Жаңа кітап жарық көрді

Ертістің Павлодар өңіріне танымал қаламгер, ақын әрі жыршы Қимадиден Нығмановтың «Сел» атты жаңа жинағы жарық көрді.

«Сел» атты повесть - болған оқиға ізімен жазылған туынды. Нақтырақ айтсақ, бұл туындыда Ақкөл-Жайылма өңірі, Жасылағаш елді мекені аумағындағы Шідерті өзенінің ерте тасуы салдарынан болған тарихи оқиға мазмұндалады. Табиғи апат орын алған жердегі тұрғындар мен Ертіс-Қарағанды – қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы каналдың құрылысшылары топан суға, оны тойтаруға қарсы ұйымдастырған ынтымақты іс-әрекеті осы шығармада тартымды әрі нанымды көрініс тапқан. Сол кездегі ауыл адамдарының шынайы бейнесі, патриоттық тұрғыда өрілген еңбегі, түрлі ұлт өкілдерінің өзара бірлігі мен татулығы әдеби туындыға басты арқау болып, барлық іс-қимыл, оқиғалар желісі оқырман қауымға орамды да көркем сөзбен жеткізілген.

Аталмыш кітап Қазақстан журналистер одағының мүшесі Еркін (Ерболат) Мундуиновтың редакторлығымен Павлодар қаласындағы «Эко» баспасынан жарық көрді. Өкінішке орай, Қимадиден Нығманов көзінің тірісінде өзінің қаламынан туған «Естай», «Мақыш», «Тыңдағы отау» сияқты поэмаларын жарыққа шығара алмай кетті. Бүгінгі таңда сол әттеген-айдың орны толып, ақынның арманы орындалды деуге толықтай негіз бар. Шындыққа негізделген бұл әдеби шығармалар Павлодар облыстық мәдениет басқармасының ұйтқы болуымен «Естай» атты жеке жинаққа енгізіліп, баспадан шыққанын ауыз толтырып айтуға болады.

Жинақта сондай-ақ әр жылдары Ақкөл кеңшарын басқарып, оның өсіп-өркендеуіне ерекше еңбек сіңірген тұлғалар – Сейдахмет Ысқақов, Аманолла Рамазанов, Хамит Мусин, Қиса Құсайынов жөнінде танымдық мәліметтер, деректер берілген.

Мысалы, Хамит Мусин су тасыған қиыншылық кезде сол совхозды басқарған. Табиғи апатты тойтаруда оның шұғыл ұйымдастырушылығы мен іскерлігі таныла түсті. Топан суды ауыздықтауға қарсы жедел штаб та құрылған екен сол кезде. Осы мақалада берілген фотосуретте сол жедел штаб жұмысын бедерлейтін көрініс беріліп отыр. Ал жоғарыда тұрған суреттегі тұлға – Хамит Мусиннің өзі.

Осылайша, тарихи оқиға желісі бойынша құрылған әдеби туынды сонау жылдардағы қиыншылық сәтті көз алдыға әкеледі. Небір кейіпкерлермен жақыннан таныстырады, олардың шұғыл іс-әрекеттер жасаудағы қабілеттерін ашып көрсетеді.

Қаламгер Қимадиден Нығмановтың «Сел» атты кітабының шығуына еңбегімен елге таныс бір топ азаматтар – Нұрлан Рамазанов, Зейнілқабиден Құсайынов, Батырбек Мусин, Қабиболла Байгоншеков, Жомарт Көпежанов, Дәулен Кереев, Салтанат Ысқақова және Мәжит Хамитов демеушілік көрсетті.

«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артынан сөз қалдырған...» деп дана Абай айтқандай, ақынның жарыққа шыққан бұл туындысы оқырман жүрегінде мәңгілікке сақталатыны сөзсіз.

Өз тілшіміз.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30