Ізденуден талмаған ғалым

Жоғары оқу орнына түсу үшін тестілеу жүйесі енгізілген алғашқы жылдары халық арасында біраз түсінбестіктер болғаны мәлім. Сондықтан редакцияның тапсырмасы бойынша жуырда өткен тестілеу нәтижесіне байланысты бір ғалымнан пікір алатын болдым. Университетке хабарласып едім (ол кезде педиститут С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің құрамында), көп ұзамай жұмыс бөлмеме қолында бума қағазы бар, орта жастағы азамат кіріп келді. Университеттің филология кафедрасының доценті Сейфитден Сүтжанов екен. Біраз әңгімелескеннен-ақ оның байсалды мінезін байқадым. Жаңадан енгізіліп жатқан тестілеу жүйесінің әлі де жетілдірер тұстары барын дәлелмен жеткізіп, олқы тұстарды жою үшін біраз уақыт қажеттігін айтып, сабырға шақырды. Кейін ойлап қарасам, Сейфитден Назымбекұлы табиғатынан үнемі жаңашылдыққа жақын жүретін, ізденуден талмайтын адам екен. Онда да әр мәселені түбіне дейін үңіліп, байыппен зерделейтін қасиетке ие.

Сейфитден ағамен таныстығымыздың арты аға мен ініге тән сыйластыққа ұласты. Мұндай жылы қатынасқа арқау болған себепкөрнекті ақын Қабдыкәрім Ыдырысовқа деген оның ерекше құрметі еді. Менің ақынның кіндік қаны тамған жерінен екенімді білген ол, оның шарапатын көргенін айтудан әлі күнге дейін бір танбайды. Жастайынан әдебиетке бейім болып өскен Сейфитден Назымбекұлы Алматы қаласында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған соң кітап палатасына қызметке қабылданған.Ол кездері Қабдыкәрім Ыдырысов мекеменің басшылық қызметінде болса керек. Әрине, бұдан кейін талай жылдар өтіп, өмір өзенінің ағысы да өзгерді. Десе де, жастық шағында ағаның аялы алақанын сезінгенін бір мезетке ұмытар емес.

1989-1992 жылдары С.Сүтжанов ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында еңбек етті. Онда Зәки Ахметов, Серік Қирабаев секілді қазақ әдебиетінің білгірлерінен тәлім-тәрбие алып, кейін мұнысы оның ғылым соқпағына түсуіне септігін тигізді. 1994 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтында дәріс оқи жүріп, «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады.

- Кеңестік идеологияға қырын келді деп есептелген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасын жан-жақты саралап, ғылыми айналысқа түсіру оңай болған жоқ. Серағаңакадемик Серік Қирабаев: «Сен керекуліксің ғой, Мәшһүр бабаңды зерттеуді саған тапсырсам қалай қарайсыңдеп ұсыныс жасағанда, аздап қобалжығаным рас. Кейін елдегі әкеммен хабарласқанымда, ол бұл ұсынысты қуана құптап, тіпті Мәшекеңнің 1907 жылы жарық көрген кітаптарын тауып беретін болды. «Атаңның аруағы қолдасын баламдеп батасын да берген еді, - дейді бір сұхбатында ғалым. Атаның аруағы мен әкенің батасы қолдаған ол тұзы сор ғылым жолына біржолата бет бұрды.

Тарих ғылымдарының докторы Қырықбай Аллаберген өз әріптесі - филология ғылымдарының докторы С.Сүтжановтың Мәшһүр Жүсіптен басқа Махамбет, Мұхтар мұраларын егжей-тегжейлі зерттеп, кейін «Алаш және Түркі руханияты» тақырыбына қалам тартқанын атап өткен.

1998 жылы өзі туып-өскен Павлодар қаласына оралған ғалым жоғары оқу орындарында дәріс оқи жүріп, ғылыми еңбектерін одан әрі жалғастырды. Ғылым жолына арнаған отыз жылдық еңбек жолында творчестволық шығармаларынан басқа (кейіпкеріміздің әдеби әңгімелері мен өлеңдері де бар), 150-ге жуық ғылыми және ғылыми-әдістемелік құралдары жарық көрген. Тәрбиелеген шәкірттерінің алды - ғылым докторлары, қоғам қайраткерлері, белгілі ұстаздар мен ақын-жазушылар.

Еліміздің білім және ғылым саласына қосқан қомақты үлесі үшін Сейфитден Назымбекұлы Сүтжанов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, 2008 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленді. Бүгінде таза ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуына байланысты ол Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры қызметін атқарады. 2007 жылдан бастап күні бүгінге дейін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Диссертациялық кеңестің мүшесі. Асқаралы алпысқа толып отырған ғалымды мерейтойымен құттықтап, егемен еліміздің бай әдебиетін зерттеуде әлі де жемісті еңбек ете беруіне тілектеспіз.

Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30