Әлеумет

БАҚЫЛАУДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

 

Күнделікті тұтынылатын азық-түлік пен көкөніс түрлерінің тұтыну рыногындағы бағасын сараптау, алдағы күндерге болжау жасау туралы сейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетовтің төрағалығымен арнайы жұмыс тобының отырысы өтті.

Облыс әкімі Е.Арын Железин, Май, Павлодар, Успен және Шарбақты аудандарының әкімдеріне көкөніс түрлерінің бағасын арзандату үшін аудан кәсіпкерлері және «Павлодар» сервистік-дайындау орталығымен байланыс жасап, тиісті шара қолдануды тапсырған болатын. Жоғарыда аталған өңірлердің арасында Екібастұз қаласында, Железин, Баянауыл, Ертіс пен Қашыр аудандарында картоп, пияз бен сәбіздің бағасы біршама арзандағаны байқалады. Керісінше, Май ауданында картоп бағасы – 2,2 пайызға, сәбіз - 18 пайызға өссе, ал Успен ауданы бойынша көкөністің барлық түрлерінің бағасы 20 пайызға қымбаттаған.

Қазір қаланың сауда нүктелерінде қырыққабаттың биылғы жылғы жаңа өнімі келісі 120-150 теңгеден сатылуда. Оңтүстік Қазақстаннан көтерме саудада 75 теңгеден сатып алынған қырыққабат бағасы алдағы уақытта бөлшек саудада 80 теңгеге дейін арзандауы мүмкін.

- «Казагромаркетинг» АҚ өкілдігінің мәліметіне қарағанда, республика бойынша картоптың бөлшек саудадағы бағасы – 43 теңге, қырыққабат - 30 теңге, сәбіз - 42 теңге, қызылша – 39 теңге болса, бізде көкөніс бағасы одан біршама төмен, - дейді облыс ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Шарапиденов. – «МолкомПавлодар» ЖШС-і де алдағы уақытта өз өнімдерін, мәселен, майды келісін 700 теңгеден босататындығын мәлімдеді.

- Қазіргі уақытта қаланың әлеуметтік дүкендері, базарлар мен басқа да сауда нүктелерінде көкөніс бағасы қымбаттаған жоқ, - дейді облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіптік басқармасы бастығының орынбасары Г.Арғынова. – «Павлодар» сервистік-дайындау орталығынан картоптың келісі 20 теңгеден босатылуда. Әлеуметтік дүкендерде көкөніс түрлеріне 10 пайыздық үстемемен сатқанның өзінде картоп құны 22 теңгеден сатылуда. Сервистікдайындау орталығында қазір 500 тонна қырыққабат бар, басқа да көкөніс түрлері жеткілікті.

Біздің аймақта барлығы 2,75 гектар аумаққа қияр өсіретін 4 ірі жылыжай жұмыс істеп тұр. Олар: Екібастұздағы «Уванова», Қашыр ауданындағы «Мамадалиев» ЖК, «Максима» ШҚ, «Модуль ПВ» ЖШС-і. Өткен жылы бұл жылыжайларда 215 тонна қияр мен қызынақ өсірілді. «Уванова» ЖК Екібастұз жұртшылығын қиярмен қамтамасыз етуде. Сәуір айының аяғында сауда нүктелерінде Павлодар жылыжайларында өсірілген, ерте пісетін қияр түрлері түсе бастады. Павлодарлық жылыжайлардың қияры мен қызанақ бағасы 380-400 теңге тұрады.

Әзірге азық-түлік бағасы тұрақты, дегенмен де 1-ші сұрыпты «Тау нан» атты нанның бағасы 17 пайызға қымбаттады. «Павлодар нан-тоқаш комбинаты» бір бөлке нанның босатылым бағасын 40 теңгеден 47 теңгеге дейін көтерді. Аталмыш комбинаттың әкімшілігі бағаның өсу себебі ретінде коммуналдық төлем мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауын алға тартып отыр.

Бір атап өтерлігі, кейбір өндірушілердің сүт өнімдері бағасын арзандатуына байланысты баға тұрақтанды. Мәселен, «Асхат» шаруа қожалығы май, сүт, айран, ірімшікті көтерме саудада арзан бағамен босатуда.

- «Асхат» ШҚ-ның өнімдерінің сапасы жоғары, - дейді әлеуметтік сауда дүкендерінің иелері. – Сондықтан, бұл шаруашылықтан жеткізілген май, сүт, сүттен жасалатын өнімдердің қай-қайсысы болмасын өтімді. Әрі өнімдер дүкендерге дер кезінде жеткізіліп отырады.

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов аймағымызда күнделікті пайдаланылатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесін бақылауда ұстау, әлеуметтік дүкендердің жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен бірлесе жұмыс істеуін одан әрі жетілдіру, нан бағасын қымбаттатпау жөнінде қаладағы 12 шағын наубайханамен меморандумға қол қойылатындығын мәлімдеді.

Аудандар мен қаладағы әлеуметтік дүкендер, сауда нүктелері иелерінің өтініштері бойынша азық-түлік, көкөніс түрлерін тиісті бағамен босатып отырған мекемелер мен шаруашылықтардың телефон байланыстарын жариялаймыз:

33-41-64 - «Павлодар» сервистік-дайындау орталығы

70-00-11, 8 701 989 63 55 - «Асхат» ШҚ

39-00-52, 39-34-90 - «Модуль ПВ» жылыжайы.

