ЖАСТАРДЫҢ БЕСІНШІ ФОРУМ-ФЕСТИВАЛІ

Достық үйінде облыстың этно-мәдени ұйымдары жанындағы жастар бірлестіктерінің форум-фестивалі өтті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға облыс орталығы жастарымен қатар Ақсу, Екібастұз қалаларының және Ертіс, Успенка, Баянауыл, Шарбақты, Павлодар аудандарының 14 пен 29 жас аралығындағы өкілдері қатысты.

 

Жас азаматтар бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастырып, рухани бірлік пен ұлтаралық келісім идеясын насихаттауды, достықты беріктеп, жастардың ауызбіршілігін нығайтуды көздейтін форум-фестиваль үш кезеңнен тұрды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер қоғамда жастардың белсенділігін арттырып, олардың шығармашылық дарынын ұштауға, жастар бірлестіктері мен клубтарының барынша көбірек ашылуына ықпал ететін көрінеді. Алғашқы кезеңде қатысушылар қылқалам және қолданбалы өнер туындыларын, сондай-ақ сәтті түсірілген фотосуреттерін көрмеге қойды. Бұл кезең үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады. «Кескіндеме және графика» номинациясында бірінші орынды железинкалық С.Серікбай жеңіп алса, «Фотосуретте» Успенкадан келген Л.Козик бірінші орынға лайық деп танылды. «Қолданбалы өнер» номинациясында бірінші орынды баянауылдық Н.Қалиева олжалады. Мұнда екінші және үшінші орын жеңімпаздары да таңдалып алынды.

Ал екінші сатыда жастар қауымы дөңгелек үстел басына жиналып, «Қазақстандағы конфессияаралық қарым-қатынас: жағдайы, мәселелері, келешегі» деген тақырыпқа ой өрбітті. Осы отырыс барысында әр қала мен аудан өкілдері белсенділік танытып, пікір алмасу алаңында ой бөлісті. Мән-маңызы тереңде жатқан тақырыпты қозғаған жастар өз ойларын еркін түрде ортаға салды. Дөңгелек үстел шарасының жүргізушісі «Ленц» неміс жастары клубының көшбасшысы, «Патриот» пікірталас клубының жетекшісі А.Вервекин қатысушыларды тақырыпқа тартып, әркімнің белсенділігін арттыруға тырысты. Конфессияаралық қарым-қатынастың еліміз үшін маңыздылығы, оны қалыптастыруда жастардың рөлі жиында кеңінен сөз болды. Ұйымдастырушылар алдымен еліміз бен аймағымыздағы конфессиялар жөнінде біраз ақпараттандырды. Бүгінде облысымызда 16, ал еліміз бойынша 40 діни конфессия тіркелген көрінеді. Жиыннан түсінгеніміз, жастардың басты мақсаты - конфессияаралық қарым-қатынастың жағдайын сөз ете келе, теріс ағымдардан замандастарын араша етуге қол ұшын беру. Яғни, діни бағыттардың дұрысы мен бұрысының ара-жігін ажыратудың амалдарын қарастырды. Сондай-ақ секталарға ұрынып қалудың басты себептері жайында да әңгіме қозғады. Мәселен, железинкалық жас маман Сергей Чикишевтің айтуынша, жастардың теріс пиғылды ағымдар жетегінде кетуіне олардың діни білімдерінің таяздығы себеп болады. Демек, білместіктен жаңылысып, адасады, дейді ол. Ал Ертіс ауданының өкілі Олеся Токсанова секталардың адам психологиясына әсер ететін қуатты құрал екенін ұмытпаған абзал деген ойда. Оның пікірінше, теріс пиғылды ағым өкілдері, әсіресе, жастардың қиналған сәтінде жанынан табылып, бейне бір «қамқоршы», «жанашыр» кейпін білдіру арқылы біртіндеп өздеріне тартып алады. Екібастұз қаласынан келген «Братство» славян орталығының өкілі Любовь Кадык Қазақстан жерінде тұрып жатқандықтан, жастар форумын келесі жолы өткізгенде мемлекеттік тілге мән беру керектігін айтты. Ұйымдастырушылар бұл ұсынысты ескеретіндерін жеткізді. Ол сондай-ақ діни білімнің негізі мектеп қабырғасында қалыптастырылса дейді. Өйткені жастар ақпараттың аздығынан, діни сауаттылығының төмендігінен адасатыны отырыста жиі айтылды. Баянауыл ауданынан қатысушы Еламан Әшім әрбір отбасында ата-ана балаларына дін жөнінде ақпарат беріп отырса, жастардың теріс ағым жетегінде кетуінің алдын алуға әбден болады, дейді. Дөңгелек үстел барысында хиджаб кию мәселесі де әңгіме арқауына айналды. Қатысушылардың бірі мұндай әрекет әркімнің өз таңдауы десе, бірі хиджаб кию қоғамда өзгеден ерекшелену үшін жасалатын амал деген пікір білдіріп жатты. Пікіралмасу алаңында белсенділік танытқан үш қатысушы А.Жаңабаев (Шарбақты ауданы), Е.Әшім (Баянауыл ауданы) және Р.Каримжанова (Ертіс ауданы) форум-фестивальдің алғыс хатымен марапатталды.

Форум аясында «Ертістің Павлодар өңірі – достық пен келісім мекені» атты шығармашылық зертханасы да ұйымдастырылды. Дәлірек айтсақ, фестивальға қатысушылар осылай аталған кезеңде хореографиялық және вокалдық өнерлерін ортаға салды. Қатарластарынан оқ бойы озық болған жастар лайықты орындарға ие болды. Мәселен, «Хореография» номинациясында екібастұздық Н.Шаймерденов форумның алғыс хатымен марапатталды. Ақсулық би тобы бірінші орынға лайық деп танылса, Ертіс ауданының бишілері екінші орынды иеленді, ал Шарбақты ауданының би ұжымы үшінші орынды місе тұтты. «Вокал» номинациясында ақсулық Е.Зағыпаровқа алғыс хат табысталды. Осы аталымда Баянауылдан келген А.Омаров бірінші орынды, Ертіс ауданының үміткері Ж.Әбішева – екінші, ал Екібастұз қаласының намысын қорғаған М.Сәбитов және А.Бұхарбеков дуэті үшінші орынды иеленді. Жастардың осындай мазмұнда өткен басқосуы форум-фестивальдің гала-концертіне ұласты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30