Бүгінгі күні аймағымызда жалпы тұрғындар санының үштен бір бөлігін, яғни отыз пайызын жастар қауымы құрайды. Еліміз бойынша да көрсеткіш дәл осындай. Алайда өңірімізде жас азаматтардың құқығын қорғап, мүдделерін ескеру, оларға жан-жақты жағдай жасау бағыты, яғни, жастар саясаты әлі ширатуды қажет етеді. Мұны аға буын да, жастардың өздері де мойындап отыр. Бұл мәселе облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясы мен «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының бірлескен дөңгелек үстел шарасы барысында кеңінен талқыланды. Нақтырақ айтсақ, елімізде 2004 жылы қабылданған ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының өңірде жүзеге асу барысы сөз болды. Оған жоғарыда аталған комиссияның, сондай-ақ партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, Тәртіптік кеңестің мүшесі Ерлан Арын төрағалық етті. Отырысқа қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, басқарма басшылары, жастар қауымы қатысты.
Қарастырылатын қаржы мардымсыз
Дөңгелек үстелде жастардың мәселелерімен шұғылданатын бірқатар жауапты орган өкілдері қолда бар жетістіктермен қатар, әлі де шешімін күткен түйіткілдерді бүгіп қалмады. Алдымен сөз алған облыс ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы Аян Әділбеков аймақ жастарының бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндап берді. Ол жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруда құрылып жатқан үкіметтік емес ұйымдардың, бірлестіктердің маңызы зор екенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда облыс аумағында жастар ісімен айналысатын 63 үкіметтік емес ұйым тіркеліпті. Оның 14-і - ауылдық елді мекендерде. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалдарының жанында 15 бірлестік жұмыс істейді. Мектеп қабырғаларында 220 бірлестік тіркелген көрінеді. Баяндамашының айтуынша, бірлестіктердің жартысына жуығы мемлекеттік тапсырыстар алады екен. Жастардың жұмыссыз-дығымен күресуде жастар еңбек биржасының рөлі де айрықша аталды. Биыл ауылға диплом алған мыңға жуық жас маман аттаныпты. Оларға көтерме сыйақы беріліп, тұрғын үймен қамту ісі шешілуде. Биыл қолға алынған несиелеу мүмкіндіктерін 51 маман пайдаланып, баспаналы болыпты. Әлі де өтініш білдіріп жатқандар көп екен. Дегенмен, А.Әділбеков бүгінде облыстың кейбір аудандарында жастар саясатын жүзеге асыруға бөлінетін қаржының аздық етіп отырғанын жасырмады. Бірқатар аудандар осы мақсатқа бір жылға небәрі 200 мың теңге қарастыратын көрінеді. Баяндамашы бөлінетін қаржы көлемін облыс бойынша біркелкі сомаға келтіруді ұсынды. Яғни, әрбір ауданнан кем дегенде 1 миллион теңге бөлу талап етілуі тиіс деген ой тастады. Мұны комиссия мүшелері де қолдады. Бұл мәселе Қашыр ауданында оңтайлы шешімін тауып жатқан сияқты. Е.Арынның айтуынша, аталмыш аудан өзгелерге қарағанда жастар саясатына қаржы қарастыруда сараңдық танытпайды екен. Сәйкесінше, жастардың тыныс-тіршілігі өзгеге үлгі боларлық. Оларға жасалып жатқан жағдай да көңілге қонымды. Осы жөнінде Қашыр ауданы әкімінің орынбасары Айгүл Марданова кеңінен тарқатып айтып берді. Бүгінде ауданға келген жас мамандарға жағдай жасау дұрыс жолға қойылыпты. Үш жыл ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан 33 жас маманға баспана берілген. Тоғыз жас маман несие алып, баспанаға ие болған. Алайда аудан өкілі бүгінгі күні несиенің көлемі аздық етіп отырғанын жеткізді. Мұндай кедергімен, әсіресе, аудан орталығынан тұрғын үй сатып алу кезінде кезігетінін мәлімдеді. Ал шалғай ауылдарда сатып алуға үй мүлдем жоқ көрінеді. Көтермеақылар үлестірумен қатар ауданды ақ желеңділермен қамту үшін Семей медициналық академиясында соңғы курста білім алып жатқан студенттердің оқу ақысын төлеу арқылы ауданға тарту тәжірибесі де қолға алыныпты. Спортқа да көңіл бөлініп жатқаны айтылды. Жаңа нысандар ашылып, қолданысқа берілуде. Осы айдың соңына қарай аудан орталығында жастардың тілегімен ойын-сауық нысанын ашу жоспарланып отыр. Мұндай игілікті шаралар Ақтоғай ауданында да жүзеге асуда. Аудан тұрғындарының 22 пайызы - жастар. Соған қарамастан, мұнда жастар саясатына бөлінетін қаржы мардымсыз, небәрі - 200 мың теңге. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Жақсыбек Алин алдағы уақытта олқылықты жоятындарын жеткізді. Мұнда соңғы жылдары жастардың белсенділігі артып, мемлекеттік тілді дамытуда атқарылып жатқан істер көп көрінеді. Жұмыспен қамту ісі де оңтайлана бастапты. Биыл ауданға 64 жас маман келген. Төмен пайызды несиемен 20 маман баспаналы болған. Комиссия төрағасы жастар саясатын қолдауға бағытталатын қаржыны көбейтуді сұрады.
