Мұса мырзаның ұрпақтарының ішіндегі аса көркем зиялысы – Сәдуақас (Сәкен ағай). Бұл кісі ел қамын ойлап, халықтың жоқтаушысы болған, қазақ жастарын оқу- білімге тарту жолында нағыз жанашырлық көрсете білген саналы азамат, ақын.
“Қазіргі кезде қазақ балалары түрлі оқу орындарында оқи бастады,- дейді ол Г.Н.Потанинге жазған хатында,- Гимназияда он тоғызы оқиды, кадет корпусында – бесеуі, мұғалімдер семинариясында- төртеуі, техникалық училищеде екі шәкірт оқып жатыр. Омбы шаһарында барлығы отыз қазақ баласы оқиды, біреуі (Сырттанов деген) Петербург университетінде. Олармен кездесіп, мүмкіншілігініз болса шәкірттерді қолдап, ақыл- кеңесіңізді берсеңіз жақсы болар еді”.
Сәдуақас Мұсаұлы қазақ халқының мұң – мұқтажын айтып генерал- губернаторға , газеттерге хат жазған. Қазақтың азаматтарына араша түсіп , талайына қол ұшын берген. (Мәдиді түрмеден босатып алуы бұған бір мысал болады).
“Қаржаста бір құтым бар Мұса Шорман,
Ежелден келе жатқан ескі қордан.
Мұсаның бел баласы Сәдуақас,
Құтқарған сан қыранды түскен тордан”- деп Біржан сал жайдан- жай айтпаса керек.
Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов – жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ақындары тобына жататын елеулі тұлғалардың бірі. Парасатты, зиялы, ізгі қасиеттердің иесі Сәдуақасты жұртшылық қадір тұтып, есімін толық атамай, “Сәкен ағай” деп атаған.
Шыңғыс Уәлиханұлы (Шоқанның әкесі) Шорман бидің қызы Зейнепке үйленгені белгілі. Омбыда әскери мектеп бітіріп, қайын- жұрты- Шорман ауылына сап- сарыала киінген Ресей офицері Шыңғыс бір келгенде Шорман би тұнғыш баласы Мұсаны оған ертіп жіберіп, әскери мектепке оқуға беруді тапсырады. Сөйтіп Мұса Ресей атты әскерлеріне офицер дайындайтын мектепке оқуға түседі. Табиғатынан қажырлы және зейінді Мұса мектепті бітіріп, “хорунжий” деген атаққа қолы жетеді. Батыс- Сібір өлкесі жерлерінде орналасқан атты аскер полктарында офицерлік қызмет атқарып, 30 жасқа келген кезінде үйленеді.
Шорман би: “Омбыға барғанда тамақ ішетін, намаз оқитын жерім жоқ” – деп сол Мұса оқыған кадет корпусының тап қарсысынан, Ертістің сол жақ бетінен, 250 сомға жер сатып алып, сол жерге 1849 жылы, өзінің сенімді ағайыны Кемеңгер Атаңұлына (Қошке Кемеңгеровтың атасына) өзіне арнайы үй салдырады. Онымен бірге қызметшілері тұратын үйлер, малдарын қамайтын қора- қопсылар салынады. Сонымен бұл мекен ауылға айналып “Ауыздағы Қаржас” деп аталады. Осы ауылда Сәдуақас 1850 жылы дүниеге келеді.
Сәдуақас екі жасқа толғанда Ақкеліндегі ауылға әкелініп, он жасқа дейін болады. Ауыл балаларымен ойнап, молладан сабақ алады.
Мұса мырза баласы Сәкенді, онымен бірге өзінің шаруашылығын басқаратын Сәтбайдың баласы Имантайды Омбыдағы оқуға алдырады. Сәкенді гимназияға, Имантайды “начальное училищеге” оқуға береді. Зерек балалар оқуларын бітірген соң Сәдуақас Томск университетіне, Имантай Омбыдағы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Бірақ Сәдуақас сырқаттанып, Томскіден оралады, енді оқуға бармайды. Сәдуақас өзінен екі жас үлкен болса да, Шыңғыс Уәлихановтың сұлу қызы Нұридаға үйленеді.
1868 жылы шыққан патшаның “Жаңа низам” заңы (“Временное положение”) бойынша қазақ даласында дуандықтар жойылды. Полковник атағындағы Мұса отставкаға шығып, ауыл адамы болады. Ел қамы мәселелерімен шұғылданып, қазақ жұртының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері жөнінде Омбы баспаларында мақалаларын бастырады. Туған халқының тарихи, әдеби мұраларын жинастырады. Осы істе Сәдуақас әкесіне көп көмек жасайды. Мұса мырза 1884 жылы дүние салып, 1885 жылы оған ас беріледі.Сәкеннің тұнғыш баласы Мақсұт жастай қайтыс болады. Осыдан кейін көп ұзамай Нұриданың өзі де ауыр науқастан қайтыс болыпты.
