аталып өтті
Жексенбі күні Павлодарда «Бауырсақ күні» мерекеленді. «Достық үйінің» алдында өткен шараны Қазақстан студенттер Альянсы жастар қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жастары «Достық үйінің» жастар бөлімінің қолдауымен ұйымдастырды. Бұл мереке қаламызда осымен екінші рет тойлануда. Мейрам демеушісі “Крендель” ЖШС 50 кг бауырсақты қала тұрғындарына тегін таратса, «СҮТ» АҚ тұрғындарға сүт өнімдерін ұсынды.
Бұл шара бір жағынан байқау іспеттес. Оған қатысушылар халқымыздың ұлттық нан тағамдарының бірі - бауырсақ пісірудің рецептерін айтып, бауырсақты тезірек жеу сайысына белсене қатысты. «Бауырсақ жеу» сайысының жеңімпазы Дәулет Мұсабаев бұл мерекеге достарының шақыруымен келген екен. Мерекелік шараның демеушілерінің бірі «Синема стар» кинотеатры сайыс жеңімпазына билеттер сыйлады.
- «Бауырсақ күні» мерекесін ұйымдастырушылар барша халықты қонақжайлылыққа, табиғат-анаға мейіріммен қарауға, өз елін мақтан тұтуға, туған жерін қорғай алуға және қазақстандық әрбір азаматтың көкірегінде патриоттық сезімін оятуды да көздеген, - дейді жастар бірлестігінің мүшесі Ырысты Букваева.
Қазақстан студенттері Альянсы жастар қоғамдық бірлестігінің облыстық өкілдігінің төрайымы Нұргүл Айғожинаның айтуынша, биылғы бауырсақ күнін халық жақсы қабылдады. Ол үшін тиісті үгіт-насихат жұмыстары да атқарылды.
А.ӘДІЛБЕК.

