бірақ шешілмеген жайттар да бар
Қазан айының 5-інен бастап облыс орталығындағы тұрғын үйлерге жылу қуаты беріле бастады. Ауа райының күрт суытуына байланысты жылу беру науқаны 14 қазанға дейін жүргізіледі. Осы мерзім ішінде көпқабатты үйлердің тұрғындары толықта йжылумен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері мәлімдеді.
Бірақ қысқа дайындық бәрібір жоғары деңгейде емес. Мамандар пәтер иелері кооперативтерінің тиісті реттегіш құрылғыларды толық орнатпауы салдарынан кейбір үйлерде жылуды кеш болатынын ескертіп отыр. Бұдан басқа, жыл сайын құзырлы мекеменің «бас ауруына» айналған «Алюминстрой» шағын ауданының мәселесі тағы бар. Тозығы жеткен екі қабатты үйлердің ішкі инженерлік желілері әбден ескірген, сондықтан қазір мекеме өкілдері арнайы бригадамен бірлесіп дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Айтпақшы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан коллектордың бойындағы (Лермонтов көшесі) көпқабатты тұрғын үйлердің де қалайша толықтай жылу қуатымен қамтылатынынан айтып бере алмады. Айта кетелік, бұл аумақта «Жол картасы» бағдарламасы аясында канализация коллекторынан басқа, жылу құбырлары тартылуда. Жөндеу жұмыстары қазан айының 31-іне дейін жүргізіледі деп жоспарланған. Алайда табиғаттың күрт құбылып, тосын сый әкелуі мүмкін екенін ұмытпаған абзал.
Табиғат демекші,құзырлы мекеме мамандары қала бойынша жылу қуатының 5 қазаннан бастап жіберілуіне ауа райының +10 градустан төмендеуі себеп болды деп түсіндіруде. Синоптиктердің болжауынша, алдағы уақытта айа райы бұдан да қолайсыз болуы ықтимал. Осыны ескергендіктен атқарушы билік қысқы жылыту науқанына белсене кірісті.
Еске сала кетейік, осыған дейін жылу қуаты облыс орталығындағы әлеуметтік мекемелерге жіберілді. Бірақ, мәліметке сүйенсек, әлі де 8 мектеп пен 5 балабақша жылусыз қалып отыр. Мамандардың сөзіне қарағанда, оған құбырлардың жарылуы себеп. Бірақ барлығы таяу уақытта толығымен реттелетін көрінеді. Шенеуніктер арнайы жылу реттегіш құрылғыларсыз қалып отырған көпқабатты тұрғын үйлердегі жағдайдың да жуыр арада оңалатынына сендіріп отыр.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