Әлеуметтік жетімдікпен күресу қажет
Ал облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Гүлбарам Науразбаева өзі басқарып отырған органның атқарып жатқан жұмыстарына тоқтала келе, мұқтаж жеткіншектерге қол ұшын беруде 300-ден астам мекеме басшысы белсенділік танытқанын жеткізді. Ол келесі жылдың бюджетінде балалардың шығармашылығын қолдауға қарастырылған 1,5 млн. теңге мүлдем аз дегенді алға тартты. Жетімдер үйі қабырғасынан түлеп ұшатын жеткіншектердің жағдайына алаңдайтынын айтты. Бұл тұрғыда жүзеге асып жатқан бірқатар қолдаулар, мақсатты депозиттер ашу сынды шаралар әлі де жеткіліксіз дейді. Жастар саясаты заңында да бұл мәселе қарастырылмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ әлеуметтік жетімдік мәселесін ашына айтты. Яғни, тірі жетімдер қатарын көбейтпеуге бағытталған шаралар ширатылса деген пікірде. Демек, жастардың отбасылық жауапкершілігін арттырып, үлкен өмірге дайындауға қоғам болып кірісу керектігін сөз етті. Әйтпегенде, жетімдер үйлеріне тастанды балалар сыймай қалу қаупі бар. Департамент директоры жастар мәселесіне байланысты нақты ғылыми әлеуметтік зерттеулердің жоқтығын алға тартты. Бұл пікірмен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектер және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы Гүлнар Камалова келіспейтінін жеткізді. Ол бұл бағытта қолға алынған шаралар барын айтты. Жеткіншектер арасында белең алған суицид, яғни өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының да себеп-салдарлары жіті зерттелуі тиіс - деді Г.Науразбаева. Облыс мәдениет басқармасының бастығы Қанат Кәрімов өз саласында көбінде шығармашыл, белсенді жастармен жұмыс істейтіндіктен өзгелерде кездесетін қиындықтардың жоқтығын айтты. Павлодарлық жастар әртүрлі сайыстарда биік белестен көрініп, аймақ абыройын асқақтатып жүргенін мақтанышпен жеткізді. Алдағы уақытта жастармен бірлескен жобалар да жоқ емес. Енді студент өнерпаздарды шалғай ауылдарға концерт қоюға тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар келесі жылы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен бірлесіп, аймақтың жас ақындарының өлеңдер жинағын шығару көзделуде. Ол ақсулық кәсіпорынның жастарды қолдап, жас жұмысшыларына тұрғын үй сатып алуға пайызсыз несие беру бастамасын өзгелер де жалғастырып кетсе, талай жас азаматтың баспана мәселесі шешілер еді деген тілегін білдірді. Комиссия төрағасы мұндай ұсынысты құптай отырып, осы жерде «жас отбасы» жобасы кешікпей қолға алуды қажетсінетінін айтты. Орайлы кездесуді пайдалана отырып, Е.Арын мәдениет басқармасы бастығына біраз уақыт жоспарланып, кейінге шегеріліп келе жатқан Естай мен Қорланға арналған ескерткішті жеделдетуді сұрады. Бұл жастар арасында адал махаббат символына айналар еді. Ал университет мәңгілік студент ескерткішін тұрғызуды өз мойнына алатынын уәде етті.
Жастар саясаты 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтарды қамтитындықтан мектеп оқушылары да осы санатқа кіреді. Білім беру саласы бұл орайда жеткіншектердің әртүрлі топтарымен жұмыс істейді. Яғни, мұнда шығармашылығы да, дарыны да, қиыны да, аз қамтылғаны да бар. Демек, кешенді жұмысты қажет етеді. Облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Гүлжан Қадырбаеваның айтуынша, биыл жасөспірімдер арасында жалпы құқықбұзушылық өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмендепті. Есесіне, құқық-бұзушылық оқиғалары жалпы білім беру мектептерінде өскені байқалады. Орта мектептер кәсіби лицейлер мен колледждердің алдын орап кеткен көрінеді. Мамандар осыған алаңдаулы. Жазғы мезгілде жоғары сынып оқушылары мен кәсіби лицей, колледждер студенттерінің «Жасыл ел» бағдарламасына қатысу белсенділігі артыпты. Тіпті, ұсыныстан гөрі сұраныс әлдеқайда басым болып отыр. Ал білім беру басқармасы өкілдерінің айтуына қарағанда, ауылға баратын жас мамандарды тұрғын үймен қамту ісі әлі де оңтайландыруды қажет етеді. Себебі бүгінде көптеген жас мамандар ауылдық елді мекендерде жеке баспанасында емес біреудің қабырғасында тұруға мәжбүр. Биыл ауылдарға 509 мұғалім жолданса, оның 420-ы, яғни, 88 пайызы тиісті орынға жетіпті.