Сая МОЛДАЙЫП.

 

ЖАҢАРУ - ЗАМАН ТАЛАБЫ

 

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің гуманитарлық-педагогикалық факультеті білім ошағындағы іргелі құрылымдардың бірі. 2004 жылы құрылған бөлім алғашында филология, журналистика және өнер факультеті болып аталды. Ал былтырдан бастап гуманитарлық-педагогикалық болып өзгертілді. Білікті һәм білімді маман тәрбиелеуде айрықша күш салып жатқан факультетті филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбай Тұрсынұлы Сарбалаев басқарады.

 

Бүгінгі таңда факультет құрамында 931 студент бар. Оның 585-і күндізгі бөлімде білім алса, 346-сы сырттай оқиды. 256 студент мемлекеттік грантқа ие. Әкім гранттары бойынша білім алып жатқан жастар да баршылық. Факультетте тоғыз кафедра жұмыс істейді. Барлық кафедралардың орта мектептерді филиалдары жұмыс істейді. Мұнда 14 мамандық бойынша мамандар даярланады.

- Факультет алғаш құрылған уақытта шамалы қиындықтар болды. Қазір оның барлығы артта қалып, төрт аяғымызды тең бастық десек де болады. Құрылымның атын өзгертудегі басты мақсатымыз «Филология, журналистика және өнер» факультеті аталған уақытта педагогикалық мамандықтар жарнама жағынан тасада қалып қойып жүрді. Бұл біздің ұжымның ынтасымен көтерілген мәселе еді. Жалпы, факультеттегі аудармашы, журналистика, педагогика, кітапханашы секілді мамандықтарға сұраныс көп. Профессор-оқытушылар құрамымен 8 монография, 18 оқулық жазылды. 24 мақала шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сондай-ақ, республикалық, халықаралық конференциялардың кітаптарында 300 ғылыми еңбек басылды. Мәскеудегі А.Пушкин атындағы мемлекеттік орыс тілі институтымен, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен, Германиядағы Гёте атындағы институтымен, Ф.Достаевский атындағы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетімен тығыз қарым-қатынастамыз. Әрдайым тәжірибе алмасу игі дәстүрге айналған, - дейді Жақсыбай Тұрсынұлы.

Студенттердің оқу үдерісін ғылыммен байланыстыру – факультеттің негізгі мақсат-міндеттерінің бірі. Факультетте «Мәшһүртану», «Сөз құдіреті», «Жас аудармашы», «Лингва» және тағы да басқа ғылыми орталықтар жұмыс істейді. Психология және педагогика кафедрасында «Жеңіс баспалдағы» атты қауымдастық бар. Студенттердің «Ақ жүрек» волонтерлік қозғалысы әрдайым белсенділігімен танылады.

Факультеттің ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де мол. 2010 жылы журналистика кафедрасының студенті Қуандық Танабас Новосібір қаласында өткен халықаралық байқауда «Алтын бұлғынға» ие болды. Студенттер республикалық олимпиадаларда да жарқын жеңістерімен қуантуда. Мәселен, Астана қаласындаға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен республикалық олимпиадада орыс филологиясының командасы бірінші орынды ұтып алды. Ал қазақ филологиясының студенттері Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен республикалық олимпиадада екінші орынды олжалады. Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде өткен республикалық додада шет тілі филологиясының студенттері үшінші орыннан көрінді.

- Төменгі курс студенттері толықтай жатақханамен қамтылады. Ерекше атап өтерлігі, біздің факультетті тәмамдаған түлектердің барлығы дерлік қызметке орналасады. Бұл үрдіс факультет құрылған уақыттан бастап жалғасып келеді. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің арнайы лицензиясын күтіп отырмыз. Егер министрлік құптаса, жұмысымызды бастаймыз. Бұл ретте, біздің факультеттің қарым-қабілеті жеткілікті, - деді өз сөзінде факультет деканы Жақсыбай Сарбалаев.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

 

 

 

 

 

ӨҢІРІМІЗДЕГІ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ОЙЫНЫ ӨЗ ТҰҒЫРЫНА ҚОНДЫ МА?

Атадан балаға мирас болып жеткен төл ойынымыз – тоғызқұмалақтың өңіріміздегі аяқ алысы қалай? Ұлттық ойынымыз өз деңгейінде ұлықталып жүр ме? Аталған сұрақтарды «Сарыарқа самалының» «Безбеніне» салып көрген едік.

 

 

Дастан ҚАПАЕВ,

тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы:

облыс құрамасы - үздіктер сапында

- Павлодар облысы - еліміздегі тәжірибелі, белді тоғызқұмалақшылардың ордасы. Республикалық, халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, ел мерейін өсіріп жүрген спортшылар да осы өңірден шыққан.

