ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРҒА МӘҢГІЛІК МЕКЕН БОЛҒАН ЖЕР ҚАЙСЫ?

Жайсыз хабар жата ма? Бірден ел ішін кезіп, халықты бір дүрліктіріп тастады. Япыр-ау! Қанша жылдар бойы білмеппіз-ау! Қаржастың атақты Шорман биі он сан орта жүзге ұран болған ер Олжабайдың қасында жатыр екен. Баянауылдың тумасы Махсат Алпысбек деген ғалым мен Екібастұздағы жазушы Серік Жақсыбаев екеуі Шорман бидің тасын Олжабайдың басына қойып келіпті. Жоқ, олары жай сөз болар. Олжабай батыр XVIII ғасырдың соңғы ширегінде «Ақтабан шұбырынды кезінде», ал Шорман би болса XIX ғасырдың екінші ширегінде Кенесары ханның (патшалық Ресейге қарсылылғы кезінде) қайтыс болды емес пе? Екеуінің өмір сүрген кезі екі бөлек. Оның үстіне естуімізше, Олжабай батыр Ереймен тауының сыртындағы өз атымен аталатын ауылда, ал Шорман би Сілетідегі өз атымен аталатын өзеннің бойындағы жайлауда Қанжығалы Жаман бидің қасында жатуы керек. Осылай ел арасында бұл туралы қазір екі ұдай пікір қалыптасып отыр. Біреулері аяқ астынан тың жаңалық ашып, айды аспаннан бір-ақ шығарған ғалымдарды жақтап, екіншілері бұл туралы XIX-XX ғасырларда басқаша, бірақ нақты пікір білдіріп, соңдарына мол мұра қалдырып кеткен Мәшһүр –Жүсіп Көпеев пен академик Әлкей Марғұланды жақтап, әуре-сарсаңға түсуде. Жуырда жолымыз түсіп біз тарихи-этнографиялық экспедиция жұмысымен сол өңірде болып қайттық. Енді, осы мәселе туралы, ондағы көрген-білгеніміз жайлы өз ойымызды ортаға салмақпыз.

 

Ерейментау арқылы Олжабай ауылына бірден жол тартқамыз жоқ. Керісінше, Шідерті өзенін жағалап, Молодежныйға (Көктөбе) соғып, қасымызға сондағы жөн біледі деген Мұрат шежірешіні қосып алып, Шорманның Қаракөліне (Тельман) бір-ақ тарттық. Ондағы ішкі есебіміз Шорман бидің зиратын сол маңнан тауып қаламыз ба деген ойдан да болатын. Себебі бұрын Нияз көлі деп аталған жер тегіннен-тегін Шорманның Қаракөліне айналмаған ғой. Алдымен ауыл ортасындағы төбешікте жатқан Қаржастың киелі азаматы Жансары әулиенің басына дұға оқып, одан соң төменде ағып жатқан мұздай кәусар бұлағынан сусындадық. Көшеде кетіп бара жатқан бір-екі адамнан жөн сұрап едік, анадайда тұрған мектепті нұсқады. Директоры - Асқар есімді жігіт, тарихшы, сол білуі керек деді. Оған да бардық. Жақсы қарсы алды. Бірақ елдің өткен тарихын онша біле бермейді екен. Ауылда тұратын бір-екі ақсақалға телефон шалып еді, қырсыққанда, олар да үйлерінде болмай шықты. Бір білсе Баянбек біледі. Ауылдың арғы шетінде, тауып аласыздар деп жөн сілтеді. Ол да үйінде болмай шықты. Бірақ інісі Нұрлан жылқы басында жүр екен. Бір баланы шақыртып жібердік. Өйткені Қаракөл ауылдың іргесінде жатыр. Күн ыстықта мал судан асып қайда барар дейсіз. Екі иығына екі адам мінгендей алып тұлғалы қырықтар шамасындағы жігіт кірді үйге күркіреп. Нұрлан дейді өзін таныстырып.

