«Сарыарқа самалы» газетінің дөңгелек үстел шарасы
Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті «Балабақшалардағы қазақ топтарының қазақшасы қашан дұрысталады?» деген тақырыпта облыс орталығындағы қазақ балабақша-ларының ана тілін үйретуі мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» шарасын өткізді. Аталмыш тақырып төңірегіндегі мәселелерді талқылауға Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің ардагер ұстазы Қабидолла Әлібаев, облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Қабжан Еділбай, облыстық білім беру басқармасының қызметкері Шәрбат Жұмаділова, ИнЕУ-дің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Владимир Шнайдер, Павлодар қалалық білім беру бөлімі мектепке дейінгі білім беру секторының әдіскері Айжан Есмағамбетова, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тіл секторының меңгерушісі Мейрам Нұғыманов, Павлодар қаласындағы №120-шы балабақшаның директоры Алма Ақатаева, №104-ші балабақшаның тәрбиешісі Гүлзәм Қырықбаева, мектепке дейінгі №122-ші гимназияның әдіскері Айнұр Темірғалиева және тәжірибелі психолог Айман Изайқызы қатысты.
Сондай-ақ газетімізде алдын ала аңдатпа беріліп, оқырман қауымның да тақырыпқа қатысты ой қосуы сұралған еді. Өздерінің ой-пікірін, ұсыныстарын білдірген белсенді оқырмандарымыз аз болған жоқ. Осыған қарап, бұл тақырып ешкімді де бей-жай қалдырмайтынын тағы бір мәрте аңғардық.
Басы ашық нәрсе - «дөңгелек үстелдің» басты мақсаты Павлодар қаласындағы қазақ балабақша-ларындағы немесе аралас бақшалардағы қазақ топтарында ана тілді үйретудің қазіргі жағдайына назар аудару, қандай қиындықтар бар екенін таразылау, тікелей осы бағытпен шұғылданып жүрген мамандардың өзара пікір алмасуына мүмкіндік жасау, кейбір түйінді мәселелерді шешудің жаңа жолдарын, әдіс-тәсілдерін бірлесе іздестіру болды.
Бұл жөнінде шараны жүргізуші «Сарыарқа самалы» газеті Бас редакторының орынбасары Асыл Әбішев: «Дөңгелек үстелді осындай тақырыппен өткізуіміз - қазақ балабақшаларының немесе қазақ тіліндегі топтардың жұмысынан, тікелей осы бағытта еңбек етіп жүрген тұлғалардың қызметінен қандай да бір кемшілік көру, әшкерелеу, тіпті, тырнақ астынан кір іздеу емес, керісінше, ұлттың болашағына жанашырлық таныта отырып, күнделікті бетпе-бет келіп жүрген түйінді де түйткіл мәселелерді көп болып талқылап, таразылап, тығырықтан шығар жолды, тың әдіс-тәсілдерді табу ғана», - деп атап көрсетті.
Не керек, «Балабақшада қазақ тілінде тәрбиеленіп жатса да, баламыз, немереміз орысша ғана шүлдірлейді», «Баламызды туғаннан бері қазақ тілінде ғана тәрбиелеп өсіріп едік, балабақшаға барғаннан бері тілі орысшаға қарай «ойысып» кетті» деп наз айтып, хабарласушы қауым аз емес. Енді қатысушылардың пікірталасына назар аударалық.
Владимир ШНАЙДЕР,
ИнЕУ-дің әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры:
- Қазақ балабақшаларындағы немесе аралас бақшалардағы қазақ тілді топтардағы ана тілінің жағдайы - өткір тұрған мәселелердің бірі. Оны жасырып, көмескілеп еш қажеті жоқ. Менің ойымша, осы мәселені шешу үшін балабақшадағы балаларды тілді меңгеру деңгейіне қарай арнайы топтарға бөліп тәрбиелеу керек сияқты. Мәселен, қаладағы кез келген бақшаның қазақ тілді тобында 30-ға жуық бүлдіршін бар делік. Топтағы балғындардың кейбірі қазақ тілін жақсы біліп, жатық сөйлесе, енді бірінің тілі өте жұтаң болып келеді. Тілі жұтаңдардың көбі - орыс тілді отбасының балалары. Және мұндайлардың саны кей топтарда анағұрлым басымырақ. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, қазақшасы қалтырап тұрған бүлдіршіндер өзінің маңатындағы басқа да тәрбиеленушілердің жап-жақсы, жап-жатық тілінің бұзылуына әсер етеді.
