БАР ӨМІРІН ЕЛІНЕ АРНАҒАН

Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына мемлекет және қоғам қайраткері Аманолла Рамазановтың өмірі мен қызметі туралы сыр шертетін жәдігерлер тапсырылғаны қуантады. Оның ішінде Елбасының Алғыс хаты, марапаттау және орден кітапшаларының көшірмелері, авторлық шығармалар, фотосуреттер және Аманолла Ғабдолқайұлының жеке заттары бар. Бұл экспонаттар музейдің қазіргі Қазақстан тарихы залындағы «Павлодар облысының дамуы» жаңа экспозициясынан орнын тапты.

 

Павлодар өңірі тумаларының есімдері бүкіл Қазақстанға әйгілі. Облысымыздың мерейін өсірген Ұлы Отан Соғысының Батырлары, Еңбек Ерлері, мемлекет пен қоғам қайраткерлері, академик-ғалымдар, ақын-жазушылар, әртістер, атақты ұстаздар мен дәрігерлер – барлығы біздің мақтанышымыз. Олар - сұрапыл соғыс жылдарында Отанымызды қорғап, бейбіт өмірде жаңа қоғам құруға сүбелі үлес қосқан еліміздің нағыз ұлтжанды азаматтары. Соғыстан кейінгі уақытта ауыл шаруашылығын көтеру мақсатында аянбай қызмет атқарған азаматтардың бірі – жерлесіміз Аманолла Рамазанов.

Аманолла Ғабдолқайұлы 1928 жылы Павлодар облысы К.Маркс атындағы ұжымшарда дүниеге келген. 1941 жылы 13 жастағы Аманолла ересектермен бірге еңбек етті. 1945 жылы мектеп бітіргеннен кейін Алматы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, тәмамдағаннан кейін Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы Екібастұз совхозына жұмысқа шақырылады. А.Рамазановтың ерекше қабілетін байқаған Павлодар облыстық Совхоздар тресінің басшылығы оны бірден облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына аға агрономдық қызметке қалдырды. 1953 жыл ол Ақкөл кеңшарына директор болып тағайындалды. Сол кезде А.Рамазанов небәрі 24 жаста ғана еді. 1954 жылы Аманолла Ғабдолқайұлы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Ақкөл кеңшарының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор еңбек сіңірген жас директорды облыс басшылығы қызмет баспалдағы бойынша тағы да жоғарлатты.

1959 жылы Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне жоғарылатылды. Келесі жылы мемлекетке астық тапсырудағы жоғары көрсеткіштері үшін Қазақстанның үш облысы тұңғыш рет Ленин орденіне ие болды. Олардың ішінде Павлодар, Көкшетау және Қостанай облыстары бар еді. А.Рамазановтың басқару және ұйымдастыру қабілеттілігі мен біліктілігін бағалап, 1963 жылы партияның тікелей тапсырысы бойынша Баянауыл ауданының бірінші хатшысы қызметіне жіберіледі. Аманолла Рамазановтың басқаруымен Баянауыл ауданы мемлекетке 100 мың тонна астық тапсырды. Баянауыл ауданын жоғары табыстарға жеткізгені үшін Аманолла Ғабдолқайұлы сол жылдары Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, халық тарапынан қолдауға ие болды. Ол 1967 жылы Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 1970-1978 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1978-1983 жылдары Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1983 жылы Қазақ КСР Астық өнімдерін дайындау министрінің бірінші орынбасары, ал 1989 жылы Аманолла Ғабдолқайұлы мемлекет алдындағы айрықша еңбегі үшін Одақтық деңгейдегі зейнеткер атағын алып құрметті демалысқа шықты. Социалистік жарыстың ауыл шаруашылығындағы жетістігі үшін КСРО Ауыл шаруашылығы көрмесі Бас Комитетінің медалін он рет, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын екі рет иеленген.

Аманолла Рамазановтың туған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жасаған қызметі мен өнегелі өмірі - қазіргі ұрпақтарға үлгі болары сөзсіз.

Гүлжайнат ӘЛИЕВА,

Г.Потанин атындағы Павлодар

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

өлке тарихы бөлімінің меңгерушісі

 


 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31