Әңгіме шай үстінде өрбіді. Мән-жайымызды білген ол өзі білетін жайлардың барлығын ортаға салды. Кешегі Кенесары хан көтерілісінің батырлары Сейтен, Тайжандардың ұрпақтары екен. Үлкен ақсақалымыз Әбушаһман Бекенұлы Қарағандыда тұрады. Телефон арқылы хабарласайық, оған дейін сіздер ол кісінің мына кітабымен таныса тұрыңыздар деп алдымызға «Тоқсандағы толғау ұрпаққа» деген ғұмырнамалық шығармасын қойды. Көнекөз қарттың данагөй адам екендігін бірден біле қойдық. Кітап оқыған сайын тарихтың көне соқпағына тартып бара жатыр. Бір кезде Нұрлан Қарағандымен байланысып, телефон құлағын бізге ұсынды. Алтынбек екеуіміз жарыса сөйлеп, келген мақсатымызды түсіндіріп жатырмыз. Ол кісі бірден: «Шорман бидің зираты Сілеті өзенінің бойында өзінің атымен аталатын жайлауында жатыр. Мұнда жоқ», - деп кесіп айтты. Туып, өскен жеріміз ғой, әрбір ұңғыл-шұңғылын жақсы білеміз. Бұрын бұл жер Сейтен, Тайжандардың әкесі 15-20 мың жылқы біткен Азнабайдың жайлауы болған. Содан олар ұсталған соң, бұл жер Шорманның Мұсасының иелігіне көшкен. Тарихта бар. Ал Құлболды әулиенің, Олжабай батырдың, Жанақ әулиенің, Едіге би мен Шорман бидің жатқан жерлерін алдымен Мәшһүр Жүсіп, кейін Әлкей Марғұлан айтып кеткен. Сол - шындық. Олар сол айтылған жерлерде жатыр деп сөзін аяқтады. Өзіміздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды сезген біздер енді бұл ауылда көп аялдамай, Павловка, Күншалған елді мекендері арқылы Олжабай ауылына бір-ақ тарттық.

Алдымен Олжабай бабамыз жатқан қалың қорымға барып дұға оқыдық. Ішкі дүниеміз әлем-жәлем, өйткені, қорымның дәл кіреберіс қақпасынан отыз метрдей алдыңғы планға негізгі зиратты көлегейлеп биіктігі 3-4 метр, ені 1 метрден кем емес цементтен құйылып, құрастырылған құлпытасқа «Бұл қорымда Қаржас ұрпағы Шорман (Жұмабай) би (1788-1837) жерленген. Белгі қоюшы Нұрмаханның немересі София Кәмилақызы» деп қара бояумен жазылған белгі орнатылып қойыпты. Камазбен әкелініп (жай көлік көтере алмайды), кранмен қойылатын (адамдар қоя алмайды) тасты (цементті) кім, қашан, қандай мақсатпен мұнда әкеп қойып кеткенін сол кезде, біз барғанда үйінде ауырып жатқан ауыл әкімі, әкімдік аппараты, тіпті ауыл ақсақалдары да білмейтін болып шықты (барлықтарының сөздері таспаға түсірілген). Бар білетіндері Астана мен Екібастұздан бір ғылым докторы мен бір ғылым кандидаты келіп, ауылдағы кафеде 15 шақты адамға ас беріп, шапан кигізіп, тасты орнатып кетіпті. Біз барған күні ауылда рас-өтірігін кім білсін, сол шараға қатысқан 15 адамның біреуі де болмай шықты.

