Газетіміздің өткен нөмірінде жарық көрген тікелей желі шарасының жалғасын ұсынамыз. Естеріңізге сала кетейік, бұл шараға үш мекеменің басшысы - облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Владимир Берковский, Павлодар облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Ерсайын Рахимов және зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Павлодар облыстық филиалының директоры Рысты Қанаева қатысып, халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша тұрғындардың сауалдарына жауап берген болатын. Төменде тікелей желі шарасына дейін алдын ала келіп түскен сауалдардың жауабы беріліп отыр.
Тілші:
- Ерсайын Жәкенұлы, егер қабылдаушы тарап іс-сапарға барған азаматтың тұрғылықты жерін, тамақтану, жол шығындарын өз мойнына алса, жұмыс беруші жұмысшысына тәуліктік төлем жасауға міндетті ме?
Павлодар облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Ерсайын РАХИМОВ:
- Бұл мәселе Еңбек кодексімен реттелмейді. Дегенмен, оны қарастыратын өзге де құжаттар бар. Негізі тәуліктік төлем компенсациялық шығындар қатарына жатады. Ал барлық шығындар қабылдаушы тараптан толық қамтамасыз етіліп тұрса, жұмыс беруші мұндай тәуліктік төлем жасап, қосымша қаржы беруге міндетті емес. Себебі тәуліктік төлем дегеніміз іс-сапар барысында күнделікті тамақтануына берілетін қаржы. Ал ол қабылдаушы тараптан толық қамтамасыз етіліп тұр ғой.
Редакциямызға алдын ала хабарласқан Рабқан Садықова, Гүлжан Қаскенова есімді көп балалы аналардың сауалы:
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларын беру неге кешігуде? Сондай-ақ аналарға награда неліктен салтанатты түрде табыс етілмейді?
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы Павлодар облыстық филиалының директоры Рысты ҚАНАЕВА:
- Наградаларды беру ісінің кешігуі процестің күрделі әрі кезең-кезеңімен өтуіне байланысты. Яғни, құжаттар алдымен жер-жерде жиналып, облысқа, одан кейін ҚР Президенті Әкімшілігіне жөнелтіледі. Демек, еліміздің түкпір-түкпірінен түсіп жатқан өтініштер, барлық құжаттар Астанада бір арнаға тоғысады. Сәйкесінше, баршаға бір мезгілде үлестіру мүмкін емес. Осы наградаларға сәйкес аналарымыздың зейнетақысына белгілі бір мөлшерде қосымша қаржы қосылады. Оның мөлшері 6 АЕК. Талап бойынша мұндай зейнетақыға қосымша қаржылар аналардың құжаттары Астанадан өтіп, барлығы түгел болған кезде, зейнетақы орталығына арыз жазған күннен бастап қосылады. Ал наградаларды табыс ету ісі - жергілікті әкімшіліктерге жүктелген міндет. Әрине, салтанатты түрде табыс ету аналар үшін де бір мерей ғой.
Тілші:
- Қаржылық дағдарыс кезінде облыста бірқатар жұмыс берушілер тарапынан жұмысшыларына жалақы бойынша берешек қалыптасып, арыз-шағымдар жиілеп кеткен еді? Бүгінде бұл мәселелер қаншалықты шешімін тапты?
Ерсайын РАХИМОВ:
- Шынымен де, ол кездері бірқатар кәсіпорындар жұмысшыларының алдында қарызға батып, еңбекақы бойынша берешек аз болған жоқ. Дер кезінде қолға алынған тиісті шаралардың арқасында 500 млн. теңге халыққа қайтарып берілді. Қазір, құдайға шүкір, тұрғындар еңбек терлерімен тапқан нәпақаларын алуда. Бүгінде бұл берешек 20 млн. теңгеге дейін төмендеді. Үш айдан артық жалақы төлемеген бірнеше мекеме әлі де борышын қайтарудың амалдарын жасап жатыр. Олар әрдайым бақылауымызда. Олардың бірі қолдағы мүліктерін сатып, берешектерін қайтарып жатса, бірі банкрот деп жариялануы мүмкін. Демек, сот мұндай шешім қабылдаса, кәсіпорынның активтері сатылып, борыш бірден қайтарылады.