Серік Ақтаев, Диана Кенина секілді жерлестерімізді бүгінде барша жұрт таниды, олардың шеберлігіне бас иіп, мойындайды. Сондықтан, аймақтағы төл ойынның дамуы көңілден шығады. Бірнеше жыл қатарынан Павлодар облысы еліміздің үздік командасы болып танылды. Бұдан бөлек, біздің ойыншылар тоғызқұмалақтың компьютердегі нұсқасын ойлап тапты. Мұның өзі - үлкен жетістік. Ал осы компьютердегі тоғызқұмалақ ойынында қарсыластарын алғаш болып қапыда қалдырған да жергілікті тоғызқұмалақшылар еді. Өңіріміздің барлық аймағында арнайы секциялар жұмыс істейді. Төл ойынымызды меңгеруге ниет танытқандардың қатары да артып келеді. Республиканың өзге аймақтарымен салыстырғанда біздің өңірдегі тоғызқұмалақтың дамуы әлдеқайда жоғары. Тіпті, діні, тілі басқа өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақтың ұлттық ойынын меңгеріп, мықтылықтарын дәлелдеуде. Мәселен, жерлесіміз, неміс қызы Анастасия Фоос ел біріншіліктерінде жарқын жеңістерімен қуантып жүр. Бұдан басқа да өрендер өсіп келеді. Өзгелердің ұлттық ойынымызға бас иіп, меңгеріп жатқаны тоғызқұмалақтың тұғырға қонғандығын аңғартса керек. Соңғы уақытта тоғызқұмалақтан әлем біріншіліктері ұйымдастырыла бастады. Бұл спортшыларға жасалған тың мүмкіндік болмақ.

 

 

 

Амангелді АЙМАҒАМБЕТОВ,

спорт ардагері:

ауылдағы жағдай алаңдатады

- Тоғызқұмалақ тек Павлодар қаласында ғана жақсы дамыған. Ал аудандардағы жағдай мүлде бөлек. Сондықтан тұтастай аймақтағы ұлттық ойынымыз жетіліп, дамып, толды деп айтуға әлі ерте.

Облысымызға тек Павлодар қаласынің жетістігі арқылы баға берілмейтінін ескерген жөн. Мәселен, Баянауыл, Железин, Успен, Шарбақты аудандарындағы тоғызқұмалақтың дамуы көңілден шықпайды. Жалпы, өз басым тоғызқұмалақтың білгірі емеспін. Бірақ, спорт саласында жүргендіктен, ұлттық спортқа жанымыз ашығандықтан аймақтағы тоғызқұмалақтың аяқ алысын үнемі назарда ұстаймын. Павлодар қаласынан шыққан спортшылардың жетістіктерін көріп қуанамын. Ал аудандардағы ахуалға қарап қарным ашады. Болашақ чемпиондар ауылда құм кешіп жүргендіктен, ауылдық елді мекендердегі тоғызқұмалақты дамытып алғанымыз абзал. Білікті бапкерлерді қазақтың қара шаңырағы – ауылға жіберу қажет. Әйтпеген жағдайда, дүбірлі додаларға тек Павлодар қаласының өкілдерін қатыстырумен ғана шектелеміз. Тағы да қайталап айтамын, тоғызқұмалақтың дамуына баға беру үшін облысымыздың барлық аудан-қалаларындағы жағдайды есепке алу керек. Егер бұлай жасамасақ қатты қателескеніміз. Аймақтағы тоғызқұмалақтың өркендеуі турасында нақты баға береміз десек, ауылдағы жағдайға мойын бұрғанымыз ләзім. Ал кейбір елді мекендердегі төл ойынымыз әлі де тұралап тұр. Олай болса, өңіріміздегі тоғызқұмалақ ойыны дамудың шарықтау шыңына шықты деу шатасқандық.

 

«Безбенді» әзірлеген - Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

ӘКЕМТЕАТРДЫҢ ГАСТРОЛІ БАСТАЛДЫ

 

Қазақ драматургиясының ғана емес, қазақ телевидениесі мен радиосының, киносы мен дубляжы тарландарының өнерін тамашалауға ниет еткен Павлодар жұрты Ж.Аймауытов атындағы драма театрына ағылуда. Өйткені, Ертістің Павлодар өңірінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының (халық арасында «Әкемтеатр» деп те аталады) гастрольдік сапары басталды. Бұлоблыстың мәдени өміріндегі елеулі оқиға десек, артық айтпағандық болар.

Сәкен Сейфуллин: «Құлағы естімейтін немесе көзі көрмейтін адам театрға келсе, рухани ләззат алады. Бұлтеатрдың құдіреті» деп айтқан екен. Бүгінде еліміздегі театрлардың «ақсақалы» атанған өнер ордасы осынау сахна құдіреті мен кереметтілігін павлодар-лықтарға сыйлауда.

Ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы болып табылатын театрдың тізгінін ұстап, қанатын кеңге жаюы жолында заңғар тұлғаларымыз М.Әуезов, Ж.Шанин, С.Сәдуақасов, Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Қ.Бадыров аянбай еңбек етті. Солардың қатарында Павлодар топырағының тумаларыЖүсіпбек Аймауытов пен Шәкен Аймановтың болуы біз үшін үлкен мақтаныш екені сөзсіз. Қазіргі кезде театрға басшылық етіп жүрген Есмұхан Обаев Ертістің Павлодар өңірі оның жанына жақын, ыстық мекен екенін жасырмады.