Бір реттік шаралардан арылайық!
Жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі ретінде жұмыссыздық жағдайы айтылды. Г.Камалова жас азаматтардың екі қолға бір күрек таба алмауының басты себебі - жұмыс берушілердің алдымен еңбек өтілін, тәжірибені талап етуі екен. Сонымен қатар жастардың кәсібилік деңгейінің төмендігін де мәлімдеді. Жастардың мамандық таңдауда қателеспеуі үшін сұранысы жоғары кәсіптерді барынша насихаттап, оның қызық тұстарын көрсетудің маңызы зор көрінеді. Ал «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Р.Рахымжанов қолданыстағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның шикі тұсы көптігін алға тартты. Яғни, мәселелер айтылғанымен, оны жүзеге асырудың нақты тетіктері көрсетілмепті. Сәйкесінше, жауапты азаматтар саясатты жүзеге асыру кезінде көптеген кедергілерге тап болуға мәжбүр. Павлодар қаласының жастар мәслихатының хатшысы Айса Қабдуллин замандастары әртүрлі үкіметтік емес ұйымдар құру барысында тәжірибенің жоқтығынан құжат толтырып, ұйымның жарғысын құрастыруда, салықтық есептер беруде қиындықтарға жолыға-тынын жеткізді. Ішкі саясат басқармасының өкілдері мұндай кедергілерді шешуге қол ұшын беруге әзір екендерін мәлімдеді.
Жауапты органдардың айтарларын тыңдаған комиссия төрағасы Е.Арын бірқатар шешімін күткен мәселелерді алға тартты. Ол алдымен жастар арасындағы ажырасу оқиғаларының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық танытты. Елімізде бүгінде әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Тіпті жыл толмай екі жаққа кетіп жатқандар да аз емес. Сондықтан халық қалаулысы осы мәселеге мән беріп, оның ушығып кетпеуіне тосқауыл болу қажеттігін тілге тиек етті. Келесі жылы тойланатын айтулы тарихи мереке Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтуге жастарды көбірек тартуды ұсынды. Ол бүгінде жастар саясатын жүзеге асыру бойынша кешенді, жүйелі жұмыстан гөрі бір реттік шаралар көбейіп кеткенін жасырмады. Жауапты органдарға атқарылатын шараларды жобалық деңгейге жеткізу керектігін құлаққағыс етті. Аймақта барлық жастардың 35 пайызын ауыл жастары құрайды. Демек, ауылдық жастардың мұң-мұқтажын ескеру де назардан тыс қалмағаны абзал. «Дипломмен - ауылға» жобасын одан әрі күшейту үшін жер-жерде қолда бар қолдаулардан өзге ынталандыру мүмкіндіктерін қарастыру керек деді. Спорттық шараларға жастарды тарту ісі де әлі ақсап жатқанын сөз етті. Сондықтан жастардың спорт қоғамын құру артықтық етпейтінін ұсынды. Дәл осы қоғам жыл бойы жүзеге асатын жастардың спорттық шараларының кестесін құрып, жұмыс істесе дейді. Жас ғалымдар кеңесін құруды да айтты. Облыстық универсиада, олимпиадаларды жаңғырту қажеттігі де сөз болды. Е.Арын соңғы жылы «Жасыл елге», студенттер құрылыс жасақтарына деген жастар белсенділігі төмендеп кеткенін мәлімдеді. Жастардың бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға мән берілсе деген пікірін де бүгіп қалмады. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының жатақхана мәселесін шешу үшін аймақ билігі ескі ғимараттарды беру немесе жаңадан салуға қолғабыс жасаса. Себебі бүгінде С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің өзі жатақханаға деген сұраныстың 60 пайызын қанағаттандыра алмай отыр. Тиісті заңға сәйкес ішімдік, шылым өнімдерін сататын сауда орындарының білім беру мекемелерінен кем дегенде 100 метр қашықтықта болу талабы кейбір жерлерде орындалмай отырғанын сынға алды. Осыны реттеу керектігін қала және аудан әкімдері орынбасарларына ескертті.
Тұрақты комиссия отырысының соңында барлық ұсыныс-тілектер ескеріліп, әрбір мекемеге жеке-жеке міндеттер жүктеген қарар қабылданды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

