Көктем келсе, жер-дүние жаңара түседі. Биыл да қар кетіп, жер кепкен соң облыста тазалық шарасы қолға алынды. 16 сәуір күні қалалар мен аудандарда өткен сенбілікке көпшілік белсенді түрде қатысты. Кәсіпорындар мен шаруашылықтардың жұмысшылары ғана емес, қарапайым тұрғындар да қолдарына күрек пен сыпырғыш ұстап, көшеге шықты. Қыстан қалған күл-қоқысты, үйінді-шіріндіні тазалады. Талдар отырғызып, ағаш түптерін әктеді. Көктемгі жаңаруды қалаған жұртшылық ортақ істен тыс қалмады. Тиісті мекеме өкілдері қажетті жүк көліктерімен және тиегіш техникалармен қамтамасыз етті.
Көппен бірге облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев та көріктендіру шарасына араласты. Ол алдымен Ленин атындағы саябаққа барды. Аймақ басшысы қайың мен терек талдарын отырғызды. Мұнда «Павлодар - біздің ортақ үйіміз» бірлестігінің басшысы Е.Азаров, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің басшылары мен өкілдері келген екен. Бақытжан Әбдірұлы олармен біраз әңгімелесті. Алғашқы ғарышкер Ю.Гагарин атындағы саябақтағы көріктендіру ісі де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Қай жерде де қолдарына тырнауыш пен күрек ұстап, қара жердің төсін тазартып жатқан тұрғындар қатары көп болды. Күзгі жапырақтар мен басқа да қалдықтарды жұртшылық бір жерге үйіп, кейіннен арнайы техникалардың көмегімен сыртқа шығарып отырды. Б.Сағынтаев «Затон» базарына таяу орналасқан П.Васильев атындағы скверге де аялдады. Бұл аумақта осыған дейін автокөлікке қызмет ететін станция мен автотұрақ болды. Қазірде жерді жалға беру мерзімі аяқталды. Енді бұл жерден қызмет көрсету орындарын алып тастап, есесіне осы маңатты көпшілік жан саялайтын, демалатын орын ретінде фонтандар мен гүлзарлар орнатып, заманға сай етіп көріктендіру ойы бар. Бұл жөнінде облыс әкімі журналистерге берген сұхбатында айтып өтті. Ал П.Васильев скверінде келешекте ақынның ескерткіші де пайда болады. Осылайша, қалалықтардың балалармен бірге серуендейтін демалыс орны көбейе түседі.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының берген мәліметінше, сенбілік барысында жалпы көлемі 7273 мың шаршы метр болатын тұрғын үй аумақтары тазаланды. Сонымен қатар, белсенділер 286 ескерткіш пен обелискі алаңдарын талапқа сай көріктендірді. Барлығы 1580 техника жұмылдырылып, олардың көмегімен 53 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сенбілік кезінде 22 мыңға жуық ағаш түптері егілді. Оның ішінде қайың, үйеңкі, терек, қарағаш, алма, тағы басқалары бар. Сенбілікке қатысушылар болашақ гүлзарлардың алаңдарын да әзірлеп қойды. Жұртшылық белсенділік танытып, тазалық шарасына барлығы 166 мыңнан астам адам қатысты.
Павлодар қаласының жұртшылығы сенбілік шарасында ерекше белсенділігімен көзге түсті. Кейбір кәсіпорын өкілдері тазалық шарасын бейсенбі және жұма күндері бастап кетті. Дегенмен, негізгі көріктендіру жұмыстары сенбі күні жалғасын тапты.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұжымы да шараға үлкен ұйымшылдықпен кірісті. Профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттерден құралған топ оқу орнының аумағын тазартты. Сондай-ақ, қаладағы Химқалашық шағын ауданындағы, Ломов көшесіндегі мұсылмандар зираттарының төңірегін қалыпқа келтірді. Жалпы саны 40-тан астам техника жұмылдырылған шара барысында 200-дей тонна қоқыс қала сыртына шығарылды.
Дәстүрлі сенбілікте жастармен бірге ауланы тазарту жұмыстарына қатысып, үлгі көрсетіп жүрген ПМУ-дің агротехникалық факультетінің профессоры Болатжан Мұстафаев: «Мұндай шара қоршаған ортаның келбеті мен қоғамдық тазалық үшін аса қажет. Жастардың патриоттық сезімі деген осындайда танылады»,-дейді. Университет аумағына 500-дей көшет отырғызған студенттер тазалау, көріктендіру жұмыстарында ерекше белсенділік көрсетті. ПМУ-дің бірінші курсында оқитын Д.Тұяқов: «Тазалық пен реттілік өз жерімізге деген қамқорлығымыз. Сондықтан, әсіресе, жастар көшені көріктендіру мен санитарлық тазалық жұмыстарына әрдайым белсене қатысуымыз керек», - деген пікірде.
Қоғамдық тазалықты қамтамасыз ету мақсатымен қолына кетпен-күрек, сыпырғыш алған қызметкерлер қалалық №1 аурухана аумағында да белсенді жұмыс істеді. Жалпы көлемі 5 гектарды қамтитын емхана аумағын 450 қызметкер тазалауға шықты. Шараға білек сыбана қатысқан аурухананың бас дәрігердің орынбасары Асхат Бекбосыновтың да көңілі ерекше. «Біз, дәрігерлер, тек қана адамдардың денсаулығына ғана алаңдамай, сонымен қатар, табиғат, қоршаған ортаның тазалығына да көңіл бөлеміз» - деп ағынан жарылды.
Көктемгі сенбілікке қалалық жылжымайтын мүлік орталығы қызметкерлері де ерекше атсалысты. Жиналған қоқысты қалалық тұрмыстық қалдықтар полигонына жеткізу үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жүк көліктері пайдаланылды. Жалпы, қаланы көріктендіру, санитарлық тазалық шаралары бойынша мекемелер мен ұйымдар, шағын және орта бизнес өкілдері, оқу орындары үлес қосты.
Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, сенбілікке тұрғын үй қорына қызмет көрсететін 217 ұйым, 102 ірі кәсіпорын және 1943 шағын бизнес субъектілері қатысты. Қоқыстан тазартуға 42 мың адам, 100 техника жұмылдырылып, 20 мың тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
«Холдинг Транс Павлодар» ЖШС, «ОКС-Павлодар» ЖШС, «Азия LTD Павлодар» ЖШС, ӨК «Дисконт» секілді мердігер фирмалар қала көшелерін механикалық құралмен сыпыру, жолдарды тазарту, тұрғын үйлер аумағы мен аялдамалар маңайын қоқыстан арылту жұмыстарын жүргізді. Қалалық коммуналдық шаруашылық кәсіпорны 24 сквер мен саябақтарды тазалады. Бюджеттік қаражатқа сатып алынған 4535 көшет пен 2487 бұта, 2048 түп ағаш оқу орындары мен ауруханалар аумағына егілді.
Мердігер «Автодорсигнал» ЖШС, «Дорстрой» ЖШС ұйымдарының көмегімен ондаған бағдаршам бағандары боялып, 400 шаршы метр жол жөндеуден өтті. Сонымен қоса, 17 трамвай және 24 автобус аялдамалары тазартылды. Жалпықалалық сенбілікте «Қазақтелеком» АҚ, «Трамвай басқармасы» АҚ және басқа да мекемелер мен ұйымдар, оқу орындары жұмыла атсалысты.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Жарқынбек АМАНТАЙ.

