ҚАЗАҚ ДЕГЕН ХАЛЫҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІ - СЕНДЕРСІҢ...

Ертеңін ойлаған ел әманда болашақ иесі – жастарына қамқорлық пен қалыпты жағдай жасауды қолға алады. Баланы, тіпті, бесікте емес, ана құрсағында жатқаннан жақсылыққа баулиды. Түн ұйқысын төрт бөлген ана мейірімін жалғастыруды кейіннен ұстаздар қауымы өз мойнына алатыны да - заңдылық. Ұрпағымыздың білікті болуына атсалысып жүрген Ақтоғай ауданы Қ.Нығманұлы атындағы орта мектепте болғанымызда бұған көзіміз тағы бір мәрте анық жетті.

 

Павлодар облысы әкімдігі, облыстық ішкі саясат басқармасының «Аналитикалық ақпарат орталығының» директоры бастаған тілшілер тобын оқу ордасының ең кішкентай бүлдіршіндері әуелеген әнмен, мың бұралған бимен қарсы алды. Осы тұста бір айтып өтерлігі, мектепте таңғы дене шынықтыру жаттығуларын биылғы оқу жылынан бастап ұлтымыз ұлықтап жатқан «Қара жорға» биімен алмастырыпты. Расында, бір жағынан ата-бабаларымыздың бойында болған құндылыққа баулу болса, буын-буынды түгел қозғайтын бұл би - нағыз дене шынықтырудың өзі.

Мерзімді басылымдарға жазылу науқанына арналған шаралар «Айналайын – менің сырласым» атты ертеңгілікпен басталды. Сапалы білім мен саналы тәрбие берудің үзеңгісін қатар тартқан ұстаздар қауымы оқушылардың шығармашылығын шыңдай түсуде облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі «Айналайын» қосымшасының орны ерекше екендігін айтады. Мектеп тәрбиеленушілері үнемі аталмыш басылымға өз тырнақалды туындыларын беріп тұрады екен. Айзада Төлеутемір «Айналайын» арқылы қаламын ұштап, бүгінде мектепішілік «Жас қалам» газетін ұйымдастырушылардың біріне айналған. Оқу үлгерімі жақсы ол өнерден де құр алақан емес. Көпшілік алдында Нұржан Төлеутемір екеуі «Қара жорға» биін жоғары деңгейде орындап шықты.

Бүгінгі таңда мектеп сонау сексенінші жылдары халқымыздың айтыс өнері ұмыт бола бастағанда республикалық, облыстық додаларда Ертістің Павлодар өңірінің намысын қорғаған айтыскер ақын Қимадиден Нығманұлының есімімен аталады. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дәметкен Жүсіпованың жетекшілігімен Мәдина Қабдуахит, Аңсат Сансызбай, Сағындық Жантеміров пен Мақсат Қайыр сынды бүлдіршіндеріміз сөз қақтығыстырған кезде, «дүбірлі додада топ жаратын болашағымыз осылар екен ғой»,- деп таң қалысты көрермен. «Қазақ деген халықтың келешегі - сендерсің»,- деп қимастықпен қоштастық.

Ұлағатты ұстаздар ұжымына жетекшілік етуші - жас маман Ғалымбек Жантеміров. Біз болсақ өз тарапымыздан оған жаңа басшылық қызметі жолында тек қана сәттіліктер тілейміз.

Бұдан кейін оқырман қауым «Газет –жаңалық жаршысы» тақырыбындағы оқырман конференциясында бас қосты. Бүгінгі оқырманның талғамы да талабы да күшті. Мәселен, бір кездері мұндай кездесулерде жеке бастың қамына қатысты мәселелер көтерілсе, қазір әркім өзіне керекті материалдардың көптеп шыққанын қалайды. Біреулері емдік шөптер туралы ақпарат болғанын қаласа, енді бірі өнертапқыштар туралы мағлұматтың болғанын сұрайды. Ендігі жерде оқырман ойымен бөліссек.

 

Н.Әлжанов:

- Шындығына келгенде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамды ілгері бастау бағытындағы орны бөлек. Елдің еңсесін биіктете түсу жолында газет-журналдарды көп оқитын азаматтардың өзгеден көш ілгері тұратыны да жасырын емес. Мен өз басым басылымдарыңыз бетінен «Бағбан күнделігі» айдарын көргім келеді. Яғни, қыс қамын жаз, ал жаз қамын қыс ойлайтын отандастарымыз көктемнің қай уақытында қандай жеміс-жидек түрлерін отырғызу керектігін біліп жатса, мұның бұқараға тиер пайдасы зор болатынына сенімдімін.

 

М.Жансейітова:

- Өз басым өмірімнің саналы уақытын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жанмын. Ұстаздық ете жүріп өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі газет еншісіне тиер ауыртпалықты жақсы сезінемін. Болашақта халқымыздың тарихына байланысты, салт-дәстүрлерін дәріптейтін мақалаларды көптеп көргіміз келеді. Тіпті, жас отбасыларға арналған арнайы бет болса, онда отбасын жоспарлаудан бастап, келіндерімізге бала өсірудің алдыңғы шарттары да медициналық тұрғыда үйретіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Дәулет Дүйсенбаев:

- Мен биыл тоғызыншы сыныпта оқимын. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап шығармашылық шабытымды шыңдауға қосқан «Айналайын» қосымшасына ризашылығымды білдіремін. Мұғалімдерімізбен бірге сабақтан тыс уақыттарда газетте жарық көрген мақалаларға шолу жасап, ондағы сөзжұмбақтар мен ребустарды шешеміз. Газеттердегі жаңашылдықтар біздің де қызығушылығымызды арттыра түседі. Ондай сәттерде өз ойымызбен бөлісуді жөн көреміз.

 

Дайындаған Жұмабек СМАНОВ,

Жаңабет ауылы,

Ақтоғай ауданы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31