Тілші:
- Екі жыл бойы еліміздің аумағында жүзеге асырылған «Жол картасы» бағдарламасы талай күрмеулі мәселенің түйінін шешкені баршаға аян. Әсіресе, жұмыссыздықпен күресте орны ерекше болды. Білуімізше, келесі жылы бұл бағдарлама болмайды. Владимир Александрович, енді тұрғындарды жұмыспен қамту ісі қалай жүзеге асырылмақ?
Владимир БЕРКОВСКИЙ:
- Ол рас, екі жыл жемісін берген «Жол картасы» келесі жылы болмайды. Алайда алдағы жылға тұрғындарды еңбекпен қамтудың өзге тетіктері қарастырылған. Мәселен, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы жүзеге асуда. Аймақ бойынша 42 жоба тұрғындар игілігіне жарайды. Осы бағдарлама еңбек нарығында тұрған жұмыссыздарды қамтуға қолданылады. Бұл индустриалдық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1700 тұрақты жұмыс орны пайда болады деп болжанып отыр. Себебі іске қосылатын жобалар осы болжамның жүзеге асуына жол ашады. Ал екі жыл бойы «Жол картасы» шеңберіндегі әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы бұрынғыша жүзеге асады. Тек олар «Жол картасы» деп аталмайды. Бұл мақсатқа қаржының тең жартысы республикалық қазынадан қарастырылса, қалғаны жергілікті бюджеттерден бөлінбек. Жұмыспен қамтудың бұл екі жолы өздерінің тиімділігін көрсетті. Әсіресе, жастар практикасы түлектердің алты ай болса да тәжірибе жинақтап, әрі қарай екі қолға бір күрек табуына қолғабыс жасады. Бүгінде еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасу қиын. Жас маман өзін жақсы жағынан көрсете алса, оны жұмыс беруші тұрақты жұмысқа алуы мүмкін. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жастар практикасы шеңберінде еңбектенген жас мамандардың 80 пайызы сол жерге жұмысқа орналасты. Бұл - үлкен нәтиже. Ал қаржылай төлемдер сол қалпында. Жастар практикасы бойынша түлектер республикалық бюджеттен ай сайын 20 мың теңге еңбекақы алады. Кәсіпорындар жалақы төлемейді. Әлеуметтік жұмыс орны бойынша аралас төлем жүргізіледі. 20 мың теңге жергілікті бюджеттен, ең аз дегенде 10 мың теңге жұмыс беруші тарапынан беріледі.
Тілші:
- Тағы да еңбек заңнамасына оралсақ, қызметкер жыл сайынғы кезекті демалысын өзінің қалауымен бірнеше бөлікке бөліп алуына бола ма? Қанша бөлікке бөлу рұқсат етіледі? Қызметкерлерге денсаулығын сауықтыруға берілетін жәрдемақы мөлшері заңнамада белгіленген бе?
Ерсайын РАХИМОВ:
- Заң бойынша кезекті еңбек демалысын қызметкер бөліп алуына рұқсат етіледі. Жұмыс берушінің келісімімен бірнеше бөлікке бөлуіне болады. Баршаға белгілі, мемлекеттік қызметкерлерге денсаулығын сауықтыруға жәрдемақы екі еңбекақы көлемінде, азаматтық қызметкерлерге бір еңбекақы мөлшерінде төленеді. Ал жұмысшылардың жекелеген категорияларына келетін болсақ, оларға жасалатын мұндай жағдай жеке еңбек шартында немесе ұжымдық шартта көрсетілуі тиіс. Көптеген кәсіпорындарда мұндай көмектер әлеуметтік пакеттерде белгіленеді.
