Шоң би Едігеұлына Баянауыл ауданында белгітас орнатылды
Қасиетті Баянауыл баурайында дүниеге келіп, киелі топырағынан нәр алған ел тарихына өзіндік қолтаңбасын қалдырған Шоң бидің құрметіне ұрпақтары жуырда белгітас орнатты. Баянауыл ауданының кіре берісінен орын тепкен еңселі белгітастың биіктігі екі метрден асады. Жергілікті таудың тасынан тұрғызылған оны орнатуға ел ағалары Қуат Есімханов пен Совет Келдібаев қаржы бөліп, демеушілік жасады. Ашылу рәсіміне халық көп жиналды. Шараға Шоң бидің ұрпақтары мен Баянауыл ауданының құрметті азаматтары қатысты.
Ақ патшадан ықтамай, қарадан шығып хан болған Шоң би Едігеұлы елдің бірлігі мен тыныштығын ойлаған. Ашылу рәсіміне жиналған көнекөз қариялардың сөзіне сүйенсек, округтың аға сұлтаны мен болыс сұлтандары төре ұрпақтарынан тағайындалған. Дегенмен Баянауыл округына қарасты руларға төрелердің ықпалы жүрмеген. Себебі, оларды білекті де білікті, әділдігімен қара қылды қақ жарған билер басқарған еді. Міне, сол билердің бірі Шоң би Едігеұлы болса, екіншісі Қаржастың биі Шорман болған. Атақты би жайлы жазылған естеліктер мен ғылыми-зерттеу мақалалары да аз емес. Жазушы Қалмұқан Исабаевтың би жайлы жазған «Шоң би» трилогиясының оқырман қауымға берері мол. Жиналғандардың барлығы осыны ерекше атап өтті. Салтанатты жиында Павлодар облысының құрметті азаматы, Шоң би туралы қалам тартып жүрген Оразгелді Қақамбетов: «Бүгін ата-бабаларымыз бір аунап түскен болар. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, ел азаматтарының жасап жатқан игі істері соны айқындағандай. Қазақ халқының тарихына есімі алтын әріптермен жазылған Шоң би Едігеұлының жасаған өнегелі істері мен әділ шешімдері баршамызға белгілі. Шоң бидің бүгінгі белгітасы өзінің тарихи орнын тапты. Осынау игі бастаманың басы-қасында жүрген барша азаматтарға айрықша алғысымды білдіремін»,- деді өз сөзінде. Шоң бидің өмірі мен халық қамы үшін жасаған игі істерінен үзінділер келтірген О.Қақамбетов алдағы уақытта Едіге мен Шорман биге де дәл осындай ерекше құрмет көрсетілсе деген ниетін жеткізді. Оның айтуынша, Шоң би екі негізгі бағытқа көңіл бөлген. Алғашқысы, Сүйіндіктен тараған ұрпақтардың басын біріктіру болса, екіншісі ел арасында тыныштық, бейбіт күн орнату болған. Едіге бидің ұрпақтарының бірі, журналист Амангелді Қаңтарбаев салтанатты жиында сөз алып, белгітасты орнатқан азаматтарға деген ыстық ықыласын жеткізді.
Баянауыл өңірінен тараған тұлғалар туралы көптеген зерттеу жұмыстарының авторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Алдабергенов осынау игі іске мұрындық болған жандардың бірі. «Біраз уақыт бұрын белгітасқа қаржылай көмек көрсеткен Қуат Есімханов құрдасым қоңырау шалып, Шоң бидің атамекені туралы мәліметтер сұрады. Мен білетінімді айтып бердім. Айтарым, ата-баба аруағына құрмет көрсетіп, осындай игі бастамаларымен халықты қуантып жүрген Қуат құрдасыма айтар алғысым шексіз. Шоң би туралы жазушы Қ.Исабаев жақсы жазды. Оның «Шоң би» трилогиясы, «Серт» секілді кітаптарында көптеген шындықтардың беті ашылған. Белгітастың орнын белгілер уақытта Қалмұқан ағамен хабарласқан болатынмын, сонда ол кісі «Баянауылдың кіре берісіне орнатыңдар» деп ұсыныс айтты. Меніңше, бұл - дұрыс шешім. Шоң би бабамызға арналған белгітас өзінің тарихи орнын тапқан секілді»,- деді Қырықбай Мазанұлы.
Ашылу рәсімінен кейін әсем табиғатымен көз тартатын Торайғыр ауылында Шоң бидің құрметіне арналып ас берілді. 2004 жылы салынған Шоң би атындағы мешітте құран оқылып, баба рухына тағзым етілді. Одан кейін жұртшылық ауылдың мәдениет үйінде мектеп оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады. Шарада Шоң би Едігеұлының белгітасын орнатуға белсене атсалысқан азаматтардың иығына шапан жабылды.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Баянауыл ауданы.