Ақыры ауыл әкімдігіне келіп, экспедиция жұмысымен жүргенімізді айтқан соң, обалы не керек, ондағылар қасымызға ауылдан бас көтеретін бір ақсақалды қасымызға ертіп берді. Іздеп жүргендерің Шорман бидің басы ма? Ол осы жерден 18 шақырым жерде өзінің атымен аталатын өзеннің жарқабағында жатыр. Бала кезімізде онда барып суға түсіп, балық аулайтынбыз. Ауыл ақсақалдары, әкелеріміз, аталарымыз Қанжығалының Жаман биі екеуі (Кәрібай болыстың әкесі) қатар жатыр деп отыратын. Барсаңыздар алып барайын деп жол бастады. Көлігіміз қатар ағып жатқан Сілеті мен Шайтан, Шорман өзендерінің биік жарқабағының етегіне тоқтады. Төбеге жаяу көтерілдік. Аумағы атшаптырым ескі қорым екен. Көп зираттар жер болып кеткен. Тек осы жерлерде бір кездері қалың мола болғандығын ішіміз сезеді. Бұл қорымның Сүйіндік руыныкі екендігін дәлелдейтін бір белгі кейінірек, 1930 жылы 5 қазанда 30 жасында қайтыс болған Сүйіндік руының ұрпағы Есмақай Смағұлұлының жатқандығы дәлелдейді. Тас зираттың басында цементтен құйылған құлпытасқа осындай жазулар жазылған. Екінші дәлел бұл туралы «Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары» деген әлі де болса сиясы кеуіп үлгермеген, Қарағандыдан биыл 300 тиражбен шыққан тарихи-геанологиялық зерттеуінде сөзі мен ісі қабыспайтын Махсат Алпысбесұлы: «Тоқсан жас жасаған Жаңбырбай қария: «Әлекең осы ауылымызда 1972 жылы келгенде «ескерусіз қалған бабалар бар» деген еді. «Құлболды баба Жолбасшыда жатыр. Едіге би Елтай колхозы жанында жатыр, ал Олжабай бұрын «Атам сөресі» аталған. Бұдан кейін орыстар келіп «Олжабай поселкесі», одан кейін «Благодатное» деп аталды. Одан кейін «Еркіншілік» аталды, одан кейін «Қазақстанның XX жылдығы» аталды. Жанақ әулие Ақмоланың арғы жағында. «Үлкен Сілеті мен кіші Сілеті» деп аталатын екі Сілетінің арасында Сарытөбе деген жер бар. Сол жерде 95-де дүние салған Жанақ әулие жатыр. Шорман Жаман бимен бірге. Жаман - Кәрібай болыстың әкесі. Ол уақыт жайлау уақыты еді. Жер таңдамайды. Халық көшіп жүреді. Жайлауда қайтыс болса, сонда қояды, қыстауда қайтыс болса, қыстауда қояды. Шорман сол жайлауда қырық тоғыз жасында қайтыс болыпты. Жаманмен бірге»,- деп жазғанмен іс жүзінде өзіне-өзі қарсы шығып, Шорман бидің құлпытасын Олжабай батырдың басына апарып қоюшылардың бірі болып отыр.

Ал бұл туралы біздің айтарымыз Олжабай батыр 1709 жылы туып, 1783 жылы қайтыс болса, Шорман би 1788 жылы туып, 1837 жылы қайтыс болған.

