Б.Момышұлына арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімін атағанда көз алдымызға өр тұлғалы қазақтың қайсар ұлы елестейді. Халық жүрегінде мәңгілікке сақталған даңқты батырдың құрметіне елімізде көптеген игі шаралар ұйымдастырылып, келелі бастамалар көтерілуде. Облыс орталығында салтанатты тұсаукесер рәсімі өткен «Легендарный батыр» кітабы да қайсар тұлғаның құрметіне арналды.
Павлодар қаласындағы «Достық» концерттік залында өткен шараға Мәскеуде басылып шыққан «Легендарный батыр» кітабының құрастырушылары - ақын, халықаралық А.Фадеев және «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, Мәскеудегі халықаралық жазушылар қауымдастығының қазақ әдебиеті бойынша кеңесшісі Тұрсынай Оразбаева мен Шығыс Германия жерінде қаза тапқан Кеңес одағының жауынгерлеріне арналған «Память» коммерциялық емес ұйымының президенті Гүлзипа Смирнова, сондай-ақ, Ресей астанасындағы қазақ жастарының «Жас қанат» қоғамдық бірлестігінің көшбасшысы Екатерина Смирнова қатысты.
Кітапта Ұлы Отан соғысы жылдарында отты майданның ортасында жүрген батыр ұлдың ерліктері жайлы кеңінен баяндалған. Сондай-ақ, Сәбит Мұқанов, Әзілхан Нұршайықов, Әбділда Тәжібаев сынды қазақ әдебиетінің классиктері мен Бауыржанды көзі көрген белгілі адамдардың, қоғам қайраткерлерінің естеліктері енгізілді. Кітаптың алғы сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жазған. Туындының бастапқы тарауы Мемлекет басшысының Бауыржан Момышұлы туралы айтқан айшықты пікірлерімен басталады. «Даңқты батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында кітап жазуды жоспарлаған болатынбыз. Аллаға шүкір, кітап баспадан шығып, қолымызға тиді. Туынды қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Еңбекті жазуды бастамас бұрын Мәскеудегі мұрағаттардан Бауыржанға қатысты деректерді іздестірдік. Қайсар ұлға арналған туындыны жазу үшін жарты жылдай уақыт жұмсадық»,- дейді кітаптың құрастырушылары.
Салтанатты шарада Бауыржан Момышұлы кітаптарының көрмесі өтті. Мұнда жазушының «Біздің жанұя», «Артымызда Москва», «Қанмен жазылған кітап» және тағы да басқа жинақтары қойылды. Сондай-ақ, даңқты батыр туралы еңбек жазған ақын-жазушылардың туындылары да жұртшылық назарына ұсынылды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. «Легендарный батыр» кітабының тұсаукесер рәсімі Павлодар ауданы Новоямышево ауылында жалғасты.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

