Қыс, көктем, жаз мезгілдерінде ұйымдастырылатын жастар лагері арқылы әр түрлі ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер көшбасшылары мен мүшелері әріптестерімен тәжірибе алмасып келеді. Осындай игі дәстүр биыл да жалғасын тапты.
Таяуда «Черноярская жемчужина» демалыс үйінің жанынан жастар лагерінің кезекті маусымы ашылды. Әр маусымда белсенді жастардың қатысуымен өтетін лагерьдің тақырыбы сан түрлі болады екен. Ағымдағы жылдың жазғы маусымы спорт тақырыбына арналған. Қоғамда болып жатқан әрбір іс-шараға қатысып, белсене ат салысып жүрген «Шығармашылық жобалар орталығы», «Қазақстан Студенттер Альянсының» Павлодар облысындағы филиалы, «Жас кәсіпкерлер», «Жастар мәслихаты», «Әлеуметтік-қоғамдық волонтерлік орталық», «Жастар салауатты өмір салты үшін», «Жастарды еңбекпен қамту биржасы» сынды ұйымдар мен бірлестіктердің мүшелері (олардың қатарында жоғары сынып оқушылары, студенттер, жас мамандар бар) лагерьге қатысуға өтініштерін білдіріп, спорт саласында жетістіктерге жеткен жастар іріктеліп алынды. Конкурс нәтижесінде лагерьде болу мүмкіндігіне 50 қатысушы ие болды.
Павлодар облысының балалар және пионерлер одағы қоғамдық қоры Павлодар қаласының дене тәрбиесі мен спорт бөлімінің қолдауымен және Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімі өткізіп отырған лагерьдің мақсаты – жастарды спортқа тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, көшбасшылық қасиеттерді арттыру, ұйымдар мен бірлестіктер арасында ынтымақтастықты нығайту.
Лагерьдің салтанатты ашылу рәсімі кезінде «Павлодар облысының балалар және пионерлер одағы» қоғамдық қорының үйлестірушісі Әйгерім Баймолдина баршаға сәттілік тілеп, тәжірибе алмасу нәтижелі болсын деген ниетін білдірді. Қатысушыларды семинарларға, тренингтерге, конференцияларға, спорттық шараларға белсене атсалысуға шақырды.
Алғашқы жиын караванинг индустриясын түсіндіру және насихаттауға арналып өткізілген семинар-тренинг болды. Жетекші оларға караванинг жайлы жалпы мәлімет берді. Бұдан соң жастар екі топқа бөлініп, соңғы жаңалықтар қатарынан көрінетін аталмыш өндіріс түрінің артықшылықтары, қолайлы тұстары мен тиімсіз жақтарын өз пікірлерінше айқындап берді. Осы орайда ұйымдар мен бірлестіктер мүшелерінің тарапынан ұсыныстар да айтылды.
Содан соң «Дені сау ұлт» тақырыбында облыстық конференция ұйымдастырылды. Шара барысында дені сау жас ұрпақ тәрбиелеу үшін жасалатын қажетті жағдайлар жайлы сөз болды.
Әрбір ұйымның және бірлестіктің көшбасшылары, мүшелері өздерінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндама жасады. Қоғамның дертіне айналған нашақорлықпен, маскүнемдікпен күресу жолында жасалып жүрген істер туралы да ақпарат берді. Ұйым немесе бірлестік құрамының мүшелері, олардың жүзеге асырып және өздері белсене қатысып жүрген шаралары жайында айтты. Жеткен жетістіктерін де жасырып қалмады.
«Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға заманауи көзқарас» атты семинар кезінде денсаулыққа кері әсерлерін тигізетін факторлармен күрес жайлы сөз қозғалды. «Салауатты өмір салтын таңда» деп аталатын семинар-тренингте де адам денсаулығына қатысты біршама мәселелер айтылды.
Лагерьдегі атаулы шаралардың бірі – Г.Потаниннің туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел. Бұл жиында Потаниннің өмірі, жасаған еңбектері баян етілді.
Семинарлар, конференциялардың салауатты өмірге арналуына аталмыш лагерьдің спорт тақырыбында өтуі себеп болды. Ал спорттық ойындарда бақтарын сынаймын деген қатысушылар арқан тарту, веложорық, жеңіл атлетика, үстел теннисі, бильярд, дойбы, шахмат, квадрациклда жүру, мини-футбол, волейбол сынды ойындарда жеке және топтық құрамда бәсекеге түсті. Біреулері жеңіске жетіп, енді бірі ұтылып қалып жатты. Дегенмен, барлығы да спортқа қызығушылықтары жоғары екенін білдірді.
«Мұндай жиынның жастарға берері зор. Себебі, әріптестермен әртүрлі ресми жиналыстарда ғана кездесеміз. Осы сәттерде бір-бірімізбен еркін тілдесіп, ой бөлісуге мүмкіндік бола бермейді. Ал ресми емес түрде өтетін аталмыш іс—шарада тәжірибе алмасу кең ауқымда жүзеге асырылады»,-дейді «Әлеуметтік-қоғамдық волонтерлік орталықтың» волонтері, бірнеше рет жастар лагеріне қатысушы, ағымдағы жылы ұйымдастырылған лагерьдің жаттықтырушысы Жанар Омарова.
Сонымен қатар, лагерьге алғаш рет қатысушы, «Шығармашылық жобалар орталығының» мүшесі, «Дарын.kz» КВН командасының ойыншысы Серікболсын Қинаятов та осы пікірді қолдайды.
- Жалпы, ұйымдар, бірлестіктер әр адамның талантының, шығармашылығының дамуына, қоғамдық өмірге белсене қатысуына зор мүмкіндік жасайды. Шығармашылық жобалар орталығы аясында өткізілетін КВН ойындары - мұның бір дәлелі. Қазақ тілін дамытуда осындай шараның үлесі салмақты деп есептеймін. Ал, аталмыш лагерьге келудегі мақсатым – облысымыздың дамуына үлес қосып жүрген жастармен етене танысу, араласу, тәжірибемен алмасу. Көптеген семинарлар арқылы өз пікірімді білдіріп, достарымның ойын білу. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар жалғаса берсін деген тілегім бар, - деді ол.
Осылайша, жастар ұйымдары мен бірлестіктері мүшелерінің танысуға, пікір алмасуға, тәжірибелерімен бөлісуге мол мүмкіндік туды. Қатысушылардың лагерьді ұйымдастырушыларға айтар алғысы шексіз. Осындай жиыннан кейін жастар жұмысы одан әрі дамып, жаңа серпіліс береді деген сенімдеміз.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