Соңғы жылдары өзге ұлт өкілдерінің балалары да қазақ топтарына көптеп бара бастады. Бұл - қуантарлық жағдай. Алайда өзге ұлт өкілдерінің балаларын жеке топқа топтастырып тәрбиелесе жөн болар еді деп ойлаймын. Өйткені, туа бітті орыс тілінде тәрбие көріп, ата-аналары тек сол тілде ғана қарым-қатынас жасайтын мұндай балалар қазақ тілді топқа келгенде тәрбиешілер олармен орысша тілдесуге мәжбүр болады. Бұл жағдай қазақ тілінде тәрбие көріп келген бүлдіршіндерге кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондай-ақ балабақшаларда қазақшасы нашар балалармен жұмыс істеуге ерекше мән берілсе, тіпті, арнайы бағдарлама енгізілсе, оң нәтиже шығар еді деген пікірдемін. Жалпы, осы айтылған ұсыныстарды жүзеге асыруға әдістемелік тұрғыдан мүмкіндік бар ма деген төңіректе пікірлессек жөн болар...
Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА,
Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі білім беру секторының әдіскері:
- Балабақшада тәрбиеленушілерді қазақ тілін меңгеру деңгейіне қарай арнайы топтарға бөліп оқыту керек деген пікірмен келіспеймін. Олай жасау барлық тұрғыдан алғанда да мүмкін емес. Өйткені, балабақша - балаға тіл үйрететін мекеме емес, тәрбие беретін орын. Ең бастысы - мектепке дейінгі мекемелерде бүлдіршіндердің жақсы тәлім-тәрбие алуына мән беріледі. Сондықтан да ата-аналар баланы балабақшаға бермес бұрын отбасында тілдік қабілетін лайықты деңгейге жеткізуі қажет.
Өз басым балабақшада әдіскер болып істеп жүргенімде орыс тілді ата-аналар арасында «Балаңызды не үшін қазақ балабақшасына бердіңіз?» деген тақырыпта сауалнама жүргіздім. Сонда ата-аналардың көпшілігі: «Қазақша үйренсін деп бердік» деген пікір айтты. Алайда орысшасы басым отбасында тәрбиеленген кейбір еті тірі балалар қазақ тілін тез меңгеріп кетсе, біреулері керісінше тұйықталып қалады. Осыдан кейін балабақша мен ата-ана арасында түсініспеушілік пайда болады.
