Таяуда облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Аналитикалық ақпарат орталығы» кәсіпорнының басшылығы, сондай-ақ аталмыш орталық құрамындағы мерзімді басылымдардың – «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» және «Регион.kz» газеттерінің журналистер тобы Ақсу қаласында болып, оқырмандармен жүздесті. Журналистер тобының бір күндік жұмыс сапары барысында Ақсу қаласындағы №2 орта мектебінде маңызы мен мәні жоғары екі шара ұйымдастырылды. Алдымен аталмыш мектептің мәжіліс залында оқушылардың дәлелді пікірсайыс, яғни дебат турнирі өткізілді. Ақсу қалалық білім бөлімінің бастығы Серік Сұлтанов, сондай-ақ бөлімнің қызметкерлері, қала мектептерінің оқушылары мен ұстаздары қатысқан, жалпы саны 700-ге жуық көрермен жиналған дебат шарасында №2 орта мектептің «Болашақ» және қаладағы қазақ гимназиясының «Жас ұлан» командалары «Бұқаралық ақпарат құралдарына заманауи көзқарас немесе Интернет мерзімді басылымдардың қызметінде ме?» деген тақырып төңірегінде өзара пікірталасқа түсті. №2 мектептің намысын қорғаған «Болашақ» командасының құрамында Гүлсая Серікова, Әсемгүл Байболатова, Айзере Жауылбаева, ал қазақ гимназиясының намысын қорғаған «Жас ұлан» командасының құрамында Мөлдір Шәймерден, Алмас Бақасов, Дәулен Ақбай өздерінің ұтымды әрі дәлелді ой-пікірлерін ортаға салды. Спикерлердің әрқайсысы берілген тақырып бойынша өз көзқарастарын шешен де шебер тілмен жеткізіп, тақырып бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнамаларын да алға тартты. Түптеп келгенде, қатысушылар мерзімді басылымдардың да, интернет желісінің де ақпараттық тұрғыда маңызы жоғары деген байламға келді. Ең бастысы – басылымдар мен интернет материалдарының өзара артықшылықтарын, пайдалы тұстарын, өзгешеліктері мен ерекшеліктерін ашып көрсетті. Командалардың мүшелері өздерінің ой-пікірлерін облыстық «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» және «Регион.kz» газеттерінің мысалы негізінде ұсынды. Команда мүшелерінің әрқайсысы тақырып төңірегінде өз ұстанымдарын, көзқарастарын барынша дәлелді түрде қорғауға тырысты. Дебат турнирі жиылған көпшіліктің көңілінен шықты. Екі команданың жанкүйерлері де жан-жақты қолдау жасап, демеп отырды.
Қалалық оқу бөлімінің қызметкерлерінен, сондай-ақ кәсіби журналистерден құралған қазылар алқасы командалардың тақырып бойынша келтірген уәждерін таразылап, лайықты бағасын беріп отырды. Қала берді, қатысушылардың ой-пікірлеріне, сөз саптастарына, дәлсіздіктеріне қатысты сын-ескертпелер де айтылмай қалмады.
