Кеше Павлодар қаласындағы Достық үйінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев соғыс және еңбек ардагерлерінің бір тобымен кездесті. Аймақ басшысы жиналған қауымды облысымыздың экономикалық және әлеуметтік салаларының даму барысымен жете таныстырып, алда тұрған биік міндеттерге тоқталды. Ардагерлер өз тарапынан халқымыздың тұрмысын жақсартуға бағытталған талпыныстарды жоғары бағалап, ортақ істі жақсартуға байланысты ұсыныстарын жеткізді.
Ең алдымен сөз алған ардагер Б.Исаев бүгінде бүкіл дүние жүзін дендеген дағдарыстың елімізге қиындық әкелмегенін айтып, бұған ризашылығын білдірді.Ол сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласындағы өзекті мәселелерге байланысты өз ойларын білдірді.
Соғыс және еңбек ардагері Л.Жайков жас ұрпаққа Ұлы Отан соғысындағы аталар ерлігін кең насихаттап, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырудың маңыздылығын айтты.
Ардагер С.Беркетов тұрғындарды көкөніспен мол қамтамасыз етудің бір жолы жылыжайларды қалпына келтіруге байланысты өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге кездесуде саяжай мәселесі де көтеріліп, зейнеткерлердің өз өнімдерін сатуына көмектесудің шарасы ойластырылып жатқаны айтылды.
Павлодар қаласындағы «Замандас» ардагерлер клубының басшысы Қ.Шәкәрімов бүгінде облысымызда халық мүддесін ойлап, атқарылып жатқан істерге көңілі толатынын жеткізді. Қалаларымыз бен ауылдарымызды көріктендіру көңілге қуаныш сыйлайды. Қарттардың қоғамдық өмірдегі белсенділіктерін арттыру мақсатында облыс әкімінің бастамасымен, қолдауымен құрылған «Замандас» клубы бүгінде қарттардың жиі келетін, өнермен шұғылданатын орынға айналып келеді, деді.
Биыл жиырмасыншы рет мерекеленіп отырған қарттар күні уақыт өте келе қоғамдағы айтулы мерекеге айналды, мұның өзі мемлекеттік мекемелер қолдауы нәтижесінде мүмкін болды, деді В.Шершнева. Білім саласында тәжірибелі де білікті педагогтардың еңбегіне сүйену де маңызды іс екенін айтты. Сонымен бірге ол әсіресе ауылдық жерлерде тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту қажеттігін тілге тиек етті. Кездесуде мәлім болғандай, елді мекендерде шағын дәріханалар көп кешікпей қызмет көрсететін болады.
Кеңесте сөз алған еңбек ардагері М.Жакин Усолка мөлтек ауданында салынған үйлердің ауласын көріктендіру, балалардың ойынына жайлы ету сияқты мәселеге де жұрт назарын аударды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Жазин осындай келелі әңгіме ұйымдастырып, пікір алысуға жағдай жасаған азаматтарға алғыс айтты.
Облыс әкімі Б.Сағынтаев кездесуді қорытындылап, кезінде елімізді көркейтуге атсалысып, еңбектері сіңген аға ұрпақ әрқашан құрметке бөленеді, олардың өмір жолдары мен еңбектері жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала береді деді. Келесі жылы еліміз өзінің тәуелсіздігін алғанына жиырма жыл толады. Облыс басшысы осы ұлы мерекені лайықты атап өтуге байланысты ардагерлерден ұсыныс күтетінін айтып, ағаларымыз мен апаларымызға игі тілектерін жеткізді.
Осы кездесуден кейін аймақ басшысы Б.Сағынтаев Павлодар қаласының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Бухариден Серімовтің үйінде болып, ақсақалды Қарттар күнімен құттықтап, иығына шапан, бәйбішесі Мақсураның иығына қамзол жауып, ақшалай сыйлық тапсырды. Бүгінде 102 жасқа келген ардагер 95-тегі бәйбішесімен бірге 7 бала, 21 немере, 30 шөбере сүйіп отыр. Б.Серімов облыс әкіміне көңіл бөліп, сый-құрмет көрсеткеніне рахмет айтты.
Ө.ТАСТЕМХАНОВ.