- Керекуөнер мен әдебиеттің, ғылым мен білімнің жері. Бұл топырақ мен үшін аса қымбат. Өйткені, менің шығармашылық өмірім осы қасиетті мекеннің ұлы тұлғаларымен байланысты. Бұл өңірдің жері ғана емес, халқы, дәстүрі, мәдениеті, ғылымы бай. Сондықтан, Павлодар өңірін «Өнердің Өлкесі» деп атауға болады, - деп театр директоры, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев ағынан жарылды.

Қазақ өнерінің қара шаңырағы облысымызға осыдан алты жыл бұрын келгені павлодарлықтардың есінде болар. Сол кезде әртістер тобын күні кеше 75 жылдық мерейтойын атап өткен КСРО-ның халық әртісі Асанәлі Әшімов бастап келген болатын. Бүгінде театр әртістерінің ең үлкені 98 жастағы Қабиба Елебекова болса, ең кішісі - 21 жасар өнерпаздар екен. Павлодар жеріндегі гастрольдік сапардың ерекшелігі солкиелі сахнада өнер көрсететін әртістердің дені жастардан құралған. Театр репертуарындағы қазақ және шетел драматургиясының 48 үздік туындылары қатарындағы алты пьеса жергілікті театр сахнасында қойылады.

Гастроль шымылдығы М.Әуезовтің «Абай» спектаклімен ашылды. Есмұхан Несіпбайұлының айтуынша, бұл Абай бұрынғыдан өзгерек. Жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, қоғамдық сананың ілгерілеуіне қызмет еткен Абай болмысы танылады.

- Бүгінгі «Абай» - жастардың Абайы. Бұл - болмыс-бітімі, табиғаты өзгешелеу, махаббаттың жыршысы болған «Абай». Өйткені, пьесада Абайдың шығармашылығының композиторлық қырына көп көңіл бөлінген. Спектакльдегі ақын ролін театрымыздың жас әртістері Ерлан Біләлов пен Азамат Сатыбалды сомдайды, - дейді режиссер.

Киелі сахнада қойылатын спектакльдер қатарында, сонымен қатар, Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастаны», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Б.Жәкиевтің «Жүрейік, жүрек ауыртпай», М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» және Н.Гогольдің «Үйлену» туындылары бар.

Ақмарал ЕСІМХАН.

 

АРДАГЕРЛЕРГЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚАМҚОРЛЫҚ ТИІСТІ ДЕҢГЕЙДЕ МЕ?

Қабидолла ШӘКӘРІМОВ, Павлодар қаласындағы «Замандас» ардагерлер клубының директоры, еңбек ардагері:
- Қарияларға деген қамқорлық еш уақытта көптік  етпейді. Бүгінде оларға медициналық көмек ұсынылып, түрлі материалдық жәрдем көрсетілуде. Алайда, қолға алар жұмыстар әлі де баршылық. Қазір соғыс ардагерлерінің қатары сиреп қалды. Олардың ешқайсысын елеусіз қалдырмау қажет. Жеңіс күніне орай, Ұлы Отан соғысы кезінде концлагерь тұтқыны болған, бүгінде қаламызда тұратын ардагер Р.Әліковтің үйіне барып қайттық. Жасы жүзге жақындаған қарияның қазіргі халі мүшкіл. Жамбасына зақым келіп, төсек тартып жатыр. Күніне бір мәрте әлеуметтік жұмысшы келіп кетеді екен.
Менің ойымша, қазіргі кезде көптеген салаларда белсенділік танытып жүрген үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді бұл жұмыстарға тартуға болады. Ардагерлердің бар екенін тек мамыр айындағы мерекелерде еске түсіру – бұлжымайтын қағида емес қой.
Нэлли АЙТЖАНОВА, «Томирис» әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігінің директоры:
- Осыдан біраз уақыт бұрын көршілес Өзбекстанға сапар шегудің сәті түсті. Бұл елдің халқы белгілі бір тәртіппен өмір сүреді. Әр ауланың тұрғындары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасайды, барлығы бір отбасы секілді. Аулалар ортасында жер ошақтар қазылған, қариялардың тынығуы үшін арнайы тапшандар орналасқан. Егде жастағылар сол жерде тынығады, бір-бірімен әңгімелеседі. Ал соғыс ардагерлері мен қарияларға, жалғыз тұратын адамдарға сол ауланың адамдары, ересектер мен жастар қарайласып, күтеді. Ешкім жоғарыдан бұйрық күтпейді, себебі - қарияларға қамқорлық көрсету тұрмыстың бір бөлігіне айналған. Мұны шығыс менталитетінің ерекшелігі десек, біз де үлкенді қадір тұтып, әдептен озбаған елміз ғой. Ал біздің жұрт жоғарыдан - бұйрық, мемлекеттен - көмек күтуге әдеттенген. Менің айтпағым - материалдық көмектен тыс қарияларға қамқорлық жасауды өзіміз тұратын үйден, ауладан бастасақ. Әр шағын ауданда жасы үлкен тұрғындарды өз қарамағына алатын, үздіксіз қамқорлық көрсетіп отыратын бір қоғам ұйымдастырылса, сонда қарияларымыздың жағдайы бұдан да жақсара түсер еді.     
Гүлнәр КАМАЛОВА, Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары:
-    Мемлекет тарапынан қарттарға қатысты мәселелердің бәрі ескерілуде. Облысымызда ардагерлерді әлеуметтік қамту жүйелі түрде қолға алынған. Мәселен, үстіміздегі жылы Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай, облысымыздағы 498 соғыс ардагеріне 67 мың теңге көлемінде материалдық көмек берілді. Сондай-ақ, қалалар мен аудандардағы  10 мыңнан астам ардагер мен оларға теңестірілген тұлғаларға жалпы сомасы 30 миллион теңгеден астам бір реттік төлем берілді. Бұдан басқа, ардагерлерге жыл сайын тегін шипажайлық-курорттық емдеуден өту ұсынылады. Бүгінде Ұлы Отан соғысының барлық қатысушылары қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ай сайын 15 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Сонымен бірге, жергілікті бюджет есебінен тұрғын үй-коммуналдық төлемдер, дәрі-дәрмектер мен баспананы жөндеуге кеткен шығындар өтеліп тұрады.
Әділет ЕЛЕУІСОВ, «Самұрық» қоғамдық жастар бірлестігінің төрағасы:
- Ардагерлер мен қарияларға көрсетілетін қамқорлық мемлекет тарапынан қарастырылатын әлеуметтік төлемдер мен түрлі қоғамдық  институттар өткізетін шаралар арқылы көрініс табады. Бізде бұлар мерзімдік қалыпта ғана жүзеге асады. Жұртшылық қариялардың жағдайына әр жылдың қыркүйек айы аяқталар тұста, яғни қарттар күні қарсаңында ғана алаңдай бастайтыны рас. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін тек Жеңіс күні қарсаңында емес, жыл бойы ескеру қажет. Себебі, мерекелерден бөлек уақытта олардың барлығы қоғам өмірінен тыс қалады. Бюджеттен бөлінетін бір реттік төлемдердің көлемі  жеткіліксіз. Жергілікті билікке ең алдымен соғыс ардагерлерінің тұрмыстық жайын ойластыру керек.

