Тұлғаның мықтылығын өмір өзі мойындатады
Үнемі жанымызда бірге жүрген арда жандардың адал еңбегін, өкінішке қарай, кейде көзге іле бермейтініміз шындық. Қазір арамызда аралас-құралас жүрген жандардың көбі Елбасы Н.Назарбаевтың өмірінен түсірілген көркем фильмде М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Рақымовтың «Сәби болғым келеді» әнін, С.Жиенбаевтің сөзіне жазылған Д.Жолжақсыновтың «Ауыл қарттары» әнін орындаған жерлесіміз Нұрбек Әділбекұлы екенін біле бермейді. Сонымен қатар, шебердің қолынан шыққан аспаптар мен қолөнер туындылары Германияның Мюнхен қаласындағы «Абай» музейінде, АҚШ көрмелерінде орын алған.
Білгенін білегіне салып, өне бойына бірнеше өнерді тоғыстырған Нұрбек Әділбекұлы биыл 65 жасқа келіп отыр. Маған мәлім еңбегін еліне елеулі ету мақсатында ағамыз жайында біраз дәйек айтып, сыр шертуді жөн көрдім.
Әр адамның өмір жолы әке шаңырағынан бастау алады. Әкенің ұлағатымен, арда арманымен, сенім-үмітімен алыс белестерді бағындырамыз. Сол әке шаңырағынан ажырап, өз басыңа жеке отбасы-ордаңды құрған кездің өзінде ата-ананың айтқан әрбір сөзінің қадіріне жетесің, соны аңсайсың. Солардың қарапайым әңгімесімен ұлт тағдырын, ұлт сана-сезімі мен ғұрпын, өнерін танисың, мойындайсың. Қазақ мәдениетіне деген мендегі ықтиярлық, сірә, әкеміздің өнерге деген ерекше зор ықыласынан дарыған болар. Отбасы – ошаққасы бала-шағасының ортасында бос уақыты табылса, әкеміз қолына домбырасын алатын. Ішіндегі мұң-мұқтажын, күйініш-сүйінішін, бізге деген үмітін сол домбыра үнімен жеткізетін сәттері әлі күнге санамыздың бір шетінде «мен мұндалап» тұрады. Кей жандардың тұлғалығының бір шеті осы қазақ өнерінен нәр алған болар деп ойлаймын кейде. Өнер – өз алдына бір төбе...
Менің ойымша, адамды сыйлау үшін, тұлғалығын мойындау үшін одан бұрын адамдық қасиеті болу керек. Ол адамдық қасиет – тәрбие көзі. Әкем бір сөзінде «дара фәниден дана бақиға дейін адам баласы, пайғамбар Ғалаиссалам айтқандай, өмір тәрбиесімен өтеді. Өмірдің тәрбиесі деп отырғанымыз – дәстүр» деген еді. Әкемізден көз жазсақ та, әке ұлағаты жадымыздан өшкен емес. Өзіміз сол тәрбие өзегін өзімізде қалыптастырумен қатар, аралас, таныс-тамырымыздың да сол өзекке жуық болғанын қаладық. Осы ізетте рухани үндес, сырлас жандар іздедік. Міне, осы жолда мен бойында қазақы тәрбие көзі бастау алған ұлттық дәстүр мен ұлттық өнер қайнары қайран қалдырар Нұрбек ағаммен кездестім.
Кереку жерінің өнер өресіне сүбелі үлесін қосып, өнер айдынында өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырып келе жатқан бірден бір тұлға – Нұрбек Әділбекұлы. Арда ағамыз бүгінгі күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жанынан құрылған ұлт аспаптары шеберханасының шебері болып қызмет атқарады. Университет музейінің экспозициясындағы және И.Байзақов атындағы студенттік филармониядағы ұлт аспаптарын айтпағанда, Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының ұлт аспаптары оркестрінің, облыстық «Әл-Әки», «Шаңырақ сазы» оркестрлерінің аспаптары Нұрбек ағаның қолымен жасалған.
Нұрекең – халқымызда «сегіз қырлы, бір сырлы» деп бағаланатын тұлға. Сегіз қырын санамалап өтпесем де, ағамыздың алты алаш айызын қандырар абыройлы істеріне тоқталып өткім келеді. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» деген бар емес пе?!
Нұрекең Кереку жеріне осыдан он жыл бұрын қоныс аударды. Алатау баурайынан арамызда рухани үндестік орнаған бұл кісіні арнайы шақыруыма себеп болған қазақ өнеріне тәубе етемін. Нұрбек ағамызды ағаштан аспаптар мен қолөнер, тұрмыстық бұйымдарды жасағанымен, шын мәнінде жанымен, тәнімен әнші, домбырашы екенін білеміз.
Нұрбек Әділбекұлы – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, халық шебері атағының иегері. Бұл да сіз бен біз білмегенмен, ел алдында еңбегінің мойындалуы ғой. Ағамыз - жер жаннаты Жетісудан бастап, күллі қазақ еліне танылған дарын, атақты әнші-ұстаз Жүсіпбек Елебековтың шәкірті. Кезінде Нұрекең еңбек жолын өз мамандығы бойынша Алматы облысының филармониясында, «Отырар сазы» оркестрінде әнші болып бастаған. Қазақ радиосының алтын қорында Нұрбек Әділбекұлының отыз әні сақталғаны – кәсіби деңгейінің дәлелі. Тыңдармандар назарына үнемі бұл әндер жекелей де, концерттік ретпен де беріліп отырады.