Шәрбат ЖҰМАДІЛОВА,
облыстық білім беру басқармасының қызметкері:
- Басы ашық нәрсе - балаға ешқашан тілсіз тәрбие берілмейді. Сондай-ақ оларды нұқып, түртіп тәрбие үйрете алмаймыз. Бақшадағы балалардың күнделікті сәлемдесуі, қоштасуы, іс-қимылы, қарым-қатынасы - бәрі-бәрі тіл арқылы жүзеге асатынын ұмытпайық. Қазақ балабақшалары мен аралас бақшалардағы топтардың қазақ тілін үйретудегі кемшіліктерін әр түрлі жоруға болады. Меніңше, біріншіден, ата-ана мен балабақша арасында тығыз әрі орнықты, нәтижелі байланыс болуы керек. Тәрбиешілер күн сайын ата-аналарға: «Бүгін сіздің балаңыз орысша көп сөйледі, үйде балаңызбен орысша сөйлесіпсіз ғой» немесе «Сіздің балаңыз бүгін қазақша жақсы сөйлеп жүр, үйде баламен жұмыс жасағаныңыз көрініп тұр» деген сияқты сөздерді айтып, ой салып, бағыт беріп отырулары аса қажет. Осылайша, әр баланың сөз қолданысына бақылау жасаған абзал. Айта берсек, қарым-қатынастың әдіс-тәсілдері көп қой. Солардың оңтайлы әрі тиімділерін, нәтижеге бастайтындарын екшеп алып, тұрақты қолданудың ұтымдылығы мол. Екіншіден, балабақша қабырғасында аналарға, әкелерге, тіпті ата-әжелерге арналған қазақ тіліндегі шараларды көптеп ұйымдастырып, оларды барынша қызықтыра, ынталандыра білу керек. Осындай тұрғыда қазақ балабақшасындағы немесе топтарындағы тәрбиешілердің жұмысын мейлінше ширатып, ата-аналармен қоян-қолтық байланыс жасау арқылы тәрбиеленушілер арасында қазақ тілінің кең қолданыс табуына үлес қосуға болады.
Владимир ШНАЙДЕР:
- Жалпы, балабақша «мектепке дейінгі білім беру мекемесі» деп аталады. Сондықтан да әрбір балабақша балғындарға ерте бастан білім беретін әрі мектепалды дайындайтын мекеме саналады. Егер осыны ескерсек, біз баламызды бақшаға бірдеңені үйренсін, меңгерсін деген мақсатпен береміз. Өзім ата-ана ретінде «балабақша – тек тәрбие беретін мекеме» деген пікірге қарсымын. Себебі, менің де балам бақшаға барып жүр. Оны мектепалды мекемеге тәрбиелей алмағандықтан жіберген жоқпын. Тілін, ақыл-ойын, тілдік қарым-қатынасын жетілдірсін, дамытсын деп апарамыз.
Бүгінде балабақшада тәрбиеленушілерге қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тілі де үйретілуде. Оған ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бірақ қазақ балабақшасы не үшін ашылды? Әрине, балаға қазақ тілінде білім, тәрбие беру үшін ашылды. Міне, осы мақсатты дұрыс түсінгеніміз жөн.
Қабидолла ӘЛІБАЕВ,
Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің ардагер ұстазы:
- Әр балаға алғашқы тәрбиені ата-анасы береді. Сол үшін балабақша мен отбасын бөліп қарауға болмайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала өз отбасынан алған тәрбиені кейін балабақшада, мектепте жалғастырады. Бақшаның да, мектептің де алға қойған мақсаты ортақ. Ол - балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Ал осы екеуі де тіл арқылы беріледі. Сол себепті балабақшаның іс-әрекеті тек қана тәрбиемен шектелмеуі тиіс. Онда бала тілінің сөздік қорын молайтып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін көп жұмыстар атқарылуы керек.
Балаларды тілді меңгеру деңгейіне қарай бөліп оқытуға да болмайды. Керісінше, қазақ тілін білмейтін балалар ойнау, сөйлеу арқылы білетіндерден үйренуі қажет. Теория мен тәжірибені алмастыру арқылы нәтиже шығаруға болады. Адам баласында қажеттілік болса ғана үйренеді, білмегенін білуге талпынады. Осыны мойындағанымыз жөн. Тағы бір атап өтерлігі, қазақ балабақшаларының материалдық базасы талапқа сай емес, ішкі дүниесі жұтаң. Бәлкім, бұл жағдай бақшадағы балалар тілінің дамуына кері ықпалын тигізетін шығар...
