Бүгінде Құркөл ауылында қызу еңбек. Ауыл тұрғындары мал қыстағына дайындалуда. Жемшөп тасып жатқандар жиі кездеседі. Енді бір жерде құрылыс жүріп жатыр.
-Тоқсаныншы жылдары жұрттың бәрі қалаға үдере көшкенде біздің ауыл тұрғындары жылы орындарын суытпай, ауылда тұрақтап қалды, - дейді ауыл әкімі Нұрғали Ақышев. – Ауылдастарымның тұрмыс-тіршілігі жақсы деп есептеймін. Мұның басты себебі – құркөлдіктер ұйымшыл әрі еңбекқор. Жылдан жылға мал басы көбейіп келеді. «Айылқас» деп аталатын шаруа қожалығы мал соятын орын ашты. Мал дәрігері Қайыркелді Жаукенов сойылатын малды тексеріп, рұқсат береді. Барлық мал егіліп, құлақтарына сырға тағылды. Арам өлген малды, ит-мысықты көметін биотермиялық шұңқыр қазып, дайындап қойылды.
Ауыл әкімі қыс болса қыр астында екенін айтып, жемшөптің жеткілікті дайындалғанын жеткізді. Ол мұнда жыл сайын шөп бітік шығатынын айтты. Әр тұрғынның шөп шауып алатын жерлері бар. Шөптің артығын көмірге, отқа тамыздық ағашқа айырбастап алады немесе көрші ауылға сатады. Қазір шөп түгелдей шабылып болды. Енді оны қысқы орынға тасуда. Ауылдың 40 шақты тракторы, 10 шақты шөп шабатын арнайы техника, төрт КамАЗ машинасы бар. Құркөлдіктер көрші ауылдармен келісіп, шөптерін шауып, әрі тасып, табыс табуда. Ауылда жұрттың жақсы тұратынын жүз шақты жеңіл автокөлік мінетінінен айқын көруге болады. Қуаңшылық ауа райына қарамастан, құркөлдіктер бітік егін өсірді. Енді күнбағыс жиналады. Оған бес комбайн дайын етілді.
Ауылда жұмыссыздық мәселесі жоқ. Қырық адам теміржолда еңбек етеді. Қазір Евгеньевка ауылында картоп жинау қызу жүргізілуде десек, осы жиын-терін жұмыстарына Құркөл ауылынан алпыс адам жұмыс істеуде.
Ауыл мектебінде балаларға тиісті қамқорлық жасалуда. Мұнда 126 оқушы білім алса, олардың 65-і тегін тамақтанады. Олардың 25-і аз қамтамасыз етілген отбасыларынан. Жалпы шәкірттер арзан тағаммен қамтамасыз етілсін деп, әр жексенбі сайын мұғалімдер, ата-аналар Евгеньевка ауылына барып ақы алмай, картоп жинайды. Есесіне евгеньевкалықтар Құркөл мектебінің асханасына картоп береді.
Бұл ауылда ауыз су мәселесі оң шешілген. КБМ жұмыс істейді. Жазда бір фляг су 10 теңге болса, қыста бір флягы 15 теңгеден сатылады. Жұрт таза суды жақсы алады.
Құркөлдіктер көшелер мен ауылдардың тазалығына мән береді. Ауыл көркі көңілдегідей болуы жолында жұмыстар атқарылуда.
Жақында ғана көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері Ләззат Алпысбаеваға мемлекет тарапынан үй берілетін болды. Осыған қол жеткізген ауыл әкімі өзінің қуанатынын жеткізді. Қорыта айтқанда, көңіл қойса, талпынса, ауыл тұрмысын жақсартуға болатынына тұрғындардың көзі жеткені анық.
Шамшат ЖҮНІСҚАЛИ.

