ІРІ ҒАЛЫМ, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Егемен еліміз Қазақстанның экономикасын өрге бастыру жолында көптеген ғалымдар жемісті қызмет етуде десек, солардың қатарында экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбілда Әмірханұлы Әлімбаев бар. Мемлекетіміздегі және одан тыс жерлердегі ғылыми жұртшылық Ә.Әлімбаевтың шығармашылық әлеуеті зор екенін мойындап, ғалымдық және ұстаздық қызметіндегі үлкен жетістіктеріне жоғары баға беруде. Өмірдің үлкен мектебінен өткен ғалым-ұстаз Ертістің Павлодар өңіріндегі ғылым жолына түскен талабы таудай жастарға ағалық қамқорлық жасап, жерлестеріміздің ғылыми атақтарға ие болуына белсене атсалысып келеді. Ол С.Торайғыров атындағы ПМУ-мен, ИнЕУ-мен тығыз қарым-қатынас жасап, ынтымақпен еңбек етуде.

 

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халқымыз. Балалық шағы қаһарлы жылдарда, Ұлы Отан соғысының халыққа ауыртпалық әкелген кезінде өткен ол кішкентайынан еңбексүйгіш, мақсатшыл болып қалыптасып, ерте есейеді. Қарағанды облысындағы жетім балаларға арналған мектеп-интернат түлегі сапалы білім алумен бірге тәлім-тәрбие көрген жас азамат болып, өмірге қанат қағады.

Ә.Әлімбаев 1953 жылы Қарағанды тау-кен институтына түсіп, бұл оқу орнын 1958 жылы тәмамдайды. Жас маман еңбек жолын өндірісте бастайды. «Ленинуголь» тресіне қарасты шахтада көмір өндіру учаскесінің инженер-техникалық қызметтерін мүлтіксіз атқарады.

1964-1975 жылдар аралығында ол өз өмірінің жаңа белесіне көтеріледі. Бұл жылдары мемлекеттік тау-кен машиналарын жобалау институты мен Бүкілодақтық жобалау-конструкторлық көмір институтында қызмет істейді. Бұл құрылымдарда жаңа техникалар сыннан өтіп, Қарағанды мен Жезқазған кеніштерінде қолданылады.

-1969 жылдың наурыз айы мен үшін бетбұрыс болған кезең еді, деп еске алады Әбілда Әмірханұлы.

Дәл сол наурыз айында ол Қазақ КСР Ғылым академиясы экономика институтының ізденушісі болып қабылданады. «Күрделі салымдар мен жаңа техника тиімділігінің проблемалары» бөлімінің меңгерушісі О.Баймұратов жетекшісі болып тағайындалады.

Сөйтіп, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ораз Баймұратұлының жетекшілігімен Ә.Әлімбаев Қазақстандағы экономика саласындағы ғылыми-зерттеудегі бұрын-соңды болмаған жаңа бағыт күрделі салымдар тиімділігін арттырудың бастауында болады.

О.Баймұратов кандидаттық диссертацияның ғылыми жетекшісі, кейінірек Ә.Әлімбаевтың докторлық диссертациясының ғылыми кеңесшісі ретінде оған ғылыми-зерттеу қызметіндегі өзінің ерекше әрекеттерімен ықпал етеді, оның парасаттық әлеуетін қалыптастыруға жағдай жасайды.

Ізденуші ретінде Ә.Әлімбаев бөлімдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене қатысады. 1975 жылы ол диссертациясын ойдағыдай қорғап, экономикалық ғылымдардың кандидаты атанады. Диссертациясында көмір өнеркәсібінде жаңа техниканы қолданудың экономикалық бағасының әдістемелік негіздері қаралды, техниканы пайдаланудың тиімділігін арттырудың экономикалық-математикалық модельдері ұсынылды.

Ә.Әлімбаевтың табысты ғылыми қызметін байқаған Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры академик Е.А.Букетов жас маманды өзіне шақырады. Профессорлық-оқытушылық құрамды нығайту мақсатымен «Статистика мен есеп» кафедрасына аға оқытушы етіп тағайындайды. Ол осы қызметке қабылдау жөніндегі конкурстан сүрінбей өтеді. Сөйтіп, өмірлік жолындағы жаңа белесжоғары оқу орнындағы оқытушылық қызметі басталады.

Ә.Әлімбаев Қазақстандағы екінші болып саналатын Қарағанды мемлекеттік университетінің негізін қалаушылардың алғашқы тобынан табылады. Ол республика жоғары мектебін ұйымдастырушылар, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Е.Бөкетов пен З.Молдахметовтердің басшылығымен тығыз байланыста еңбек етеді. Өз қызметінің осы бір кезеңін ол ризашылықпен еске алып отырады.

1981 жылдың сәуір айының басында экономика институтының Қарағанды бөлімі құрылып, оған мамандар шақырылады. Облыстық партия комитеті Ә.Әлімбаевтың ғылыми зерттеудегі және оқытушылық қызметтегі жинақтаған мол тәжірибесін ескере отырып, экономикалық институттың жаңа ашылған Қарағанды бөліміне меңгеруші етіп тағайындауды ұсынады.

