ТАСТЫҢ ТІЛІН ТҮСІНГЕН ҚАЗАҚ немесе Қосым Пішенбаев деген кім?

«Қуана білмегенге құт қонбас, бағалай білмегенге бақ қонбас» деген. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріміздің бір ұшы жер қойнауынан алып жатқан қазба байлықтарымызға байланысты екені рас. Қойнын ашсаң, қазынасы ақтарылып жататын Атымтай Жомарт-Арқа даласының ана шеті мен мына шетіндегі кез келген кен ошағының тарихы тереңде жатыр. Байқасақ, қазақ жерінің қазынасы он тоғызыншы ғасырда-ақ игеріле бастаған. Бірақ сол байлық сырттан кен іздеп келгендердің қолына бірден түсе қалмағаны анық.


Оларға жөн сілтеп, жоба көрсететін жергілікті халық болған. Әрине, күн көрісі үшін. Сондықтан болар, бүгінгі кеніштердің арғы тарихын ауызға алсақ, міндетті түрде жергілікті қазақтардың аттары да бірге аталады. Мысалы, қой бағып жүріп Қарағанды көмірін тапқан Апақ Байжанов, Екібастұз бен Баянауыл аймағындағы кен көздерін ашқан Қосым Пішенбаев деген кісілер екен дегенді сонау мектеп қабырғасынан білеміз. Осылай делінгенімен, «әй, сауатсыз адам жер асты байлығын қайдан тапсын, кеңестік уақытта жергілікті халық өкпелемесін деп, әйтеуір бірер қазақтың да аттарын атай салған шығар» деп ойлайтындар да аз емес. Бұндай сөзді елдің өткен-кеткенінен хабары шамалы біреулер айтса мейлі дер едің, кейде қалам ұстап, баспасөз төңірегінде жүрген ағайындар осылай деп жатқанда еріксіз қынжыласың.
Ана бір жылы Байтұяқ Жанымбет деген адам Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің  бетінде жарық көрген «Ақиқат пен аңыз» атты мақаласында:  «Жуықта Павлодар облысындағы кеншілер мен энергетиктер қаласының тұрғындары Екібастұздың 50 жылдығын дүрілдетіп атап өтті. Олар осы кен көзін ашқан Қосым Пішен¬баев екен деген ақиқаттан гөрі аңызға жақын басқа бір деректі тілдеріне тиек етіп, айналаға жар салғанда қарадай қарның ашады екен.
   Алдымен айта кетейін, Кеңес үкіметі кезінде Екібастұз жөнінде жазылған қалың-қалың кітаптар болды. Олардың авторлары халқымызды тым жабайы етіп көрсету үшін қойшы Қосым деген кісі суырдың інінен тапқан қара тастың жанатынына таңғалып, әлгі жерді ұмытып қалмау үшін суықта үсіп өлген екі малдың бас сүйегінен белгі жасап кетіпті деп жазған. Ал оған тұз деген сөз қалай қосылған дейтін сауалға жауап іздегендерге: “Осы маңда тұзды көлдер бар ғой”, деп оңай сіл¬теме жасай салады.
Кезінде осы пайымдауға көңілім толмаған мен көзі ашық, көкірегі ояу шежіреші қарияларға жүгініп, көңілге қонымды мынадай бір дерек тауып, онымды өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында газет-журналдарға жариялап, дау айтушылар болса көрелік деп қарсы шыққаным бар. Өкінішке қарай, ондайлар табылған жоқ»,-деп жазғаны есімізде.
Автордың Қ.Пішенбаев жайлы ақпараттарға үңілмей, атүсті пікір білдіргені байқалып тұр. Мейлі дейсің ғой. Бірақ «Егемен» секілді таралымы мол басылымның бетіне шыққан соң ел оқиды, сосын түрлі-түрлі дүдәмал пікірлер туындайды. Және автор өз мақаласында айтқандай, Қосым көмірді суырдың інінен тауып алмаған және қойшы да болмаған (Бұл Апақ Байжановқа қатысты әңгіме).
Ел ішінде жасы үлкен адамдардан Қосым Пішенбаевқа қатысты сан түрлі әңгімелер естіп жүргесін, біз де осы тақырыпты бір қозғасақ деп жүретінбіз. Оның үстіне, жаңағыдай кереғар пікірлер айтылып жатады. Сонымен, Қосым деген кім екен?
