Бірде суық тиіп, тамағымнан ауырып қалдым. Мұны көрген аудандық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік автоинспекциясының бастығы Хабибулла Мағзұмұлы Садбеков: «Мұндай күйде жүргенің жарамас, үйіме кел, көмектесуге тырысайын», - деді. Шыны керек, алғашында «құқық қорғаушыдан қандай емші шығады» деген күдік ойыма келді. Менің бұл ойымды түсінген ол: «Не болса да кел», - деп қайта шақырды. Осылайша, мен алғаш рет Х.Садбековтың үйінің табалдырығын аттадым.
Бұған дейін ол кісімен кездеспеген едім. Сондықтан өзі туралы айтып беруді өтінгенімде: «Мен атақты адам емеспін, ешқандай ерлік жасағаным жоқ, барлығы сияқты өмір сүрудемін», - деп қысқа қайырды. Сол кезде мен байқамай: «Сонда өміріңіздің босқа өткені ме?» - деп сұрап қалдым. Бірақ ол еш ренжіместен: «Неге босқа..?» - деп жауап берді де, асықпай барып көрші бөлмеден бір чемодан алып келіп: - «Міне, қара. Ойлан. Мүмкін босқа өтпеген шығар. Ал мен әзірге шай демдеп жіберейін», - деп ас бөлмеге беттеді.
Айтса сенгісіз, әлгі чемоданның іші алғыс хаттар, мақтау қағаздары, түрлі дәрежедегі дипломдарға толы. Железинка аудандық партия комитетінің, аудандық, облыстық атқару комитетінің, ішкі істер бөлімі мен облыстық ішкі істер басқармасының, еліміздің Ішкі істер министрлігінің грамоталары және тағы басқа мақтау қағаздары. Онымен қоса, үш дәрежедегі «Мінсіз қызметі үшін» медальдары, «Милиция үздігі», «Қазақ КСР мемлекеттік автоинспекциясының үздік қызметкері», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» және басқа да төс белгілері бар.
Грамота, ордендердің арасынан Хабибулла Мағзұмұлының еңбек кітапшасын да тауып алдым. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында-ақ жұмыс істей бастаған. Тоғыз жасар бала сол кездегі 1 Май (Ақ қайың) колхозында бұзау бағыпты. Артынша қырманда еңбек етіпті. 1950 жылы ата-анасымен Екібастұзға көшіп барады. Ал 1953 жылы оны тың жерлерді игеру үшін туған жері Железинка ауданына жібереді. Сол жерден Кеңес әскері қатарына шақырылып, әскери борышын Свердлов облысындағы жекелей автомобиль батальонында атқарады. Одан кейін ауылына оралған жас жігіт аудандық тұтыну одағында жүргізуші болып қызмет істеді. Артынша аудандық мемлекеттік автоинспекциясына орналасап, онда зейнетке шыққанға дейін, 25 жыл еңбек еткен. Зейнеткерлікке 1986 жылы майор шенінде шықты.
Құқық қорғау саласында жұмыс істеп жүрген кезінде Х.Садбеков ауылдық және аудандық кеңестің депутаты болып сайланған. Алты бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп отырған жайы бар.
Әрине, мақтау қағаздары мен грамоталар, ордендер бекерден берілмейтіндігі белгілі. Бұл ретте мен Хабибулла Мағзұмұлынан өзінің қызметтік жолында жол жүру тәртібін бұзғаны үшін қанша адамның жүргізуші куәлігін алып қойып, темір тұлпарсыз қалдырғандығын сұрағым келді. Бірақ жоғарыда аталып өтілген орынсыз сұрағымнан кейін екінші мәрте тәуекелге бармауды шештім. Оның есесіне, бұл сұрақты тәжірибелі, қарт жүргізушілерге қойдым:
Г.Кашурный – Железинка аудандық автомобиль-көлік паркінің негізін қалаушылардың бірі: «Х.Садбеков жайында кімде-кімнің теріс пікір айтуға дәті бармас. Себебі ол тек қана жылы лебіздерге лайықты адам. Онымен мен 1961 жылы таныстым. Әлі есімде. Өткінші жаңбыр жауып тұрған еді. Жүк көлігімен аудан орталығына келе жатып, жол үстінде тұрған Хабибулланы кездестірдім. Оның автокөлігі сынып қалыпты. Мен мүмкіндігінше көмектестім. Содан кейін, шамамен бір жыл өткен соң ол жол полициясына қызметке тұрды. Жүргізушілерді ешқашан ренжітпейтін. Шыншыл, жеке бастың пайдасынан гөрі намыс пен ар-ұятты жоғары қоятын адам. Сол үшін біз оны қатты құрметтейміз».
Г.Жукевич – Захаровка ауылының тумасы: «Х.Садбековты кішкентай кезімнен білемін. Салмақты, адал жан. Жүргізушілерге ұрысып, жекіп жатқанын бір рет те естімеппін. Өзгелер сияқты «жүргізуші куәлігіңді алып қоямын» деп те қорқытпайтын. Қандай мәселе болсын түсіністікпен қарап, адамгершілікпен шешуге тырысатын».
И.Чехов: «Хабибулла Мағзұмұлын жастайымнан білемін. Қандай қызмет атқарып, қаншама марапаттарға ие болып жатса да ешқашан кеудесін көтеріп, өркөкіректік танытпайды. Қашанда тұрақты, сөзіне берік адам. Тағы бір жақсы қасиеті - жанының жайсаңдығында. Ол үнемі көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуға даяр тұрады. Қазір де зейнеткерлікке шыққанына қарамастан қолынан келгенше ешкімнен көмегін аямайды».
В.Винивитин: «Қазіргідей емес, ол кезде ауданда небәрі екі тәртіп сақшысы жұмыс істейтін. Соның бірі Х.Садбеков. Олар өз жұмысын сапалы, әрі тиянақты атқаратын. Әсіресе Хабибулла адамдармен жақсы тіл табыса білетін. Сондықтан халық та оларға сеніммен қарайды».
Міне, осыдан 40-50 жыл бұрын жүргізуші қызметін атқарып, өздерінің темір тұлпарларында күннің ыстығы мен суығына қарамастан еңбектеніп, маңдай терімен табыс тауып, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлердің Хабибулла Мағзұмұлы жайлы пікірлері осылай өрілді.
М.БАҚЖІГІТОВ.

