Павлодар қаласында «Жеңіс» атты балалар мен жасөс-пірімдердің аула клубы бар. Оған 200-ден астам жеткіншек барады.
Клубта барлығы сегіз үйірме құрылған десек, тоғызқұмалақ, көркемсурет, би, «Малышок» сияқты үйірмелер жақсы қырынан танылуда. Педагог А.Жапарова жетекшілік ететін қазақ тілі үйірмесіне қатысушылар көп.
Балалар самбо, дзюдо және қазақ күресін ерекше ұнатады. Оларды бұл спорт түрлеріне бапкер Т.Нұртазинов үйретеді.
Жасөспірімдер парасаттылық қасиетті қалыптастыратын спорт түрі - шахматқа да ынта танытуда.
Мұндай аула клубының шарапаты мол. Балалар бос уақытын қызықты да мазмұнды өткізіп, салауатты өмір салтына үйренеді. Шымыр да қайратты болып өседі. Спорттық жарыстар оларды жеңіске деген құштарлыққа тәрбиелейді, бәсекелес болуға үйретеді. Спортшылардың алды қалалық, облыстық жарыстарға қатысуда. Күзгі каникул кезінде клубтың 10 өкілі облыстық шахмат чемпионатына, 30 бала самбодан қалалық жарысқа қатысты.
Е.БИМАҒАНОВ,
шахмат үйірмесінің жетекшісі.
Павлодар қаласы.

