Ауданда «Қайырымдылық» айлығы аясында бірқатар іс-шаралар жүзеге асуда. Міне, осы игі шара шеңберінде аудан әкімі Н.Пішенбаев аудан орталығында тұратын аз қамтылған, тұрмысы қолайсыз отбасылармен, сондай-ақ жалғызбасты әйелдермен арнайы кездесу өткізіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Бүгінда ауданда 80-нен астам отбасы күнкөріс деңгейінен төмен жағдайда өмір сүріп жатыр. Кездесуде осы отбасылардың әрқайсысы әрбір аудандық кәсіпкерлер мен мекемелерге бекітілді. Бұдан былай қамқорлыққа алған кәсіпкерлер мен мекемелер барынша көмек көрсетпек. Ауданы әкімі «Қайырымдылық» акциясы осындай отбасыларға қол ұшын беру үшін бағытталғанын және тұрмысы төмен отбасылар әрдайым назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Кездесуде сөз алған әлеуметтік қорғау және тұрғындарды жұмыспен қамту бөлімінің мамандары алдағы уақытта көмекке мұқтаж 150 отбасына тегін көмір түсірілетінін айтса, білім беру саласының қызметкерлері аз қамтылған отбасылардың балаларына барынша қолдау көрсетіліп, жағдайлары бақылауда екенін мәлімдеді. Мұң-мұқтаждарымен бөліскен азаматтар алдағы уақытта өмірлерінде оң өзгерістер болатынына үлкен сеніммен қарай тарасты.
С.МҰХТАРОВ,
Май ауданы.