Сәдуақастың жылқышысы, орманшы Жылкелдінің ақылына көркі сай Мәкен есімді қызы болыпты. Осы Мәкенге Сәдуақастың көңілі ауып, көңілдостықта жүргенде Зейнеп бәйбішесі біліп қояды. Сәдуақас сапар шегіп кеткенде Зейнеп Жылкелдіге мән-жайды айтып, мал–дүние беріп, өз жеріне (Бастауға) көшіріп жібереді. Көзінен таса болған ғашығы Мәкенге арнап Сәдуақас өлең шығарады. Оған Жарылғапберді Жұмабайұлы - әнші- композитор әуен табады. Сөйтіп Сәдуақас пен Жарылғапбердінің екеуінің шығармашылық бірлестігі “Ардақ” әнімен басталады.
Ей, Ардақ- сен ақ қоян секендеген,
Артыңда мен ақ тұйғын жетем деген.
Ойымда үш ұйықтасам, бар ма менің,
Айрылып сенен, сәулем, кетем деген.
Ей, Ардақ- сен ақ қоян шыңда жатқан,
Мен-мерген ғашық оғын саған атқан.
Атқан оқ нысанаға жетсе-дағы,
Сені әкең ауылымнан ала қашқан.
Өлендегі Ардақ- Сәдуақас жүрегіндегі Мәкеннің құпия есімі. Халық әндері қатарындағы “Інкәр”, “Баянуыл” әндері де Сәдуақас Шорманов пен Жарылғапберді Жұмабаевтардың бірлесіп шығарған әндері көрінеді.
Сәдуақас Шормановтың оқу- білім, азаматтық ар- намыс, ұлттық өнер, дәстүр тақырыптарына арнаған өлендері көп болуға тиісті.
Сәдуақас Шорманов әкесі Мұса мырзаның жинастырған әдеби мұраларын және қолындағы Абай өлендерінің басын қосып, өзі жазған қолжазба жинақты бастыруға С.Петербургтағы мұсылман баспасы иесі Ілияс Бораханскийге барады. Бұл жөнінде зерттеуші профессор Қайым Мұхамедханов: “1897 жылы қазан айында баспаға даярлаған қолжазба жинақтың көлемі 163 бет. Қолжазбада қазақ ақындарының 3280 жол өлеңі және 178 мақала бар. Жоғарыда айтылғанның ішінде Абайдың 17 өлеңі бар. Қолжазба жинақ 1884-1891 жылдары арасында жазылған. Бұл үлкен қолжазбаны Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов 1897 жылы Петербургке барған сапарында Петербург университетінің профессоры, қазақ тілі мен әдебиетінің зерттеушісі ғалым П.Мелиоранскийге тапсырған екен. Қазір ол қолжазба Ленинградтағы Салтыков- Щедрин атындағы кітапханада академик А.Н.Самойловтың архивінде сақталып жатыр”.
Торайғыр би Кенесары қозғалысына қатысуы себепті 1849 жылы ұсталып, Итжеккенге (Якутияға) каторгаға айдалады, содан оралмайды. Торайғыр бидің артында қалған жұрағатын Сәдуақас Шорманов туған жеріне , Баянауылға 1896 жылы алдырады. Кейін, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ізгі жүректі, ақ ниетті Сәдуақасқа қарап:
Шоң едік, Шорман едік,
Бір- бірімізге қорған едік.
Торайғырдың жапырақтары
Бұтағына келіп қонған еді...
Жауырыныңды көрсетпей,
Жүрегіңді көрсеттің, Аға!- деп өлеңмен алғысын білдірген екен.
1903 жылы Сәдуақас Шорманов ен алғашқы орыс-қазақ мектебін Ақкелін болысында ашты. Ал 1909 жылы Қазан баспасынан оның “Аңшы” атты шағын кітапшасы басылып шығыпты. Сәкен ағай жасында саятшылықпен әуестенген кездері де болған, ит жүгіртіп, құс салуды қатты ұнатқан. Сондықтан кітапшасындағы өлеңдер негізінен аңшылық, қыран бүркіт, жүйрік тазы, алғыр қаршыға туралы болған.
Биыл туғанына 160 жыл толып отырған Сәдуақас Мұсаұлы Шормановтың шығармаларының әдебиетіміздің тарихында өз орны бар.
Айымгүл Жұмабаева,
Г.Н.Потанин атындағы облыстық
тарихи- өлкетану музейінің өлке тарихы бөлімінің маманы.