Алма АҚАТАЕВА,
Павлодар қаласындағы №120-шы балабақшаның директоры:
- Иә, баланың бойына алғашқы тәрбие ананың сүтімен, әкенің қанымен дариды. Сондықтан да жүрегінде «Мен қазақпын!» деген намыс оты бар әрбір ұлтжанды азамат ұрпағының болашағы үшін алдымен өзі алаңдауы керек, туған тіліне жаны ашуы тиіс. Өкініштісі, кейбір орыс тілді ата-аналарымыз: «Баланы үйде қарайтын адам жоқ болғандықтан осында бердік. Қазақшаға тәрбиеші өзі үйретіп алсын. Бәрібір ертең қазақ мектебіне бермейміз ғой», - дейді. Сонда біздің әлгі баланы қазақша үйретуге тәрбиелеген 3-4 жылғы еңбегіміздің далаға кеткені ме? Жалпы, қазақ балабақшаларының қай-қайсысы да қолдан келгенше жақсы жұмыс жасауға тырысады. Алайда онда да проблемалар баршылық. Мәселен, қазақ балабақшаларына қызметке келген мамандар көп тұрақтамайды. Себебі, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің мамандары тапшы болғандықтан, бақшаға математика, география немесе басқа да пәндердің мұғалімдері келеді. Олар балабақшаның бағдарламасын білмейді. Біз мұндай тәрбиешілердің сабақтарына жиі қатысып, кемшіліктерін айтып, оларды үйретуге мәжбүр боламыз. Бұдан кейін «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүріп үйренгендер осы сын мен мінді көтере алмай, базарға, басқа да салаға кетіп жатады. Оның үстіне қазір тәрбиешілердің жалақысы аз. Олардың тұрақтамауына бұл да бір себеп.
Оқырман ойы:
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ,
Павлодар қаласының тұрғыны:
- Қазақ балабақшасының қазақша сөйлемеуіне негізінен онда қызмет істейтін қазақшасы қарын ашыратын, мектепті өзге тілде бітірген қыз-келіншектер мен азаматтар кінәлі. Олар «қазақ балабақшасы ашылады» дегенді естісімен, сонда жұмысқа орналасуды ойлайды. Егерде, жұмысқа қабылдамаса, «құқымызды шектеп жатыр» деп байбалам салып, жоғары қызметте істейтін туыс-туған, тамыр-таныстарын жағалап, ақыр соңында қайтсе де жұмысқа орналасып тынады. Сол үшін қазақ балабақшасы балаларды мемлекеттік тілде тәрбиелейтін мекеме болғандықтан, онда жұмыс істейтін кез-келген маманды қызметке қабылдағанда мемлекеттік тілді білуін талап ету керек. Аспаз да, күзетші де, сыпырушы да, қоймашы да қазақша сөйлесе, балалар ауыздан шыққан әр сөзді қағып алмай ма, үйренбей ме, ал мағынасын түсінбесе қайта сұрамай ма? Міне, мәселе қайда?! Балабақша мамандары бұдан басқа ұлттық ойын түрлерін білсе, қазақ балалар әндерін білсе, қазақ ауыз әдебиетін білсе, оны тәрбиеленушілерге үйретпес пе еді? Осындай талаптар да міндетті түрде қойылуы қажет. Тағы бір назар аударатын жағдай, мамандардың өздері ұлттық салт-дәстүрге берік, тәрбиелі жан болса. Сонда ғана қазақ балабақшасы қазақша сөйлейді деп ойлаймын.
Гүлзәм ҚЫРЫҚБАЕВА,
Павлодар қаласындағы №104 балабақшаның тәрбиешісі:
- Қазақ тіліне қатысты мәселенің өзектісі аралас балабақшалардағы қазақ топтарында деп айтуға болады. Шындығын айтқанда, мұндай балабақшаларда жаңадан қазақ топтарын ашқанда ата-аналарды үгіттеп, алдап-сулап олардың орыс топтарындағы балаларын әкеліп отырғызады. Бұл балалардың көбі мүлдем қазақша білмейтіндіктен, тәрбиешілер үшін олармен жұмыс жасау өте қиын. Ата-аналардың да қазақшасы шамалы болғандықтан, баласына берілген үй тапсырмасына көмектесуге қауқарсыз. Тіпті, кейбірі өзімізден оны-мұны сөздерді орысшаға аударып беруімізді сұрайды. Оның үстіне бақшаға білім беру бөлімінен келетін құжаттар да орысша. Оны тәрбиешілер өздері аударады. Қазақша әдістемелік оқу-құралдары жетіспегендіктен, тағы да орысшадан аударып, пайдалануға тура келеді.