Сауалнаманы жүргізген - Әсемгүл ҚАБДУАХИТ.
 

 

ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

Бүгінде ел тыныштығының арқасында ұрпақ қызығына бөленіп отырған отбасылар аз емес. Мәуелі бәйтеректей жайқалған ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз жас отау иелеріне ақ батасын беріп, босағаның берік болуына өз үлестерін қосуда.
Осындай үлгілі отбасының бірі - Қоңқаевтар әулеті. Отағасы Шәмел - көп жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен еңбек ардагері, тыл еңбеккері. Ал шаңырақтың шамын жаққан Мәркен Смағұлова - жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз.
Шәмел аға еңбек жолын 1958 жылы Ақтоғай ауданы қазіргі Әуелбек ауылында бастаған екен. Зоотехник маманы ретінде көпке танылған. Ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан ол кейінгі жылдары ауылдық кеңес төрағасы, мал өнімдерін даярлау орындарының жұмысына басшылық жасады. Ал Мәркен апай жергілікті мектепте мұғалім болып, еңбек етті. «Құрметті демалысқа екеуіміз бірге шықтық. 2000 жылдан бастап Ақсуда, кейін облыс орталығына көшіп келдік. Отасқанымызға 52 жылдың жүзі болды», - дейді олар.
Шәмел аға мен Мәркен апа дүниеге әкелген алты баласын адамгершілігі мол, иманжүзді азамат етіп тәрбиеледі. Қызын қияға, ұлын ұяға қондырды. Әрқайсысы еліне адал қызмет етуде. Олардың барлығы үбірлі-шүбірлі болып, тату-тәтті өмір сүруде. Қазіргі кезде қос қария 11 немеренің маңдайын иіскеп, қызығына тоймауда.
Өмірдің ыстық-суығына бірге төзген Шәмел аға тыл еңбеккері ретінде медаль иеленсе, Мәркен апамыз «Күміс алқаның» иегері. Бүгінде олар – берекелі отбасының көркі.
Өз тілшіміз.

 

 

ҚАДАМЫҢ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, «АҚСУ ЖОЛЫ»!

Бүгінде қазақ тілді ақпарат құралдарының саны артып келе жатқаны белгілі. Бұл мәселеге билік тарапынан көп көңіл бөлінуде. Жақында аймағымыздағы мемлекеттік тілде жарық көретін мерзімді басылымдардың қатары тағы біреуге толықты. Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның тапсырмасы бойынша Ақсу қаласында мемлекеттік тілде «Ақсу жолы» газеті жарық көре бастады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл бастама қала тұрғындары тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Жеке қазақ тілді басылымның жарық көруіне шаһар басшысы Болат Бақауовтың көп еңбек сіңіргенін атап өткен жөн. Ақсулықтар осынау «сүйінші» хабарды зор қуанышпен қарсы алып отыр.
Тарихқа сәл көз жүгіртсек. 1956 жылы қазақ және орыс тілінде ақпарат тарататын қалалық басылым пайда болды. Бірақ, өкінішке қарай, сол кездегі солақай саясаттың салдарынан алты-жеті жылдан соң газеттің қазақ тілді нұсқасы жабылып қалды. Тек 1991 жылы, еліміз Тәуелсіздігіне қол жеткізгенінің арқасында жергілікті «Новый путь» газетінің қазақша баламасы «Жаңа жол» деген атаумен тарады. Ал 1992 жылдың 7 қаңтары күні «Ақжол» атты қазақ тілді газет дүниеге келген болатын. Алайда, оның да тағдыры ұзаққа созылмады. Тура үш жыл өткеннен соң, қазақ және орыс тілді басылымдар қосылып, «Ақжол – Новый путь» деген атаумен шыға бастады. Енді, міне, Ақсу қаласында дербес қазақ тілді газет дүниеге келіп отыр.
«Ақсу жолы» оқырмандарымен аптасына екі мәрте, сәрсенбі және сенбі күндері қауышып отырмақ. Меншік иесі – «Ақсу қаласы әкімдігінің ақпараттық орталығы» ЖШС. Басылым бетінен жаңа айдарларды, ерекше жобаларды көре аласыздар. Газет бетінің саны да артты.