Жалпы, Қосым аты ертеден аталып жүргенімен, оны сонау алпысыншы жылдары барынша зерделеп, тарихи дәлелдер келтіріп, қайтадан жаңғыртқан майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев ағамыз еді. Ол кісі өзінің 1979 жылы «Простор» журналының 11 санында жарияланған «Вслед за легендой» мақаласында Қосым  жөнінде жан-жақты әңгімелеп, көптеген деректер келтіреді. Павлодардың облыстық өлкетану мұражайынан фотосуретші Д.П.Багаевтың Қосым жайлы естелігін тауып оқиды. Естелікте Қосымның А.Деров атты көпестің кеңсесінде қызметте тұрғанын және оның міндеті даланы аралап, көмір, темір, мыс, тағы басқа кен көздерін тауып, кеңсеге хабарлау екені айтылады. Қалекең бұнымен шектеліп қалмай, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы осы өңірге қатысты Ресей құжаттарын ақтарып, «Геологические исследования и разведочные работы по линий Сибирской железной дороги» деген басылымнан аталмыш темір жолдың бас геологы А.Мейстердің «Экибастузское месторождение» атты мақаласын кездестіреді. Мұнда Мейстер: «..все таки, о наличий в этом месте каменноугольного бассейна заговорил Косум Пшенбаев» деп атап көрсетіпті. Сондай- ақ, осы Мейстердің  1900 жылы жасаған Екібастұз кен орындарының сызбасын тауып, онда «Қосым кеніші», «Қосым шахтасы», «Қосым линиясы» деген  атаулар бар екенін анықтайды. Қалекең бұнымен де тынбай, 1974 жылы Павел Сугоняка атты украин журналисімен танысып, ол жақтағы мұрағаттардан Екібастұз кеніштеріне қатысты құжаттарды қарастыра жүруді тапсырған екен. Себебі, жоғарыда аталған Деров көпес 1893 жылы Екібастұз көмірін игеру жөнінде киевтік миллионер көпес Бродскийге ұсыныс жасаған екен. Сөйтіп, Қалекеңнің өтінішін ұмытпаған Сугоняки 1976  жылы Екібастұз көмір кенішіне қатысты верхотурлық көпес Александр Бенардакидің хабарламасын жібереді. Оның орысша мәтіні төмендегідей: «Отправился в 12 дня июня же месяца по Баян-аульскому округу с партией из 5 человек киргиз местных и через день прибыл на место называемое Қарабидаик, где от соленого озера Еке-баз-туз примерно в 500 сажень на юг. Заложил шурф ширины и глубины 3 аршина, и встретил каменный уголь.
Партию составили местные киргизы: Хосум Пшенбаев, Салгара Баймиканов, Жантеле Мамбетов, Койшикара Наурузов, и Ногайбай Оразов».
Мұндағы Қарабидайық деген жер қазір Екібастұз қаласының  дәл түбі, негізі Қосым аталарының жайлауы екен. Сонымен, бұған дейін айтылып жүргендей, Екібастұз атауы ел ішінде көп тараған аттың басындай екі тұзға байланысты аңызда  емес, Екібастұз деген осы жердегі көлдің атауынан шыққанын аңғаруға болады.
Сол кездегі кен орындары жайлы еңбектерде семейлік тау-кен инженері В.Концовский де: «Честь открытия этого месторождения принадлежит местному киргизу Косуму» депті.
Өзінің ғұмырында Қосым жалғыз Екібастұз емес, Майкүбі, Найзатас, Жамантұз, Жосалы, Қандықарасу, Көктас, Берікқара, Қалмақтас, Қарағайлы, Қызылеспе, Бесшоқы, Ақкөл, Шоман, Мойылдыбұлақ, т.б. кен орындарын табады. Академик Әлкей Марғұланның айтуынша, Орталық мемлекеттік мүрағатта көпес Деровтың кен орындары жайлы жүзге тарта хабарламасы бар екен. Осының барлығы - Қосым бастаған жергілікті қазақтардың тапқан кеніштері.
Қалекең Қосым тарихын зерттей жүріп, ол туралы повесть жазған Александр Черкашинге жолығады. Ол өз еңбегінде өнеркәсіпші көпес С.Поповтың Мойылды мыс кеніші туралы: «Месторождение сыскал местный житель, киргиз Косум Пшенбаев от рода 22 года, 1866 год, мая 2-го дня» деген дерегін келтіреді. Одан бөлек, 1983 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Қазыналы қойнаулар» атты (авторлары геолог-ғалымдар М.Нұралин, Қ.Жәмінов, Т.Едіресов) кітапта Қосым жайлы тағы да айтылады.
Осыларды оқып отырып,  тау-кен ісі жайлы ешқандай арнаулы білім алмаған жас жігіттің соншама кен көздерін табуы еріксіз таң қалдырмай қоймады. Табиғаттың өзі  ғана берген ерекше қасиет демеске амалың жоқ.