Журналистер сапарындағы аса маңызды шараның бірі оқырмандар конференциясы болды. №2 мектептің мәжіліс залына 700-ге жуық адам жиналды. Конференцияға Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Ержан Рахымжанов қатысып, қаланың қазіргі даму көрсеткіштері, сондай-ақ мерзімді басылымдар – облыстық газеттермен қарым-қатынас туралы баяндады. «Аналитикалық ақпарат орталығы» кәсіпорнының директоры Нұржамал Тышқанова жүргізген жүздесуде облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің бас редакторы Юрий Поминов газеттің мысалы негізінде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру мәселелері сабақтастығының тарихи аспектілері», «Сарыарқа самалы» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Асыл Әбішев «Ақпараттық-коммуникативті технологиялардың қанат жаюы жағдайында бүгінгі баспасөздің даму үрдісі», С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің саяси зерттеулер аймақтық Орталығының директоры, саяси ғылымдарының докторы, «Саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының профессоры Ғабит Иренов «Заманауи мерзімді басылымдар ақпараттық-коммуникативтік технологиялар желісінде», ЭЕК кәсіпорнының жалпы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті, Ақсу қалалық мәслихатының депутаты Т.Носачева «БАҚ арқылы жоғары азаматтық белсенділікті және өз ісіне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру», Павлодар қалалық №2 ауруханасының бас дәрігері Ораз Мұқашев «Мемлекеттік органдар мен облыстық газеттердің медиа-жобасы – жаңа үлгідегі әріптестіктің тың бағыты», Ақсу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Залмұқан Арынов «Отбасы және бұқаралық ақпарат құралдары», Еңбек ауылындағы орта мектептің директоры, Ақсу қалалық мәслихатының депутаты Гүлзира Валеулина «Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ауыл тұрғындарын ақпараттандыру», Үштерек ауылындағы орта мектептің директоры Ғалия Әмірханова «Балалар бойындағы адамгершілік-этникалық құндылықтарды және шығармашылық қабілетті дамытуда газеттердің ролі мен ықпалы» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Оқырмандар конференциясы тартымды әрі қызықты, ең бастысы – мазмұнды деңгейде өрілді. Жиылған қауым баяндамашыларға өз сауалдарын қойып, орнықты жауаптар алды.
Сонымен қатар жұртшылыққа облыстық басылымдар, оларда қызмет ететін журналистер туралы бейнебаян көрсетілді. Газеттердің дербес сайттары және «Аналитикалық ақпарат орталығының» интернет порталы таныстырылды.
Ақу қаласы мен ауылдық аймағының тұрғындары облыстық үш басылымның бүгінгі бет-бедері жайлы өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.
Оқырмандар конференциясының соңында марапаттау рәсімі жүзеге асырылды. Оқушылардың дебат турниріне қатысушыларға «Аналитикалық ақпарат орталығы» кәсіпорнының естелік сыйлықтары мен дипломдары табысталды. Пікірсайыс турнирінде жеңіске жеткен спикерлерге «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья» және «Регион.kz» газеттеріне бір жылға жазылу түбіртектері сыйға тартылды.
«Сарыарқа самалы» газетін көп жылдан бері тұрақты серік етіп келе жатқан зейнеткер Шәміл Қанкеев, Рысты Мұстафина, Қаршыға Шаяхметов арнайы Алғыс хаттарға және бағалы сыйлықтарға ие болды. Аталмыш басылыммен тұрақты әріптестік байланыс орнатып келе жатқан Ақсу қалалық «Ақ жол» газетінің тілшісі Шамшат Жүнісқалиға да Алғыс хат пен сыйлық берілді.
Ал «Айналайынның» белсенді авторлары – Ақсу қаласы М.Омаров ауылындағы мектептің 9-сынып оқушысы Бақытхан Оразбек, Ақсу қаласы №1 мектептің 3-сынып оқушысы Аяулым Құсайын, №2 мектептің 5-сынып оқушысы Абылай Маденов, Парамоновка ауылындағы мектептің 8-сынып оқушысы Бақытнұр Бейсенбай және Үштерек ауылындағы мектептің 8-сынып оқушысы Серікбол Сейіл Алғыс хаттар мен сыйлықтарға қол жеткізді.
Сонымен қатар, «Аналитикалық ақпарат орталығы» атынан тұрақты әріптестік жасап келе жатқаны үшін «ЭЕК» кәсіпорнының президенті Абдуазим Рустамбаевқа және бірқатар пошта бөлімшелерінің басшыларына Алғыс хат ұсынылды.
Конференция соңы Ақсу қаласының тұрғыны, 9-сынып оқушысы, көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, қоғамдық шаралардың, сондай-ақ басылымдардың жазылу науқанының белсенді қатысушысы Дамира Мәжитованың концертіне ұласты. Әнші Дамира арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Облыстық басылымдардың Ақсу қаласындағы жұмыс сапарына ақпараттық қолдау көрсеткен «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының және облыстық радионың басшылығына алғыс білдіреміз.
Ақсулық тұрғындар оқырмандар конференциясының мазмұнды әрі пайдалы болғанын бөле-жара атап көрсетті. Осындай ауқымдағы іс-шаралар жиі ұйымдастырылса деген тілектерін де іркіп қалмады.
Өз тілшіміз.



