Бақтыгүл Солтанәлинова Ақтоғай ауданының Қожамжар ауылындағы орта мектепте ұстаз болып жұмыс істейді. Оның жүрегі нәзік, жан дүниесі достық пен сүйіспеншілікке толы. Қос баласын тәрбиелеп отырған ардақты ана. Өмірдің қуанышы мен күйінішін бір кісідей көріп келе жатқан келіншектің, әсіресе, достарына деген көңілі адал, ниеті ақ.
Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2000 жылы, Бақтыгүл мектеп қабырғасында қызметтес болып жүрген Балапан Құмархан атты келіншекпен жақын достасып кеткен еді. Бұрын Харьков орта мектебінде ұстаздық етіп жүрген Балапан қожамжарлық бір азаматқа тұрмысқа шығып, осында қоныс аударған болатын. Үйленгендеріне 5 жылдай уақыт болса да, сәбилі бола алмай жүрген екі жастың мұңы мен назы Бақтыгүлдей тілеулес дос-жарандарының назарынан тыс қалған емес. Одан бері де арада қаншама жыл өтті. Екі шаңырақтың табақ-таралғысы аралас, қуаныш-қайғысы құралас бола берді.
Бақтыгүл Құдайбергенқызы үстіміздегі жылдың қараша айында Қожамжардағы үйінен шығып, Павлодар қаласына дейін екі күн, екі түн ұдайы сапар шегіп, барлығы 40 сағатқа таяу жолда болды. Ол Қожамжар ауылы мен Павлодар қаласының арасындағы 130 шақырымдық қашықтықты жаяу жүріп өтті. Құрбысының бала көтермей жүргенін білетін Бақтыгүл бір отырыста: «Алла қолдап бойына бала бітіп, жеңілденген кезінде сен босанған жерге жаяу барамын», деп серт береді. Енді, міне, араға 6 жыл салып ауыздан шыққан салмақты сөз жүзеге асып отыр. Павлодарда жас босанған құрбысына келіп жеткен Бақтыгүл шынайы достық пен қазақ қызына тән қайсарлықты паш еткені даусыз.
Үмбетбек РАЙСБЕК,
ПМПИ-дің 2 курс студенті.