Осыдан кейін Қосым бабамыз жайлы білмек болып, ел ішіндегі өткеннен мағлұматы бар үлкендерге сұрау салдық. Бізді біраз жайдан хабардар еткен Баянауыл ауданының Күркелі ауылында тұратын Нығмет Жәмінұлы атты ақсақал еді. Кезінде партия кеңес қызметінде болып, үлкен шаруашылықтарды басқарған бұл қарияның өткен-кеткенінен түйгені  мол, көкірегі ояу адам.
- Қарағым, өзің білесің, құдай Құлболды балаларына не берсе де, атап береді ғой. Кешегі Жанақ әулие, Мәшһүр-Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов, Қадыр Тайшықов, қайсыбірін айта берейін, бәрі де өз заманының озып туған тұлғалары ғой. Мына Қосым да сол Құлболдының бір баласы Майлытоннан тарайды. Бұл кісіні де жаратушының ерекше назары түскен пендесі деп білемін. Әйтпесе, арнайы білім алмаған адамның қара жердің астында не жатқанын жазбай айыруы ерекше қасиет емей немене? Ал шындығында, Қосекең елдегі Нұрғали Таушабаев ашқан діни медресені ғана тауысқан кісі,-деп бастады Нығмет аға әңгімесін одан әрі жалғап.
Қосым кен тапқыштығынан басқа, аса шебер етікші және суда балықша жүзетін адам болыпты. Өзі палуан денелі, әжептәуір ірі кісі болса керек. Бір алақанының жалпақтығы біздің қос алақанымыздай еді деп отыратын көзін көргендер.
Баянауыл станицасының атаманы петерборлық ақсүйек Иосиф Зонов деген біреу екен.  Қазақтар оны «атаман Өске» деп атаған. Осы Өске мен Қосымның арасында бір келіспеушілік болады. Сол замандардан  жеткен әңгімеге сүйенсек, Өске оған алтыны бар жер тауып бер деп қолқа салған сияқты. Осы келіспеушіліктің аяғы Қосымға мал ұрлады деген жалған айып тағуға ұласып, атаман оны ұстауға солдат жібереді. Ол кезде Қосым Баянның көп жатағының бірі екен, келіп қалған әскерді көріп, Сабындының суына қояды да кетеді. Судың жағасын әрлі-берлі шарлаған әскер, Қосымның қайда кеткенін білмей, өлдіге санап кейін қайтыпты. Қосым сол кеткеннен көлдің екінші бетіндегі жартастың өзі ғана білетін су астындағы құпия тесігінен өтіп, жасырынып қалады. Сабынды көлдің «Кіші тас» жағындағы осы жартас әлі күнге дейін «Қосымның қызыл жартасы» деп аталады.
Дегенмен, араға біраз уақыт салып, Қосым Өскеге өзі барады. Жігіттің өнері мен қайратына тәнті болған атаман, оны содан кейін қудалауды қойыпты. Бір қызығы Қосымның тіккен етігін атаман сән-салтанат кезінде аяғынан тастамайтын деп Өскенің жұмыскері болған Рысбек атам айтып отырушы еді.
Осы Баянның Сарыөлең елінде Сүйіндік-Қаржастың Тоқсан атасынан тарайтын Кеңсары деген дәулетті адам болған. Ол кісінің қонысы әлі күнге дейін «Кеңсары» деп аталады. Сол жерден Қосым түйірлі алтынның қорын тауыпты. Бірақ Кеңсары жерінен айырылып қалам деп қауіптенсе керек, Қосымға еш адамға тісіңнен шығарма деп, ақысына тоғыз еркек қой береді. Бұл әңгімені Қосым менің әкеме өз аузынан айтып, сол жерді апарып көрсеткен екен. Бертін мен оныншыны бітіріп, бірер жыл елде әкеме мал бағысып жүрдім. Үлкен ағам Қалкен Жәмінұлы (геология ғылымдарының докторы) Алматыда, Сәтбаев институтында қызмет ететін. Әкем бір күні баяғы Қосым көрсеткен жердің екі-үш түйір ақ тасын Алматыдағы ағама салемдемемен салып жіберді. Арада көп уақыт өтпей, бір күні ауылдың қотанына тікұшақ келіп қонып, үш-төрт орыс адамы түсті, ішінде ағай бар. Шуласып қарсы алып жатырмыз. Басшылары сақал-мұртты еңгезердей орыс жігіті екен. Тамақ ішіп, әрі-бері жайланған соң, қонақтарды ауылдан 5-6 шақырым жердегі тас алған жерге ат-арбамен алып бардық. Жаңағылар әр жаққа тарап, тау-тасты кезді де кетті. Бір кезде сақалды орыстың «таптым-таптым!» деп қуана айқайлаған дауысы шықты. Жүгіре басып барсақ, қолында жақпар тастан суырып алған, бір шеті кертілген жалпақтау көкшіл тас бар. Сақалды орыс жолдастарына соны көрсетіп, бірдеңені ежіктеп түсіндіріп жатыр. Оның мәнісін артынан білдік, геология ғылымында «Қосымның белгісі» деген ерекше белгі бар екен, жаңағы сақалды соны тауып алыпты. Кейін жаңағы жерде 20-25 жылдай геологтар партиясы тұрды. Оларда біздің шаруамыз шамалы, не істеп не қойғанын бір құдай біледі. Бірақ артынан естігеніміз, сол кезде түйірлі алтын табылған жерге мәскеулік «дөкейлер» геологиялық партия деген сылтаумен жалған құжат жасап, экспедиция жібереді екен. Сосын олар дайын алтынды қаптап ала беретін сияқты.