Оқырман ойы:
Ғазиз НҰРАЛЫ, қала тұрғыны:
-Жетпіс жыл бойы жетімдік көріп келген ана тілімізді дамытуға байланысты түрлі саясат тоғысып жатқан уақытта қазақ балаларының тағдырын көрінгеннің қолына ұстата салғанымыз дұрыс емес. Сол үшін аралас балабақшалардың тізгінін халыққа, тілге, мемлекетке жаны ашитын басшыларға аманат еткеніміз жөн болар...
Алма АҚАТАЕВА:
- Менің пікірімше, қазіргі қазақ топтарындағы тәрбиешілер ізденбейді. Өз мамандығын шын жүрегімен сүйіп, ізденген адам үшін әдістемелік құралдар жеткілікті. Көптеген балабақшалардың тәрбиешілері өздерінің сабақ жоспарларынан әдістемелік құралдар жасап, шығарып жатады. Мектепке дейінгі мекемелерге арналған қазақша журналдар да баршылық. «Жыламаған балаға емшек бермейді» демекші, тәрбиешілер өздері ізденбесе, оның аузына ешкім де ас шайнап салмайды. Тіпті, әр педагог, тәрбиеші күнделікті сабақ жоспарларын жазып отырғанда, әдістемелік құралдар өзінен-өзі шығады емес пе?.. Сол үшін адамда жұмысқа деген шынайы ниет, балаларға деген жанашырлық сезімі болуы керек.
Бақшада пайдаланып жүрген оқу-құралдарының барлығы көктен түскен жоқ, оны да мұғалімдер, тәрбиешілер жасап шығарды. Содан кейін жоғары оқу орындары мен колледждерде мұғалімдерді басқаша тәрбиелеу керек сияқты.
Мейрам НҰҒЫМАНОВ,
Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл секторының меңгерушісі:
- Қазақ балабақшаларындағы тәрбиешілер ізденбейтін, өз жұмысына немкетті қарайтын болса, онда олар неге жұмысқа қабылданады? Қалалық білім беру бөлімі мектепке дейінгі мекемелерде қызмет істейтін мамандарды аттестациядан өткізгенде олардың қабілет-қарымына қатаң бақылау жасау керек. Жұмыс істей алмайтын тәрбиешілерге шара қолдану қажет.
Балалар - еліміздің ертеңі. Оларға дұрыс бағыт-бағдар мен жақсы білім, мазмұнды тәлім-тәрбие берілуі тиіс. Ал біз ел болашағын өз жұмысына немқұрайлы қарайтын жандарға неге сеніп тапсыруымыз керек?
Владимир ШНАЙДЕР:
- Өкінішке қарай, жоғарыда айтылғандай, балабақшада жұмыс істейтін мамандар тапшы. Сондықтан, біз кемшілік іздегенше, қолымыздағы бардың қадірін біліп, көпшілік болып тығырықтан шығудың жолын іздеуіміз керек. Ол үшін алдымен балабақшалардағы әдістемелік оқу-құралдарының мазмұнын жақсартып, барлық мекемені тиімді бағдарламамен қамтамасыз етіп, ата-аналармен жиі байланыс жасап, бүгінгі көтерілген тақырыпта дөңгелек үстел шараларын ұйымдастырып тұру қажет. Сондай-ақ қазір көптеген балабақшаларға сонау Семей, Қостанай облыстарынан қуыршақ театрлары келеді. Ол үшін ата-аналар екі жүз теңгеден ақша жинайды. Мәселе қаржыда емес. Бірақ осы ретте қазақ балабақшасына келген қуыршақ театрлары қай тілде сөйлейді және оның тәрбиелік мәні бар ма? деген сауал туындайды. Тіпті, неге бізге өзіміздің облыстағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ театрының әртістеріне өтініш жасап, балаларға арналған қазақша әрі мазмұнды қойылымдарға тапсырыс бермеске?
