Дамира Багаутдинова 1991 жылдың 16 желтоқсанында туған. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігімен қатар дүниеге келген ол - бүгінде ата-анасы үкілі үміт артып отырған талантты да талапты жастардың бірі.
Орта мектепті озат оқыған Дамира ұлттық бірыңғай тестілеуден 117 ұпай жинап, мемлекеттік оқу грантының иегері атанған. Мектепте оқып жүргенінде қалалық, облыстық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлаған. Қазір Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының биология факультетінің 1-курсында оқиды. Сабақты жақсы оқумен қатар ән айтып, би билегенді ұнатады.
Тұла бойы өнерге тұнған жас қыз Павлодар қаласында өткен түрлі мерекелік шараларға қатысып, көрермен қошеметіне бөленуде. Сондай-ақ ол жақында студенттер арасында өткен «Мисс ПМПИ» байқауынан екінші орынды еншілеп, курстастарын қуантты.
«Мен Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы болғаным үшін қатты қуанамын. Себебі, бұл күні отбасымызда қос қуаныш тойланады. Бірі - тәуелсіздік күні, ал екіншісі - менің туған күнім. Ұлтым татар болса да, көп ұлттың ұлы мекеніне айналған қасиетті Қазақстан атты жас мемлекетте туып-өскенімді шексіз бақыт санаймын»,-дейді Дамира.



Пікірлер
RSS лента .