Егемен қазақстан тәуелсіздік тірегі, ел айнасы

деді аталмыш газеттің Президенті Сауытбек Әбдірахманов

Таяуда күні Павлодар облысына іссапармен келген республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Президенті Сауытбек Әбдірахманов Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында болып, студенттермен кездесті.

Келелі кездесуде Сауытбек Әбдірахманов өзі басшылық етіп отырған республикалық аға басылым «Егемен Қазақстан» газетінің алға қойған мақсат-міндеттері мен қазіргі аяқ алысы жөнінде әңгімелеп берді.

Былтыр ғана торқалы тоқсан жылдық мерейтойын Елбасымен бірге атап өткен аталмыш басылым бүгінде өзінің мазмұндылығымен, өзектілігімен оқырмандар арасында үлкен беделге ие. Қазіргі таңда таралымы 160 мыңнан асып түскен басылым мемлекетте болып жатқан жаңалықтармен, саяси оқиғалармен қарапайым халықты күнделікті хабардар етіп, ел арасында қоғамға деген дұрыс көзқарастың қалыптасуына әділетті түрде өзіндік үлес қосуда. Ғасырға жуық тарихы бар газетте кезінде Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев, Смағұл Сәдуақасов сынды асыл азаматтардың қызмет істеуінің өзі үлкен мәртебе. «Қазақтың маңдайына біткен осындай біртуар тұлғалар салып кеткен сара жолды жастарымыз жалғастыруда. Еліміздің басынан қаншама қиын сәттер өтсе де, бұл басылым туған тілімізді, ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді насихаттап, әрдайым халықтың жағдайын басты назарда ұстап келді. Ал еліміз егемендік алғаннан кейін газеттің мазмұны да өзгеріп, жаңаша серпін алды. Жасыратыны жоқ, кейбір оқырмандарымыз арасында «Егемен Қазақстан» газеті тек саясат пен экономиканы ғана жазатын басылым деген ұғым қалыптасқан. Шын мәнінде, бұл газетте саясат, экономика, мәдениет, әдебиет, тарих, спорт, дәстүр, басқа да барлық тақырыптар жан-жақты қамтылады. Сондықтан да, «Егемен Қазақстан» газеті заман талабына сай, әмбебап басылымдардың бірі саналады», - деді Сауытбек Әбдірахманов.

Республика бойынша бетке ұстар бірден-бір басылым «Егемен Қазақстан» газетінің ұстанған бағыттары жайында баяндаған басылым Президенті сонымен қатар ондағы журналисттердің шеберлігі, газет беделінің өсуіне деген жанашырлығы, қоғамдағы сан түрлі оқиғаларға көзқарасы жөнінде де ой өрбітті. «Біздің редакциямызда бір кездері егде, орта жастағы адамдар болса, соңғы кездері жас журналистер қатары көбейіп келеді. Қуантарлығы, олар күннен-күнге өсіп, шығармашылық айдынында шыңдалып келе жатқандары байқалады. Сондай-ақ үлкен маңызды шаралар болғанда, мәселен, жоғары деңгейдегі спорттық олимпиадалар өткенде журналистер ұйқы-күлкі көрместен түн ортасына дейін оны тамашалап, қорытындысын жазып, ертеңгісін таңертең сол жаңалық газет бетінде тұрады. Міне, осының бәрі ұжымның басылымға, оның беделіне деген жанашырлығы деп білемін. Тағы бір айтарым, әлемдік журналистикада адам айтқысыз аянышты оқиғалар немесе апат салдарынан орын алған елді үрейлендіретін жаңалықтарды дүрліктіріп беру әдетке айналған. Оны эфирден алғаш болып дүрліктіріп көрсеткен немесе жазған ақпарат құралдарының беделі, рейтингісі өседі, жұрт қызығушылықпен көреді деген түсінік бар. Ал біздің журналистер мұндай оқиғаларға керісінше аянышты көзбен қинала қарап, халықты сабырға шақыруға, әліптің артын бағуға тырысып жатады. Жалпы, газеттің мақсаты халықтың рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін арттыру», - деді.

Осылайша, павлодарлық студенттерге елдегі маңдайалды газет «Егемен Қазақстанның» тыныс-тіршілігі жайында егжей-тегжейлі әңгімелеп берген Сауытбек Әбдірахманов басылымға қатысты жастарды қызықтарған бірқатар сауалдарға жауап берді. Кездесу қызықты да мазмұнды өтті.

Нұржайна ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31