Елбасының «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде!», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек!» деген керемет сөздерін жазып, балабақшаға неге іліп қоймасқа?.. Бәлкім, бұл әдіс бақшаға таңертең мен кеште келіп-кетіп жүрген ата-аналарға ой салар. Содан кейін тағы бір айта кететін жайт, қазір көптеген балабақшалар балаларға үй тапсырмасын бермейді. Үй тапсырмасы берілмеген соң кейбір жұмысбасты ата-ана баланың бақшада не үйренгеніне мән бермейді.
Алма АҚАТАЕВА:
- Балаға үй тапсырмасын бергенде оның денсаулық жағдайына, деңгейіне қатты назар аудару қажет. Қазір екінің бірінің омыртқасы ауырады. Экологиялық жағдайдан да болар, көптеген балалардың денсаулығы сын көтермейді. Бақшадағы бүлдіршіндер жиі-жиі ауырып қалады. Осыдан кейін біз олардың денсаулық жағдайын, қабілетін ескере отырып, әр баламен әр түрлі жұмыс жасауға, әр түрлі тапсырма беруге мәжбүрміз. Бұл - балабақшада мүлдем үй тапсырмасы берілмейді деген сөз емес.
Айнұр ТЕМІРҒАЛИЕВА,
Павлодар қаласындағы мектепке дейінгі №122-ші гимназияның әдіскері:
- Мектепке дейінгі мекемелер арнайы стандарт бойынша жұмыс істейді. Мәселен, бізде 2009-2010 жылдарға арналған баланы оқыту мен тәрбиелеудің жаңа стандарты бойынша жұмыс жүргізіледі. Оған қоса қазақ балабақшаларының әдіскерлері жиналып, әдістемелік нұсқаулықтарға қарап отырып, өздері бағдарлама жасайды, жылдық жоспар құрады. Сол бойынша тәрбиешілер күнделікті сабақ жоспарын құрып, дайындалады. Бұдан басқа бізде балабақшаларға арналған «Қарлығаш», «Қайнар» бағдарламалары мен оған қосымша хрестоматиялары бар. Соларға қарап отырып, біз өзімізше әдістемелік құрал, хрестоматия құрастырып аламыз. Кей сәтте орысша кітаптарды да қарап, тиімді тұстары болса, аударып аламыз. Бір сөзбен айтқанда, тәрбиешілер көп ізденіп жұмыс жасау керек.
Айман ИЗАЙҚЫЗЫ, психолог:
- Менің пікірімше, біз тіл туралы сөз еткенде «Қазақстанның азаматымыз» деген ұранды ұстануымыз керек. Сол арқылы алдымызға қазақтың тілін емес, Қазақстан Республикасының тілін, яғни мемлекеттік тілді дамытуымыз керек деген мақсат қойғанымыз жөн. Сонда Қазақстан Республикасында тұратын барлық ұлт өкілдері осы тілді сыйлайды. Оларға балабақшада да, мектепте де «Сен - Қазақстанның азаматысың, болашағысың. Осы елдің патриоты болуың керек» деген сөздер жиі айтылып тұрса, тілге деген қоғамдық көзқарас өзгереді.
Мектепке дейінгі мекемелерде балаға тәрбие берумен қатар тілін дамытуға да әрекет жасалады. Олардың тілін дамыту арқылы білім деңгейі көтеріліп, дүниетанымы қалыптасады. Бұдан кейін бала қоршаған ортадан көрген нәрсеге түйсінеді, түйсінген соң оны қабылдайды, еске сақтайды. Ал есіне сақтағанды сыртқа шығарады.
Сондай-ақ қай қырынан алып қарасақ та, ата-ана - баланың басты ұстазы. Ендеше, балабақшаларда да, мектептерде де, отбасында да осындай тәсілдерді қолдана отырып, патриот азаматтарды тәрбиелей аламыз.