Яғни, Шорман би, Олжабай би қайтыс болғаннан соң 5 жылдан кейін туған. Сонда ол Олжабай батырдан 79 жас кіші болып шығады. Олжабай батыр жаугершілік заманда өмір сүрді. Жоңғар шапқыншылығы кезінде. Ал Шорман би болса, патша өкіметі тұсында. Бұдан шығатын қорытынды, біріншіден, Олжабай батыр мен Шорман бидің бір қорымда жатулары мүмкін емес. Екіншіден, Шорман би Баянауыл дуанының басшысы болып тұрған кезде, қыстаудан өз жайлауына көшіп бара жатқан кезде қайтыс болған. Әрі осы кезде Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісі басталып кеткен қиын кезең болып еді. Сондықтан өз жайлауында, соғыс кезінде көз жұмған биді Олжабай батырдың қасына әдейілеп апарып қоюдың ешбір реті жоқ. Үшіншіден, бұл кезде Айдаболдар мен Қаржастардың арасында ағайын-аралық келіспеушілік, жік те болатын. Жер мәселесі жөнінде. Сондықтан, Айдабол жақтары Шорман биді Олжабай батырдың қасына қойғызды немесе керісінше Қаржас жағы өз дуан басыларын Олжабай батырдың қасына апарып қойды деу - әбестік. Төртіншіден, Мұса мырза әкесіне ас беру мақсатымен жайлауға келгенде оны Кенесарының сарбаздары ұстап алып, қамауға алғандығы туралы тарихта жазылып қалған. Бесіншіден, бүкіл қазақ шежіресін, оның ішінде төртуыл шежіресін жазған Мәшһүр Жүсіп те Шорман биді Олжабай батырдың қасына қойған деп жазбайды. Керісінше, ол «Шоң би мен Боштайдың араз болуы» деген әңгімесінде: «Шоң би қаһарлы Жанаққа; «Сен Құлболдыға қастық қылғанды атам» деуші едің, мына Боштай маған қастық қылды, Боштабайды ат»,-депті. Сонда қаһарлы Жанақ: «Боштайдың оққағары бар екен. Бір баласын аттым»,-дегенде бала мұрттай ұшыпты. Шоң би өлген соң Боштайдың әкесі Тұрсынбай «Итемгенді дуанбасы сайлаймын» депті. Әкелі-балалы екеуі екі жаққа тартып, ақырында Боштайдың дегені болып, Шорман дуан басылыққа сайланыпты. Сонда Тұрсынбай қаһарлы Жанаққа келіп: «Сен Құлболдыға қастық қылғанды атам» деуші едің, сол рас болса, мына Боштай Құлболдыға қастық қылды. Шорманды дуанбасы сайлады, атқыш болсаң Шорман мен Боштайды атшы,-депті. Қаһарлы Жанақ: «Боштайжанның өзінің де өмірі қысқа, оның жаласы менен болмасын, Шорманды аттым»,-депті. Шорман Баянаулада сайланған екен, ел жайлауда Ерейменнің ар жағындағы ауылына барысымен қайтыс болыпты. Жасы қырық тоғызда екен», - деп жазады.

Осы арада тағы бір рет Олжабай батыр, Шорман би және Тайжан мен Сейтен Азнабаевтардың тарихына қысқаша тоқталып өткеніміз жөн болар. Өйткені, Олжабай батыр Толыбайұлы туралы «Баянауыл перзенттері» деген кітапта: «1709 ж. Түркістанда дүниеге келген -1783 ж. Ерейментау, Олжабай ауылында жерленген... Олжабай батырдың балалары бабасын қалайда Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне қоймақшы болған. Ол үшін Олжабай батырдың денесін былғарыға орап, тіктіріп, жаз шыға апарамыз деп, Ереймен тауының сыртындағы ағашқа биік өрелеп қояды. Ол жер «Олжабай сөресі» деп аталады. Бірақ әртүрлі жағдаймен Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне жеткізе алмаған. Олжабай батырдың қабыры Ереймен тауының сыртындағы бүгінгі күні «Олжабай ауылы» деп тарихи атауы қайтарылған ауылдың іргесінде»,- деп көрсетілсе, Шорман би жайында «Көне көк тау, байырғы Баянаула байтағының тарихы» атты жоғарыда аталған монографияда: «Елдің қария әңгімесінде «Шорманның азан шақырып қойған аты Жұмабай екен» деп айтылады. Шорманның өмірі қысқа болған. Ол небәрі 49 жасында дүние салған. Жерленген жері Сүйіндік-төртуыл елінің жаз жайлауында, қазіргі Ереймен тауының сырт жағында «Шорман» деп аталатын жерде. Олжабай сөресінің 30 шақырым шамасында, Шорман жерленген жерден 20 шақырым жер шамасында Шоңның әкесі Едіге бидің зираты бар», - деп жазылған.

Ал Нияздың Қаракөлінің Шорманның Қаракөлі атануы себебі, жоғарыда айтылғандай, кезінде басына 10-15 мың жылқы біткен Азынабайға, 19 ғасырдың І жартысында Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысып батыр атанған Азынабайдың балалары Сейтен мен Тайжанға байланысты. Тарихтан белгілі 1839 жылы Сейтен ұсталып, Сібірге каторгаға жіберілсе, Тайжан Ақмолада атылған. Ал олардың бала-шағалары Сібірге жер аударылған. Тек осыдан кейін ғана Азынабайдың жері Мұса мырзаның иелігіне көшіп, оның әкесінің құрметіне Шорманның Қаракөлі атанған.