Отызыншы жылдардың ашаршылығы басталғасын, Қосекең  өлсем сүйегім елде қалсын деп, жаяу-жалпылап осы өңірге жетеді. Балапан басына дегендей, халық беті ауған жағына босқындап, қоныс, қыстаулардың иесіз қалып  жатқан уақыты. Сол кезде жасы сексеннен асқан Қосым даланы кезіп жүріп, «Төлтай» деген жерде отырған біздің үйге келеді. Ол кезде қазақшылықтың үзілмеген уақыты. Қосымды ертеден білетін әкей өздері әрең деп отырса да, үйдің бір бұрышын беріп, қолда бар ырзығын бөліседі. Үйде үш бала, Қосекеңмен төртеу болады. Әкем мен шешем тұзақ құрып, қоян аулап, оларды қалай асырағандарын кейін жыр қылып үнемі айтып отыратын.
Бала жасынан табиғатпен сырласып, даланы кезіп, тастың тілін білген Қосым талай құпиясын әкеме де әңгімелеген екен. Бірде Қосекең әкейге:
- Ата баладан безіп, ана сәбиін далаға тастап жатқан мына сұрықсыз  заманда сен мені құдай үшін деп, үш балаңмен қосып асырап отырсың, қайырымы Алладан қайтсын! Бойымда күш-қуатым барда саған бір жерді көрсетейін, үрім-бұтағыңа жететін алтын бар,-депті.
Әкей тумысынан ондайдан қорқатын адам еді:
- Қосеке, рахмет, байлық кімге жолдас болған, байлардың қандай болғанын көріп отырмыз ғой, мен саған алтын үшін емес, кешегі құдайы көрші едік, мына балаларыма батасы тисін деп қайырым жасап отырмын,-деп, оның ұсынысынан бас тартады. Дегенмен, Қосым біржола жатып қалуға айналғанда әкеме: «Анау дөңнің астында бір тасты аударып, белгі қойып кеттім, кейіннен қажеті болса барып қарарсың» депті. Әкей бұл әңгімені үлкен ағам Хамитқа айтса керек. Одан кейін 30-40 жылға жуық уақыт өтті. Әкеміз айтқан жерді кейін Хамит ағам да ұмытса керек...
Сөйтіп, 1932 жылы жазға салым Қосым өмірден өтеді. Жалғыз үй әкем мен шешем ғана. Екеуі мүрдені ортасынан шымылдық құрып, бас жағын шешем, аяқ жағын әкем жуып, қолдан келгенше кебіндеп, екі аяқ арбаға салып, 3-4 шақырым жердегі «Мақаш» қыстауындағы үлкен қорымға  апарыпты. Ол жерде Қосымға аталас туыс Ыбырайдың Әбдірахманы деген кісі жалғыз үй отырса керек. Терең етіп қабірлеуге әл жоқ, екеуі иіндікке дейін қазып, бетіне есік жауып жерлепті,-деп аяқтады Нықаң ақсақал өзінің баянын.
Еліміз тәуелсіздік алып, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылған тұста тарихта есімдері елеусіз қалған осындай азаматтарды жарыққа шығарып, олардың еңбегін дәлелдеу қазіргі ұрпақ үшін маңызды міндет болмақ.
Сонымен, Қосым жайлы аз ғана әңгіме осындай. Айтқымыз келгені, Қосымның «кездейсоқ суырдың інінен көмір тауып алған» біреу емес, Жаратушы иеміз ерекше қасиет сыйлаған біртуар адам екенін оқырманға жеткізу еді. Білмегендер біле жүрсін дедік.


Сайлау БАЙБОСЫН,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі.


 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23
25 26 27 28 29 30