Қабжан ЕДІЛБАЙ,
облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығының орынбасары:
- Бүгінгі күні мемлекет қазақ балабақшаларына көп көңіл бөлуде. Білім және ғылым министрлігінің тарапынан да қолдау көрсетілуде. Мәселен, аймағымыздағы қазақ балабақшаларына облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы көптеген қазақша әдістемелік құралдарды табыс етті. Қазақ балабақшасының жұмысын жандандыруға бағытталған басқа да шаралар жасалуда. Соған қарамастан, қазақ балабақшаларындағы қазақ тіліне әлі де көңіл толмайды. Неге? Менің ойымша, осы мәселе қазақ халқы аз қоныстанған аймақтарда ғана бар. Біздің өңірлердегі балабақшаның ішінде қазақтың иісі шықпай тұрғанының да себебі осында. Сол үшін біз алдымен қоғамдық идеологияны, ұлтжандылық бағытты қалыптастыруымыз керек. Санды сапаға айналдыруға күш салуымыз қажет. Себебі, қалай десек те, бұл-қоғамдық мәселе екенін мойындауға тиіспіз. Алғашқы қадамды жасадық, яғни сәл болса да қазақ тіліне деген бетбұрушылық бар. Енді екінші қадам жасауға талпынуымыз керек.
Ал аралас бақшалардағы тәрбиешілерге айтарым, кез келген шараларда Қазақстан Республикасының азаматы өз ой-пікірін мемлекеттік тілде жеткізуге құқылы. Бізге біреудің көңіліне қарап, жалтақтағанды қою қажет. Құлдық психологиядан құтылатын уақыт жетті.
Владимир ШНАЙДЕР:
- Менің тағы бір қосарым, балабақшалар арасында бәсеке болу керек. Айталық, тәрбиешілер арасында байқаулар өткізіліп жатады. Мұндай шараларды жай ғана ұйымдастырып, орын алғандарын марапаттап қоя салмай, одан нәтиже шығару керек. Жүлделі орын алғандарға көзге көрінетіндей қомақты сыйлықтар беріп, олардың әдістемелік еңбегін тәжірибе ретінде бақшаларда пайдаланса және келер жылы өзге тәрбиешілердің де осындай байқауларға қызыға қатысуына мүмкіндік жасалса... Сонда, тәрбиешілер көп ізденер еді. Тіпті, «Ең үздік әдістемелік оқу құралына» байқау жариялап, кейін орын алғандарын қосымша кітап ретінде бақшаның бағдарламасына енгізсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА:
- Жыл сайын ақпан айында республикалық, облыстық, қалалық деңгейде алдыңғы қатарлы педагогтардың арасында байқаулар өтіп тұрады. Оған қатысушылар өз жұмыстарын көпшілік алдында дәлелдейді. Ал сол жұмысы орын алса да, оны дұрыс пайдаланбау - тәрбиешілердің өз кінәсі.
Қабжан ЕДІЛБАЙ:
- Мұндай байқауларды өткізіп, соңынан жеңімпаз атанғандарға сыйлық бере салумен шектелуге болмайды. Шынымен де, әр нәрсені ұйымдастырғанда, алдына айқын мақсат қойып, нәтиже шығару керек. Содан кейін қазақ балабақшасын ешқашанда орыс балабақшасымен салыстырмау керек. Себебі, орыс балабақшасының артында Кеңес дәуірінен жалғасып келе жатқан жүз жылдық тәжірибе бар. Кезінде ел арасында «орыс мектептері мықты» деген түсінік болған. Бүгінгі күні шүкір дейік! Қазақ мектептерінің білім деңгейі өсіп келеді. Оны республикалық, халықаралық олимпиадаларда өз балаларымыз дәлелдеп жүр. Ал қазақ балабақшаларын ешуақытта өзгемен салыстырмай, қайта оларды рухтандырып отыруымыз керек.