Сәбира САҒЫНАЙ,
Ақсу қалалық «Ақсу жолы» газетінің редакторы.
 

 

АПТА АПТЫҒЫ

 

Салығымыз форумдарға кетіп жатыр...
Астанада жыл сайын көптеген форум, түрлі жиындар өтіп жатады. Оған келетін қонақтар да аз болмайды. Аталмыш жиындарды ұйымдастыру үшін қыруар қаржы жұмсалуда. Ал оның өтемі бар ма? Қоғам арасында «Бұл басқосулардың елімізді жарнамалағаннан басқа қандай пайдасы бар? Босқа шығынданып жатқан жоқпыз ба?» деген заңды сауал туындауда. Бір қызығы, тиісті сала мамандары мұндай форумдардан Қазақстанның еселеп табыс түсіретінін айтып отыр. Мысалы, қазіргі кезде Астанада ағымдағы айдың соңында өтетін V экономикалық форумға дайындық қызу жүруде. Биыл оған қатысатын делегаттар саны өткен жылға қарағанда он есеге көп екен. Осыдан бес жыл бұрын аталған жиынға 45 елден 400-ден астам өкіл қатысқан болса, өткен жылы 80 елден 500 өкіл қатысты. Ал дәл қазіргі кезде шараға қатысу үшін 6800 делегат тіркелген. Әлемді аузына қаратуды көздеп отырған форумға биыл Нобель сыйлығының 11 лауреаты келмек. Шараны ұйымдастыруға ел қазынасынан 400 миллион теңге қаржы бөлінеді. Бұл -сіз бен біздің төлеп отырған салығымыздың бір бөлігі. Экономикалық зерттеулер институты өкілдерінің сөзіне сенсек, форумға жұмсалған қаржы артығымен өтеледі. Қазақстан бұл форумнан триллион доллар қаржы табуды көздеп отыр... Лайым, солай болғай.
 
Жарайсың, Сатаев!
Тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет отандық кинофильм алғашқы көрсетілімнен-ақ  1 миллион долларға жуық қаржы жинады (147 млн 600 мың теңге). Бұл рекорд үстіміздегі жылдың ең ірі жобасы - «Жаужүрек мың бала» фильміне тиесілі. Ендеше, сүйінші! Атап өтерлігі, фильмнің үлкен сұранысқа ие болуы режиссер Ақан Сатаев пен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірлесіп шығарған сүбелі туындының қазақ тіліндегі нұсқасының көбеюіне әсер етті. Себебі, оның мемлекеттік тілдегі нұсқасына сұраныс артып отырған көрінеді. Киностудияның баспасөз қызметі еліміздің барлық ірі қалалары мен аудандарында фильмнің көрсетілімінде ине шаншар жер болмағанын мәлімдеп отыр. Мұның өзі ұлттың рухын көтеретін киноның күн өткен сайын қажеттілігі артып бара жатқанын көрсетеді. Бұл - Қазақстан кинематографиясы тарихында бұрын-соңды болмаған қуанышты жағдай. 
 
Ертіске қауіп төнді
Еліміздегі ең ірі өзен - Ертіс экологиялық апаттың аз-ақ алдында тұр. Қазақстан тұтынатын ауызсудың үштен бірін беріп отырған өзеннің суы азайып, биыл көктемде жайылымға су жіберілген жоқ. Бұл өзен жағасынан шөп шауып, мал-жанын асырап отырған қарапайым халықтың мазасын қашырды. Сондай-ақ, дариядағы балық қоры да азайып бара жатыр, дейді экологтар. Мамандардың айтуынша, соңғы 30 жылда Бұқтырма су қоймасы мұндай аз мөлшерде су жібермеген. Суды шөміштеп босататын электр станциясының қожайындары Ертістің бойында отырған елдің талап-тілегін ескермеуде.  Үш мемлекеттің жерімен өтіп, мұзды мұхитқа құятын Ертістің суына өзен бастауында отырған Қытай үкіметі көз алартып отыр. Олар алдағы 10 жылда 1 миллиард текше метр суды өздеріне бұрып алмақ. Демек, нағыз экологиялық апат әлі алда.  
 
