Кітапхана – барлық адамды рухани азықпен қамтамасыз ететін баға жетпес байлық ордасы. Баянауыл ауданындағы мектеп-интернаттың кітапханасы - мектеп оқушылары мен ұстаздарының санасын асыл мұрамен нұрландырып отырған ошақ. Мұндағы кітап қоры 8 мыңнан асады.
Кітап сөрелеріндегі оқулықтар мен жинақтардың саны мен сапасын арттыру үшін биыл мектеп-интернаттың бюджетінен 3 миллион теңге қаражат бөлінген. Кітапхана меңгерушісі Ермек Мұқатованың айтуынша, бөлінген қаржы және «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Атамұра», «Алматы-кітап», «Фолиант» баспаларынан мыңдаған кітаптар алынған. «Биыл 56 томдық батырлар жырын сатып алдық. Ендігі кезекте білім ордасы бөлген үш миллион теңгеден қалған қаражатқа тағы да басқа кітаптарды алу үшін тапсырыс беріп қойдық. Биылғы оқу жылынан бастап кітапханаға балаларға арналған қызықты кітаптар көптеп әкелінді. Әңгімелер мен ертегілер, аңыздар мен өлең жинақтары оқушылардың сүйіп оқитын мұрасына айналды. Әдебиетсүйер оқырман үшін қазақ классиктері кітаптарының әрбіреуінен он данадан келді», - деді Ермек Қабдылқызы. Кітапхана меңгерушісінің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері мұнда 5 мыңнан аса кітап келіп түсіпті. «Биыл кітапхана ұжымы кітап қорын молайту мақсатында тұрғындар арасында акция ұйымдастырды. Акция барысында оқушылар мен ұстаздар, аудан тұрғындары мектеп кітапханасына 1 мыңнан аса кітап тарту етті. Мұндай акцияларды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз»,- деді кітапхана меңгерушісі Ермек Мұқатова. Сондай-ақ, кітапханаға орыс классиктерінің де кітаптары пайдалануға берілген. Қуантатыны, мұнда қазақ тілді кітаптар өте көп. Олардың ұзын саны 6 мыңды құрайды.
Кітапхана ұжымы әрбір айтулы мереке сайын мәдени іс-шаралар ұйымдастыруда кенде қалған емес. Олар жуырда ғана «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша Жұбан Молдағаливтің шығармашылығына арналған кеш өткізді. Сондай-ақ кітапханадан Ертістің Павлодар өңіріне танымал ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған арнайы таным бұрыштарынан үлгі-өнеге алуға болады. Кітапхана - аудан тұрғындары мен мектеп оқушыларымен тығыз қарым-қатынаста. «Оқырмандардың сұранысын әрдайым қанағаттандыруға тырысамыз. Егер олар сұраған кітап табылмай жатса, электронды оқулықтар арқылы іздеуге мүмкіндік бар. Одан қала берді, интернет желісі арқылы да көптеген мәліметтерді тауып алып, оқырманның сұранысын қанағаттандыруға болады»,- дейді кітапхана меңгерушісі. Кітапхана ұжымы республикалық және облыстық мерзімді басылымдарға үнемі жазылып отырады.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Баянауыл ауданы.