Бұл ұйымда зерттеушілердің үлкен ұжымы қалыптасқанын айту керек. Орталық Қазақстандағы өндірістік ресурстарды пайдалану және тиімділігін арттыру жөнінде көптеген жұмыстар атқарылады. Институт аймақта экономикалық ғылымның жас кадрларын қалыптастырып, кәсіби жағынан өсуіне ерекше көңіл бөлді.

1986 жылы Ә.Әлімбаев ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене қатыса отырып, экономика ғылымдары докторының диссертациясын ойдағыдай қорғайды. Докторлық диссертация 1970-1980 жылдар аралығындағы жасалған теориялық ережелер бойынша ғылыми-техникалық прогрестің әлеуметтік-экономикалық тиімділігін көтеру проблемаларына арналған болатын. Бұл бағыттар қазіргі кезде де өміршеңдігін жоғалтқан емес.

1989 жылы Қазақ КСР экономика институтының құрылымында Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық Қазақстан бөлімшесінің қоғамдық ғылымдар бойынша орталығы құрылады. Мұндағы мақсат Орталық Қазақстан үшін маңызды болып табылатын экономика, социология, философия мен басқа да қоғамдық ғылымдардың проблемалары бойынша ғылыми зерттеулерді жүргізіп, үйлестіру болатын. Ә.Әлімбаевтың мақсатшылдығы, табандылығы арқасында қоғамдық ғылымдар орталығының ғылыми әлеуеті нығайды. Орталықтың бес бөлімінде 30 ғылыми қызметкер еңбек етсе, олардың үшеуі ғылым докторы және сегізі ғылым кандидаты болды. Орталық экономика ғылымдары кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі аймақтық диссертациялық кеңестің базасы болып белгіленді.

Бұл кезеңде Ә.Әлімбаевтың ғылыми жұмыстарының өрісі кеңейе түседі. Атап айтқанда, отын-энергетика кешендеріндегі ғылыми-техникалық прогресс тиімділігінің проблемалары, Орталық Қазақстандағы тау-кен өндіруші кәсіпорындардың қоршаған ортаға зиянын тигізуін болжау және бұл мәселені реттеп отыру, осы өңірдегі өндірістік бірлестіктердің шаруашылық есеп механизмін жетілдіру және өндірістің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу сияқты ғылыми ізденістерге ден қойды. Ғылыми зерттеулер республикаға мәлім болды. Халықаралық байланыстар нығайды. Мәселен, 1990 жылы Ә.Әлімбаев Қазақ КСР ҒА қоғамдық ғылымдар орталығының ғалым-экономистерінің ғылыми делегациясын басқарып, Қытай Халық Республикасында болады.

Республика экономикасын реформалау көлемінің артуы жағдайында фундаменталды ғылыми еңбектерге негізделген аймақтық саясат жүргізу қажет болды. Аймақта экономика мен басқа гуманитарлық ғылымдар проблемаларын зерттеп, үйлестіру керек еді. Осыған байланысты Қоғамдық ғылымдар орталығы негізінде Қарағанды қаласында экономика институтының филиалы құрылды.

Мемлекеттің тәуелсіздік алуы мен демократиялық өзгерістердің орын алуы ірі аймақтарды кешенді дамытудың жолдарын көрсететін саясат жүргізуді талап етті. Осыған орай, экономика институты филиалы негізінде Қарағандыда әлеуметтік-экономикалық проблемалар жөніндегі дербес институт ашылды. Ол 1998 жылы құрылып, «Нарықтық қатынастар институты» республикалық қазыналық кәсіпорны деп аталды. Нарықтық қатынастар институтының қалыптасуы мен дамуына Ә.Әлімбаев көп еңбек сіңірді. Ол өзінің өмірлік үлкен тәжірибесіне сүйене отырып, ұйымдастырушылық дарынымен ерекше көзге түседі.

Институт қалыптасқан жиырма жылға жуық уақыт ішінде жоғары білікті мамандардың үлкен тобы қанат қақты.

Аймақтық экономика ғылымын дамытуға жетекшілік еткен Ә.Әлімбаев өзіне адал да сенімді көмекші болған, моральдық жағынан қолдау көрсеткен әріптестеріне ризашылық сөздерін айтуға асығып жүреді.

Республиканың Ұлттық Академиясы жүйесінде қызмет ете отырып, профессор Ә.Әлімбаев педагогикалық қызметін тоқтатқан емес. Мысалы, 1989 жылдан қазірге дейін ол Қарағанды кооперативтік институтында (қазір Қарағанды экономикалық университеті) әуелі «Статистика және есеп» кафедрасының меңгерушісі, содан кейін «Экономика және менеджмент» кафедрасының профессоры болады. 1990 жылы кооперативтік институт Ә.Әлімбаевқа профессор ғылыми атағын береді. КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы бұл атақты бекітті. Осы жоғары оқу орнының бірқатар жас оқытушылары, түлектері докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғап, ғалым атанады.