Тікелей желіге дейін Успенка ауданы, Галицкое ауылының тұрғыны Т.Цисардан алдын ала түскен сауал төмендегідей өріліпті:
- Мен ауылымыздағы «Ақбота» балалар бақшасында күзетші болып жұмыс істеймін. Бізге ауырғанымызды куәландыратын анықтама негізінде және мерекелік күндердегі жұмысымыз төленбейді? Осы дұрыс па?
Ерсайын РАХИМОВ:
- ҚР Еңбек кодексінің 159 бабының 1 тармағына сәйкес жұмыс беруші өздерінің қаражаттары есебінен жұмысшыларына уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті. Ол үшін жұмысшының қолында куәландыратын заңды анықтамалары болуы тиіс. Мұндай жәрдемақылар төленбейтін жағдайлар да болады. Мәселен, жұмысшы қылмыс жасап, кінәсі анықталып, сот шешімі күшіне енген болса, қылмыстық әрекеті кезінде алған жарақатынан уақытша еңбекке жарамсыз деп танылса, жәрдемақы төленбейді. Соттың шешімімен жұмысшыны мәжбүрлі түрде емдеу кезінде, жұмысшының қылмыс жасағаны жөнінде кінәсі анықталса, оның тұтқынға алыну және оған жүргізілген сот-медициналық сараптамаға жұмсалған уақытқа жәрдемақы төленбейді. Алкогольді ішімдік, нашақорлық және токсикологиялық заттарды пайдалану салдарынан сырқаттанып, жарақат алып, уақытша еңбекке жарамсыз деп танылса, жұмысшыға жәрдемақы берілмейді. Ал бұл әлеуметтік жәрдемақының мөлшері, оны белгілеу тәртібі ҚР Үкіметінің 2007 жылдың 28 желтоқсанында бекітілген № 1339 қаулысына сәйкес анықталады. Демалыс және мерекелік күндердегі төлем ҚР Еңбек кодексінің 128 бабына сәйкес жұмысшының күндізгі (сағаттық) ставкасы негізінде екі есе мөлшерден кем болмауы тиіс. Еңбек заңнамасын бұзған азаматтар белгіленген тәртіпте жауапкершілікке тартылады.
Тілші:
Павлодар қаласының тұрғыны туберкулезбен ауыратын адамға қандай көмек көрсетілетінін білгісі келеді.
Владимир БЕРКОВСКИЙ:
- Павлодар қаласында «Жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек» атты 007 бюджеттік бағдарламаға сәйкес бекітілген іс-шаралар негізінде амбулаторлық емделу кезінде туберкулезбен ауыратын бір адамға 10 мың теңге көлемінде және жолға 5 мың теңге көлемінде бір реттік ақшалай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тізімі бойынша туберкулезге шалдыққан тұрғындар арнайы асханада тегін тамақтана алады.
Алдын ала хабарласқан кезекті бір тұрғынның сұрағы мынадай:
- Бір ай бұрын бас бостандығынан айыру мекемесінен босап шыққан едім. Жұмыс таба алмай жүрмін. Еш жер қабылдамайды. Кімнің көмегіне жүгіне аламын?
Владимир БЕРКОВСКИЙ:
- Әрине, сізді бірден кез келген жер құшақ жая қарсы алмайды. Дегенмен, тығырықтан шығудың жолдары бар. Қолданыстағы ҚР «Тұрғындарды жұмыспен қамту» Заңына сәйкес түзету мекемелерінен босап шыққан азаматтар мақсатты топтарға жатады. Сондықтан оларға республикалық және жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жұмыс орындары құрылады. Сіз сондай-ақ кәсіби даярлық және қайта даярлау курстарынан өтіп, біліктілігіңізді арттыру мүмкіндігіне де иесіз. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың сәуірінде заң бас бостандығынан айыру орындарынан босағандарға жұмыс орындарының квотасын белгілеу нормасымен толықты. Жұмыс орындарының квотасы жергілікті атқарушы органдардың шешімімен белгіленеді. Демек, сіз жұмысқа орналасу үшін тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі құзырлы орган көмегіне жүгіне аласыз.
Тікелей желіні жүргізген –
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