Ерлердің жайын кім ойлайды?
Гендерлік саясат ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін жүзеге асыруды көздейді. Алайда, кейбір мамандардың айтуынша, біздің елімізде бұл ұғым тек нәзік жандылардың «пайдасына» қолданылуда. Әйелдер қауымына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мысалы, ана мен бала денсаулығы ұғымы пайда болды. «Бірақ, ерлердің денсаулығы жайында ешкімнің сөз қозғамайтыны қызық», дейді медицина саласының ғалымдары. Ақ желеңділер ер-азаматтардың денсаулығына алаңдаулы. Жыл сайын елімізде 3 мың азамат еркектік безі ісігіне тап болады екен. Бұл көрсеткіш жыл сайын 5 пайызға ұлғайып отыр. Сол себепті, бұдан былай елуді еңсерген ер-азаматтар тегін тексеруден өткізіледі. Отандық мамандардың пайымдауынша, ер-азаматтарды тексеруден өткізіп, ерте кезден ісікпен кешенді күресу қажет. Әсіресе, 50 жасқа жетпеген ер адамдардың арасында аталмыш дертке шалдығушылардың күрт көбейгені ерекше алаңдатып отыр.
 
Францияға - Франсуа, Ресейге - Путин келді
Осы аптада әлемдік саясат сахнасында екі бірдей айтулы оқиға орын алды. Франция еліндегі Президент сайлауы мәресіне жетті. Үміткер Франсуа Олланд социалистердің қатарынан Франция президенті атанған екінші тұлға ретінде ел тарихына енді. Бұған дейін 1981-1995 жылдары аралығында социалистерден Франсуа Миттеран мемлекет басқарған болатын. Ал қарсыласынан небары екі пайызға қалып қойған Николя Саркози жеңілісін мойындап, Олландты ресми түрде құттықтады. 
Сондай-ақ, апта басында 59 жастағы Владимир Путин араға бір мерзім салып, үшінші мәрте Ресей Президенті ретінде ұлықтау рәсімін өткізді. Путиннің биылғы 4 наурызда өткен сайлауда 63,75 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткені белгілі. Кремльге қайта оралған ол, енді елдегі конституциялық өзгерістерге байланысты президенттік өкілеттілігін төрт  жыл емес, алты жыл, яғни 2018 жылға дейін атқаратын болады.
 
Данияр ЖҰМАДІЛ.
 
 

ҰСТАЗДЫҚ ЕТУ – ҰЛЫЛЫҚ!

 

altКеше Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, ғалым ұстаз Ғабдул-Уақап Сәдуақасұлы Қапеновті еске алуға арналған «IV Қапенов оқулары» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған облыс әкімі Ерлан Арын және ғалымның балалары, туыстары мен шәкірттері қатысты.
Алдымен конференцияға қатысушылар назарына ұлағатты ұстаздың өткен өмірінен сыр шертетін бейнекөрсетілім ұсынылды. 
Саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған Ғабдул-Уақап Сәдуақасұлы алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінде қарапайым мұғалім болып бастайды, кейін ПМПИ-дің аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, сырттай оқыту жөніндегі проректоры болып қызмет етеді. Осылайша, отандық білімнің  дамуына зор үлес қосқан ол көзі тірісінде  үш монография және отызға жуық ғылыми еңбек жазған екен. 
Ғалымның құрметіне арналған шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы Ерлан Арын:
- Ұстаздық ету – ұлылық! Осы жолда жарты ғасырға жуық аянбай еңбек еткен Ғабдул-Уақап Сәдуақасұлының алар орны ерекше. Ол оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар, тілalt үйрету, ағартушылық бағыттарында да елеулі еңбек етті. Ардақты азаматтың өз жұмысына деген адалдығы, жауапкершілігі – кейінгі буынға үлкен өнеге - деп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң ПМПИ-дің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Бекен Сағындықұлы, философия ғылымдарының докторы Зифа Темірғазина, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің доценті Жанарсын Қапенова және басқа да оқытушылар ғалымның еселі еңбектері мен білім беру саласындағы қазіргі көкейтесті мәселелер жөнінде баяндама жасады. 
Ұлы ұстаздың құрметіне арналған конференция барысында «Қазақ және орыс тілдерін оқытудағы көзқарас», «Мектеп және жоғары оқу орындарында тілдерді оқытудың теориялық аспектілері», «Қазақстанда көп тілді білім беруді ұйымдастыру мәселелері», «Мектептердің 12 жылдық оқуға ауысулары кезеңіндегі педагогика ғылымдарының міндеттері», «Физика-математика, биология және гуманитарлық бағыттағы пәндерді оқытудағы жаңа технологиялар мен әдістер» атты секциялар бойынша жұмыстар жүргізілді. 
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияға 130-дан астам еңбек ұсынылған екен. Олардың басым бөлігі мектеп мұғалімдерінен келіп түскен көрінеді. 
Ғабдул-Уақап Сәдуақасұлының баласы, ғалым ұстаз Серік Қапенов: «Қапенов оқуларына» қатысушылар қатары жылдан-жылға артуда. Сондықтан, бұл шара болашақта дәстүрге айналады деген сенімдемін», - дейді. 
 
    Нұржайна ШОДЫР.
 