Биыл Алматыда «Қазақтың 1000 әні» деген үнтаспа жинақ жарық көрді. Осы жинаққа ағамыздың орындауындағы Әсеттің «Мақпал», халық әні «Өтесің, қайран дүние-ай» әндері енді. Әсіресе, ағамыздың орындауындағы Әсеттің «Мақпалын» тыңдау – ерекше бір ғанибет. Бұл әнді ағамыздың орындауы мүлдем өзгеше, қазақтағы қазіргі әншілердің ешқайсысы ондай мақамда жырлап көрмеген. Қазақта тектілік тереңнен деген бар. Әнді ағамыз тікелей автордан үйренген әжесінің мақамы бойынша жырлайды екен.
Дария дәуренде мәңгілік ешнәрсе жоқ қой. Бірақ өмір сол аумалы-төкпелілігімен қызық. Нұрбек Әділбекұлы да осындай өмірдің бір бағытымен, ән өнерінен қол өнеріне Алматыдағы «Құрманғазы» атындағы консерватория жанындағы эксперименттік ұлт аспаптары шеберханасында шебер болып ауысады.
Шебер бойында өнер тұтастығы бар болғаннан ба, ағамыз өзі жасаған әрбір аспабын еркін меңгерген, домбырасында ақпа-төкпе күйін шертіп, қазақы қоңыр даусымен әнін салып, ағайын-тума, дос-жаран, таныс-тамыры мен тыңдарманын қуантып келеді.
«Отан отбасынан басталады» демекші, Нұрбек Әділбекұлының еңбегі Отаны алдында бағаланып жатса, бұл да – отбасы деңгейінен бастау алған нәтиже. Бала кезден өнер айдынында жүзген шебердің отбасы-ошақ қасы да – ұйыған ұлағатты өнер ошағы. Жары Рысгүл Асаубайқызы облысымыздағы тоғыз жылғы еңбек өтілінде республикалық, халықаралық музыка сайыстарында он алты лауреат дайындапты.
Әке жолын мұра ету қазіргі заманда кез келген баланың қолынан келе бермес. Әсіресе бұл өнер саласы болса. Бірақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, ұлы Ерасыл да домбыра құдіретін ұлық еткен өнерпаз. Жыл сайынғы өтетін жас орындаушылар, өзге де әртүрлі конкурстарды айтпағанда, беделі биік «Дельфи ойындарының» Гран-при иегері болу ата-ана үшін, елі үшін үлкен мақтаныш.
Аруақты ата-бабаларымыз атам заманнан бері елім деген ерлердің атын, әсіресе қара ормандай қалың халқына әсем ән, киелі күй құдіретін тарту еткен өнер жұлдыздарының есімін өшірмей, олардың өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, жүректерінің терең түкпірінен оларға сыйлы орын беріп, оларды қашанда төбелеріне көтеріп құрметтеп келген. Бұл – асып-тасқаннан емес, өнерге деген сый, өнер өсиетін түсіну. Қазағымыз ізгі істердің қатар келуін қуанышқа ғана емес, ырыс пен жақсылыққа балаған. С.Торайғыров атындағы ПМУ-нің ашылғанына 50 жыл толуына орай ғылыми кеңес шешімімен ағамыз «С.Торайғыров атындағы Алтын медальмен» марапатталды. Осы мерейтой қарсаңында Алматы қаласынан «Құлагер» деп аталатын ән-жинағы жарық көрді. Бұлар ұзағынан сүйіндірер игілі істердің жарқын бастамасы деп білемін.
Мен үшін Нұрбек Әділбекұлы өз ұлты қазақтың барын бағалап, жоғын жоқтар, Абай атамыз айтқан «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» болмысындағы, қарапайымдылықтың айнымас айнасы «нағыз адам» десем ойымды нақ білдіргенім болар. Кей сәттерде тұлғаның тұлғалығын адам мойындамаса да, уақыт, өмір өзі мойындатады.
Күндізгі қарбалас жұмыстан кейін кешкілік үйге келген кей сәттерде інім Абайдың киелі домбыра ішегінен шерткен әуезді әуенін ести отыра, әкемнің «ұлттық өнер мен дәстүр мәңгілік» деген сөздерінің шынайылығына қайран қаламын. Тұла бойында қазақы рухтың болмысын паш еткен ардақты Нұрбек ағамыз сынды жандарды қазақ өнерінің сақтаушысы, қорғаушысы деп білемін. Өйткені дәл осындай өнер өкілдері кезінде Кеңес үкіметінің қаһарынан ең басты ұлттық құндылықтарымыз тіл мен діл, дәстүр негізін аман алып қалу жолында айтулы рөл атқарды. Олардың таңдаған өмірлік ұстанымдары мен өнеріне деген құрмет тыңдарманы мен көрерменінің ізгі ықыласы болмақ. Мен қарашаның төртінші жұлдызында Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының сахна төрінде өтетін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші, халық шебері Нұрбек Әділбекұлының концерті қазақ өнерінің шын мәніндегі салтанаты боларына толық сенімдімін.
Ерлан АРЫН,
С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор.