Сөйтіп, қорытындылай келгенде Олжабай батыр да, Шорман би де - өз кезінде халық үшін қызмет етіп, атақ–абыройға ие болған даңқты адамдар. Олжабай батыр жоңғарларды туған жерден аластатып, «Оң сан Орта жүзге ұран болған ер Олжабай» атанса, Шорман би жасынан Шоң бидің тәрбиесінде болып, 14 жасында би атанып, 1833 жылы патша әкімшілігінен капитан атағын алып, сол жылы Батыс Сібір генерал-губернаторының бұйрығымен Баянауыл сыртқы округі аға сұлтанының (Шоңның) орынбасары болып, 1836 жылы Баянауыл сыртқы округының аға сұлтаны атанған адам.

Осы мәселеге қатысты тағы бір айтарымыз, осы жылдың қыркүйек айының соңында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Халықаралық дәрежедегі «Мәшһүр Жүсіп Көпеев оқулары» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған қонақ ретінде Астанадағы Л.Гумилев атындағы мемлекеттік универси-тетінен тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес те қатысты. Біз онымен жолығып, Олжабай батырдың басына қойылған Шорман бидің құлпытасы туралы пікірімізді айтқанда ол бірден: «Оған менің қатысым жоқ, тасты дайындап, апарып қойған Екібастұз қаласындағы Серік Жақсыбаев ақсақал. Мен тек қастарында болдым»,-деп қара басын ала қашты. Біздің: «Егер қастарында болсаң Шорман би ол жерде жатқан жоқ деп кітабыңда жазылғандай қып айтпадың ба?» - деген сауалымызға: «Олай деуге менің құқым жоқ қой» деді. Айтпақшы, Махсаттың: «Бұл жайды Ереймендегі Сайлау Байбосынов та біледі. Сонымен ақылдасқанбыз», - дегені бар еді. Жуырда онымен сөйлесудің де сәті түсті. Бірбеткей адуынды ақын жігіт қой. «Жоқ, аға! Олар менімен ақылдасқан емес. Бірде осындай бірдеңелерді айтып телефон шалғаны бар. Бірақ ондай шараға мен қатысқан жоқпын», - деп турасын айтты.

Жуырда экспедиция жұмысымен Баянауыл ауданын аралағанда осындай тағы бір келеңсіз жайт алдымыздан шықты. Баянауыл ұлттық паркінің Жамбақы қорығындағы Көрпебай жұртына (қорымға емес) белгісіз біреулер екі ескерткіш орнатып кетіпті. Онда «Айша бибі ана» деген мөрі бар қаңылтыр тақтайшаға былай деп жазылыпты: «Есболұлы Уәзірбай бақсы (1696.01.ІV.-1776.05.ІХ). Уәзірбайұлы Қайратбек батыр (1737.27.І.-1782. 29.ХІІ.): Олжабекұлы Екей батыр (1695.15.І.-1769.26.V.)». Бір қызығы, бұл оқиғадан да ешкім хабарсыз болып шықты.

Қымбатты оқырман! Осының барлығын тәтпіштеп жазып отырғанымыз, мұндай ата-бабалар рухын, олардың аруақтарын қалай болса солай жеке бастың құлқынына айналдыруға болмайды. Олар біздің тарихымыз, біздің бағдар шамымыз, мақтанышымыз болуы керек. Ғасырлар бойы халық атанып бүгінгідей тәуелсіздікке жетіп отырғанымыз да солардың арқасы. Ақша, атақ-мансапқа құмартып, аруақтар алдында күнәға батпайық. Болашақ ұрпақ алдында таза болайық!

 

Қырықбай АЛДАБЕРГЕН,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Алтынбек ҚҰРМАНТЕГІ, өлкетанушы,

Мұрат АХМЕТТЕГІ,

шежіреші.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30