әкімдерінің дәстүрлі кездесулерімен қоса, тың жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, үстіміздегі жылғы қазан-қараша айларында ЖОО-ның түлектері қалаған елді мекендеріне барып, болашақ жұмыс орындарымен танысу мүмкіндігіне ие болады. Осы тұрғыда өңіріміздегі педагогикалық кадрларды даярлайтын ірі оқу орындарының біріПМПИ-де де ауқымды істер атқарылуда. Институттың қолға алуымен айтуынша, қазіргі уақытта облыстың 10 ауданында ресурстық орталықтар ашылған. Бұл орталық аясында құрылған педагогикалық сыныптарда ұстаз мамандығын таңдаған мектеп түлектеріне ақыл-кеңестер беріліп, ақпараттық қолдау көрсетіледі.

Арыстанбек Солтанхан мен Маржангүл Серікханқызыбір шаңырақтың иелері. Екеуі де - ПМПИ-дің биылғы түлектері. Алдағы уақытта жас отбасы Ақсу ауылдық аумағына қарасты Қалқаман ауылындағы орта мектебінде ұстаздық етпек. «Жұбайым екеуімізиісі қазақ аңқыған ауылда туып-өскен жандармыз. Сол себепті, ауылдан бастау алған қызметжарқын болашағымызға апарар даңғыл жол деп шештік», - дейді олар. Ал болашақ қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Гүлден Хабибуллинова болашағын ауылмен байланыстыруды Отан алдындағы борышы деп санайды.

 

Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

 

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ БЕЙЖАЙЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Әдебиетiмiздiң маңызды буындарының бiрi болып табылатын балалар поэзиясын зерттеу күрделі жұмыс. «Мен» деген ғалымдардың өздері бұл салаға аса бойлай бермейтіндігі белгілі. Ал ұлттық өнерге сусындап өсірген ата-ананың аялы алақанын сезіп, өзі де ана атану бақытына бөленген Зәкия Халяфетдинқызы Латыпова үшін аталмыш саланы тереңінен толғау аса қиынға түспесе керек. Олбалалық арманын өмірлік кәсібіне айналдыра білген жан. Еліміздегі қазақ балалар поэзиясының аударма мәселесін бүге-шүгесіне дейін зерттеген алғашқы филолог ғалым.

«Адамның адамшылығыжақсы ұстаздан» - деп ұлы Абай тегін айтпаса керек. Жас ұрпақтың бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адаммұғалім. Ұлттың болашағы ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесіұстаз қолында. Сол ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген жандардың біріПавлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Зәкия Латыпова.

Ғалым өзінің балалық шағын тебірене еске алады. «Әсіресе, анамның үй шаруасымен айналыса жүріп, жанға жағымды түрлі әндерді орындағандағы әуезді үні әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді», - дейді Зәкия Халяфетдинқызы. Кішкентай қыз анасының аузынан шыққан әрбір өлең жолдарын бірден жаттап алып жүрген. Ол кезде бұл әндердің авторы түгілі, атауын да білмеген екен. Тек есейе келе өзінің белгілі классик ақындар Ғабдолла Тоқай, Мұса Жәлелдің шығармаларымен сусындап өскенін біледі.

Кейін, өзі де ана атанған шағында З.Латыпова қазақ әдебиетіне деген құрмет, сүйіспеншілік сезімін балаларының да бойына сіңіре білді. Ал бүгінде кезекнемерелерінде.

- Ұл-қыздарымның үшеуі де қазақ балалар әдебиетін жақсы көретін. Олардың достары да ерекше қызығушылық танытып, балаларыммен қосылып өлеңдерді жаттап жүретін. Алайда белгілі қазақ ақындарының шығармашылығымен оларды мен таныстыратынмын. Өкінішке қарай, орыс тілінде білім алатындар үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, не мектеп бағдарламасында «қазақ балалар әдебиеті» тақырыбы жұрдай еді. Қазір де жағдайдың түзеле қойғандығы шамалы. Қазақ әдебиетіне деген сұраныс еселеп өсіп келеді. Бірақ, балалар поэзиясы тағы да тысқары қалып отыр, - дейді Зәкия Халяфетдинқызы.

Қазақ балалар поэзиясының ауқымы өте кең. Сол себепті З.Латыпова елімізге танымал бес ақын-жазушы - Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Қадыр Мырза Әлі, Фариза Оңғарсынова мен жерлесіміз Мүбәрак Жаманбалиновтың шығармашылықтарына тоқталған. Ғалым олардың қаламынан туындаған дүниелерді орыс тіліне аудару кезінде жіберілген қателерді салыстырмалы түрде саралап, сараптап шығарған.

- Балалар тақырыбында қалам тербеген қазақ ақындарының өлеңдерін орыс тіліне көркем аудару кезінде көптеген қателіктер кетіп жатады. Сол себепті оқушылар үшін ол туындыларды түсініп, ұғыну қиынға түседі. Кей жағдайларда орыс аудармашылары көпсөзділікке ұрынып, түпнұсқадағы өлеңнің ішкі мазмұнын, мәнін жоғалтып алады, - дейді З.Латыпова.

Бұл көркем аудармаға қатысты жалғыз мәселе емес. Зәкия Халяфетдинқызының айтуынша, ол әлі де толық зерттелмеген. Сондықтан ол бұл бағыттағы ізденушілік жұмыстарын әлі де жалғастырып келеді. Қазірдің өзінде бірнеше оқу құралы дайындалып, жарыққа шығуға әзірленуде. ИнЕУ доценті, балаларды сәби кезінен қазақ ақын-жазушыларының шығарма-шылығымен таныстыруды бастау керек деген сенімде.

З.Латыпова бүгінде болашақ журналистерге сабақ береді. Олардың шығармашылығын шыңдап, қаламдарына қанат бітіруде. Оның тәлімін көрген көптеген ұл-қыздар қазіргі кезде облыстық, республикалық ақпарат құралдарында абыроймен еңбек етуде.

Д.АЙТПАЙ.

 

БІЛІКТІ ҰСТАЗ – БІЛІМДІ ҰРПАҚ КЕПІЛІ

Өткен жылы аймағымыздың білім беру жүйесі республикада үздік деп танылды. Ендігі мақсатжеткен жетістікке тоқмейілсімей, табысымызды еселей түсу. Онымен қоса, болашаққа жүктелген міндеттер ауқымы зор. Аталмыш бағыттағы шаралар Елбасының биылғы Жолдауында айқындалған тапсырмалар негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Облыстық білім беру басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан облыс әкімі Ерлан Арын ұстаздар алдына осындай мақсат қойды.

Аймақ басшысы мәжілістің ресми бөлімі басталмас бұрын облысымыздың білім беру жүйесінің қалыптасуына, дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер Тәжібай Шаймерденовке қошемет көрсетті. Ерлан Мұхтарұлы ақсақалды 84 жасқа толуымен құттықтап, зор денсаулық тіледі, және сыйға компьютер тарту етті.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық білім беру саласын дамыту, оның сапасын арттыру жұмыстарына қатысты қолға алынуы тиіс бірқатар ауқымды міндеттерді жүктеген болатын. Оның ішінде педагогтардың біліктілігін, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты маңызды тапсырмалар бар.

Баяндама жасаған облыстық білім беру басқармасының бастығы Бақыт Бексейітова өткен жыл еліміз бен облысымыздың білім беру саласы үшін маңызды оқиғаларға толы болғанын атап көрсетті. Мысалы, білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Сол арқылы, саланың алдағы он жылдық даму бағдары