«БАЛАПАН» БАҒДАРЛАМАСЫ

 

шаһар бүлдіршіндерін шаттыққа бөледі
 
Елбасының тапсырмасы бойынша жүйелі түрде жүзеге асып жатқан мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының шарапатына павлодарлық бүлдіршіндер де бөленуде. Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда 3-6 жас шамасындағы аймақ балаларының 90 пайыздан астамы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 5-6 жастағы балғындар 100 пайыз мектепалды оқумен қамтылған. Бұл – «Балапан» бағдарламасының игілігі дейді мамандар.
Атап өтерлігі, балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету жұмыстары Павлодар қаласында өз деңгейінде орындалуда. Қалалық мектепке дейінгі білім беру мекемесі секторының меңгерушісі Жанат Асайынованың айтуынша, үстіміздегі жылы облыс орталығында мектепке дейінгі 6 мекеменің тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. 
- Усолка мөлтек ауданында 320 балаға арналған жаңа балабақшаның құрылысы салынуда. Бұл ғимарат осы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, кезінде балабақша болған 4 ғимарат қалалық білім беру бөліміне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталмыш нысандарды қайта жөндеу жұмыстары қолға алынуда. Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінде де былтыр бір ғимарат сатып алынған болатын. Онда да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Осы 6 балабақшаның 3-уі мемлекеттік  тілде тәлім-тәрбие беретін, ал қалғандары аралас мекеме болады. Қуантарлығы, баласын мемлекеттік тілде тәрбиелейтін топқа бергісі келетін ата-аналар қатары жылдан-жылға артуда. Тағы бір жағымды жаңалық – жуырда «Нефтхимпром LTD» кәсіпорны қала бүлдіршіндеріне бір зәулім ғимаратты тарту етті. Аталған нысан қала меншігіне берілді. Енді жергілікті бюджеттің қаржысымен жөндеу жұмыстары басталады. Сондай-ақ, таяуда «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы салған көппәтерлі ғимараттың бірінші қабатында 50 орындық шағын орталық ашылған еді. Ол да қала балаларына сыйға беріледі деп күтілуде. Осылайша, «Балапан» бағдарламасының ойдағыдай іске асуына ірі кәсіпорындар да қолұштарын беріп отыр, - дейді Жанат Асайынова.
Елбасымыз күн тәртібінде жиі айтып жүрген мәселенің бірі - бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Бұл ретте шаһар балаларының мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуына жеке меншік балабақшалардың  да үлкен үлес қосып отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, бүгінгі таңда облыс орталығындағы 4 жеке меншік мектепке дейінгі мекеме,             атап айтар болсақ, «Лингва», «Самал», «Озирис» және «Smart Kid» балабақшасы мемлекеттік тапсырыс бойынша 213 бүлдіршінді қанатының астына алып отыр  екен. Алайда, кейбір ата-аналар балаларды жеке меншік балабақшаларға орналастырудың шарттарын әлі түсінбей   жүр дейді қалалық білім беру бөлімінің мамандары. Сонымен, жеке меншік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс негізінде тәрбиеленіп жатқан балалардың артықшылығы неде? 
- Біздің басты мақсатымыз – бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәлім-тәрбиемен қамтамасыз ету. Сондықтан, балабақша кезегінде тұрған балаларды мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке меншік мекемелерге орналастырудамыз. Қалалық білім беру бөлімінің жолдамасымен ондай балабақшаға барған баланың әрқайсысына мемлекет тарапынан ай сайын 14 мың теңге төленеді. Ал қалған қаражатты сол баланың ата-анасы көтереді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша тәрбиеленіп жатқан балалардың ата-аналары мекеменің қызмет көрсету мүмкіндігіне байланысты  өз қалталарынан ай сайын 10 000-20 000 теңге көлемінде ақша төлеуі тиіс. Айта кетерлігі, бала жеке меншік бақшаға ата-анасының ықтиярымен ғана қабылданады. Бірақ, ондай бүлдіршіндердің мемлекеттік балабақша кезегіндегі орны сақталады. Демек, сәбиіңіздің кезегі келме-гендіктен, оны өз қалауыңызбен жеке меншік балабақшаға бердіңіз делік, бірақ, кейін кезегі келген соң жеткіншек қайтадан мемлекеттік балабақшаға ауыстырылады. Осы жағдайды ата-аналар дұрыс түсінуі керек. Ал баласын мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке меншік бақшаларға бергісі келетін тұрғындар біздің мекемеге келіп, қосымша өтініш жазулары керек. Қазір 2009 жылы туған, яғни 3 жастағы балаларды балабақшамен  қамту жұмыстарын қолға алудамыз. Жаз айынан бастап 2010 жылғы сәбилерді кезекке қоямыз. Өкініштісі, бір ғана жеке меншік балабақшада қазақ тобы    бар. Ата-аналар тарапынан сұраныс көбейіп жатса, бұл мәселе біртіндеп шешіледі деген үміттемін, - дейді Жанат Қабатайқызы.
Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында бүгінде 2-6 жас аралығындағы шаһар балғын-дарының 77 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен толықтай қамтылған. Ал алдағы уақытта 6 балабақша ашылса, жыл соңына дейін балалардың 83 пайызы балабақшаға барады деп күтілуде. Сондай-ақ, көптен бері ел аузында даярлық топтарындағы тәрбиеленушілер мектептерге ауыстырылады деген әңгіме айтылып жүргені белгілі. Павлодар қалалық білім беру бөлімі мамандарының сөзіне қарағанда, әзірге бұл туралы нақты шешім қабылданған жоқ, бірақ, осы бағыттағы мәселелер жан-жақты зерттеліп жатқан көрінеді. 
Нұржайна ШОДЫР.
 


JPAGE_CURRENT_OF_TOTAL

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2012 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31