Шәрбат ЖҰМАДІЛОВА:
- Менің пікірімше, «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей, қазақ бақшаларының орыс бақшаларынан үйреніп, тәжірибе алмасуының еш сөкеттігі жоқ. Тәжірибесіз нәтиже болмайды.
Түйін
«Дөңгелек үстелде» Павлодар қаласының қазақ балабақшаларында балдырғандарды ана тіліне үйрету мәселесі кең талқыланды. Осы бағытта қызмет етіп жүрген білікті мамандар өздерін толғантқан ойларын ортаға салып, жұмысты жақсартудың жолдары туралы пікір алысты.
«Іс тетігін кадрлар шешеді» демекші, қатысушылар ең алдымен балабақшалардағы қызметкерлердің қызмет сапасына назар аударып, арнаулы білімді мамандардың жетіспеуі салдарынан кездейсоқ адамдардың жұмысқа алынатынын айтты. Еңбекақының аздығы салдарынан кадрлар тұрақтамаушылығының орын алғаны тілге тиек болды. Қазақ балабақшаларында әдістемелік құралдар бар десек те, аралас балабақшаларда бұл құралдар жетіспейтіндігі, тығырықтан шығу жолында ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан әсіресе аралас балабақшалар үшін қажетті оқу-әдістемелік құралдарды шығару қажеттігі айтылды. Тәжірибелі де білікті тәрбиешілерді әдістемелік бағдарламалар жасауға көптеп тарту керек.
Жалпы «дөңгелек үстелде» айтылғандай, өз ісінің маманы атанған тәрбиешілерді айқындап, шығармашылық байқауларда анықтап, оларға лайықты атақтарын беріп, әйгілеу, озық тәжірибелерін басқаларға таратумен шындап айналысатын кез жетті. Тәрбиешілер еңбегін әділ бағалап, олардың алаңсыз қызмет етуі үшін еңбекақысын көтеріп, қолдау жасалу тиіс. Бұл балабақшалардағы тәрбиешілер құрамының сапасын арттыруға мүмкіндік берер еді.
«Дөңгелек үстелде» балабақша мен ата-ана арасында бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретуде тығыз байланыс жасау, ата-ана мен баланы тіл үйренуге қызықтыра білуге ұмтылу қажеттігіне баса назар аударылды. Осы мақсатта жергілікті қазақ театры балалардың сөздік қорын арттыруға, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға белсене қатысу керек деген құнды ұсыныс айтылды.
Бәсекелестік әрқашан алға бастайды десек, қазақ балабақшалары арасында бәсекелестік ахуал тудыру қажет.
Мамандар «дөңгелек үстелде» балаларды патриотизмге тәрбиелеудің ана тілін жетік меңгерумен ұштасатындығын қадап айтты.
Балабақша тәрбие орны ғана емес, сонымен бірге ол ана тілін үйрететін, ана тіліне ерте бастан сүйіспеншілігін оятатын, ана тілінің байлығын мақтаныш етуге баулитын алғашқы мектеп екенін ұмытпауымыз керек.
«Дөңгелек үстел» елімізде мемлекеттік тілді үйрету, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жағдайында, 2020 жылға дейінгі тіл дамытудың мемлекеттік бағдарламасы талқыланып жатқан кезеңде өтті десек, осындай асқаралы бағдарлама әр Қазақстан азаматының мемлекеттік тілді құрметтеп, қолдану аясын кеңейтуге үлес қосу міндетін алға қояды. Бұл игілікті іс балабақшадан бастау алатыны айқын. Ендеше қазақ балабақшаларында мемлекеттік тілді үйрету, қазақ балабақшаларының атына затын сай ету – бүкіл қоғамның, мемлекеттік ұйымдардың парызы болуы керек.
Өскенбай ТАСТЕМХАНОВ,
Нұржайна ШОДЫР.
Суретті түсірген: Т.НҰРҒАЗЫ.