Білім мен ғылымды ұштастыра отырып, жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатымен «Нарықтық қатынастар институты» Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне қосылады. Профессор Ә.Әлімбаев нарықтық қатынастар институтының және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті экономика факультетінің қызметкерлері кірген ғылыми-білім беру кешенінің директоры болып тағайындалады.

Ғылыми жұмыстарға студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамды тартуды дұрыс көрген Ә.Әлімбаев осы мақсатына жету үшін мемлекеттік емес мекеме «Аймақтық даму институтын» ұйымдастырады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу гранттарының қолдауымен бірқатар монографиялар, сондай-ақ кандидаттық және докторлық диссертациялар дайындалды. Бұл диссертациялар кейін табысты қорғалды.

Ә.Әлімбаевтың жетекшілігімен институттың беделі арта түседі. Бұған экономикалық еңбектердің жақсарып, аймақ экономикасын дамытуға пайдасы тигені дәлел бола алады.

Ә.Әлімбаевтың ғылыми ізденістерінде қаржы-кредит жүйесінің қалыптасуы мен дамуы, соның ішінде қаржы нарығының мәселелері үлкен орын алады. Бұл проблемаға «Аймақты дамытуда банктік кредит берудің рөлін арттыру», «Қазақстанның қаржы-кредит жүйесі: өзекті проблемалар мен даму перспективалары» деген монографиялар басқа да мақалалар мен баяндамалар арналды.

Ә.Әлімбаев елдерде, сондай-ақ жекелеген өңірлерде бәсекелестікті көтеретін, әлем экономикасында көшбасшы болған экономика дамуының кластерлік моделін байсалдылықпен терең зерттеуде. Осы проблемаға арнап көптеген мақалалар жариялап, баяндамаларды оқыды.

Профессор Ә.Әлімбаев «Аймақтық даму институтының» директоры болған кезінен бастап Қарағанды облысының әкімдігімен және іскер адамдармен бірге жемісті қызмет етіп келеді. Ол осы өңірде кластерлік модельді құрып, дамытуға көп күш-жігерін жұмсауда.

Ә.Әлімбаевтың 300 ғылыми еңбегі отандық және шетелдік басылымдарда жарияланды. Ол 30-дан астам кітаптың авторы және авторларының бірі. Өзінің мерейтойы қарсаңында Ә.Әлімбаев фундаментальдік үш томдық басылымын жариялады. Ғалымның бұл еңбегі Қазақстанда, одан тыс жерлерде жоғары бағасын алды.

Ә.Әлімбаев ғылыми жұмыстарын үлкен ғылыми-ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыспен ұштастыруда. Ол көптеген жыл ішінде Бүкілодақтық экономикалық қоғамдастықтың Қарағанды бөлімшесінде төраға болып еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы КСРО ҒА-ның «Негізгі қорлардың, күрделі салымдар мен жаңа техника» ғылыми кеңесі Қазақ филиалының мүшесі, Бүкілодақтық экономикалық қоғамның қазақ республикалық басқармасының мүшесі болды. Қазір ол – Қарағанды облысы әкімі жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Қарағанды аймақтық бөлімшесінің мүшесі.

1993-2000 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының нарықтық қатынастар институты жанындағы кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі алғашқы диссертациялық кеңестің төрағасы, 2000-2004 жылдар аралығында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы болды. 2005 жылдан бері Қарағанды экономика университетінде докторлық, кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі. Көп жылдар бойы (1989-2000 ж.ж.) Қазақстан Ғылым Академиясы экономика институтында докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі болып, көп іс атқарды.

Профессор Ә.Әлімбаев Алматы, Астана, Мәскеу, Бішкек, Қарағанды қалаларында көптеген докторлық және кандидаттық диссертациялардың оппоненті болды. Ол - бірқатар ғылыми-техникалық журналдардың алқа мүшесі. Оның жетекшілігімен 11 докторлық, 50-ден астам кандидаттық диссертация қорғалды. Аспирантурада және докторантурада оқып жүргендердің қатарынан жаңа кандидаттар мен докторлар даярланбақ.

Ғалым-ұстаздың ұзақ жылғы қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды.

40 жылдан астам уақыттан бері ғылыми, педагогикалық және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметпен шұғылданып жүрген Әбілда Әмірханұлы Әлімбаев өзін білімді де білікті, дарынды ғалым, ұйымдастырушылық қабілеті зор адам екенін көрсетті. Жоғары кәсібилік, жауапкершілік, принципшілдік, адалдық, қайырымдылық сияқты тамаша қасиеттері бар бұл азамат әріптестері арасында үлкен беделге ие. Ол біздің республикада ғана емес, одан тыс жерлерде шарапатты істерімен танымал болды. Бүгінде қатардан табылған жайсаң жан Ә.Әлімбаев туған елінің экономикалық ғылымын одан әрі дамытуда сенім биігінен көрінуде.

Бұған дейін көптеген павлодарлық шәкірттеріне ғылым жолында дұрыс бағыт сілтеп, ағалық ақыл-кеңесін берген Әбекең қазір де осы саладағы игілікті ісін жалғастырып келе жатқанына жерлестеріміз дән риза.

 

Е.АРЫН,

экономика ғылымдарының докторы, профессор.

М.Омаров,

экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31