Кешегі жез таңдай Майраны, суырып салма, дүлдүл ақын Исаны, үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаны, қазақ аспаптарының атасы Қамарды халқымен қауыштырып, тың деректермен толықтырып, өлке өнерінен өрнек өріп, ізденіс жолында аянбай қызмет етіп, журналистиканың тарланы атанған, Мұхамеджан Сералин атындағы республикалық сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», журналист, өнер зерттеуші, өлкетанушы Айтжан Бәделханның туғанына 80 жыл толып отыр.
Айтжан Бәделхан 1930 жылы 28 желтоқсанда Ертіс ауданының №14 ауылында дүниеге келді. Балалық шағында көп қиыншылық көріп, жалаңаяқ, жалаңбас, аш-жалаңаш, балалық шағын мал соңында өткізді.
«Аштық жылы халық үшін қатты тиді. Ішер асың жоқ. Қайыс ноқтадан тұлақ кесіп алып, сорпа қылып қайнатып, аузымызға дәм, бойымызға сүйтіп жан кіргізетінбіз» дейтін.
Сегіз жасында анасынан айырылып, өмірдің тауқыметін көп көрді.
Оңды-солын таныған бала Айтжан енді білімге ден қойған уақытында сұрапыл соғыс басталып, ел қатарлы, өзі сынды жасөспірім балалармен бірге буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласып, Қарағанды шахтасында соғыс тұтқындарымен бірге күнкөріс үшін, отбасының қамы үшін қызмет етті.
Соғыстан кейін, ел еңсесін көтере бастаған шақта мектепті сырттай бітіріп, 19 жасында Қазақ мемлекеттік университеті филология кафедрасының журналистика бөліміне түсіп, 1954 жылы үздік деген бағамен бітіріп шығады. Білім ордасында Мұхтар Әуезовтен, Ғабит Мүсіреповтен, тағы басқа ақын-жазушы, ғалымдардан білім алады.
Ол жөнінде «Баршамыздың жадымызға сіңіп, бойтұмардай баурап алған романның авторы «Мұхтар Әуезов келіп, бізге лекция оқиды» дегендегі көңіл құсының шарқ ұруын айтып жеткізу мүмкін емес. Елде жүргенде жазған кітабын біреуден ат - түйедей қалап, оқуға әзер алып жүретін ұлы жазушы, ғұлама ғалыммен бетпе-бет жүздесіп, одан дәріс алу, әрине, шексіз бақыт еді»,- дейтін.
Болашақ мамандығы бойынша іргелі білім алып қана қоймай, жан –жақты, зерделі азамат Айтжан Бәделхан журналистика қызметін Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде бастап, кейіннен сол кездегі Целиноград қаласының «Тың өлкесі», ал 1965 жылдан 1991 жылға дейін облыстық «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы, кейіннен редактордың бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.
Айтжан Бәделханұлы журналист қана емес, сонымен қатар балаларға арнап әңгіме жазған. Ол - бала жанын, бала психикасын жете түсінген жазушылардың бірі. Балаларға арнап бойына патриоттық сезім, адамгершілік, ізгі қасиеттерді дарытатын әңгімесі «Тұңғыш балабақша», 1983 жылы «Жалын» баспасынан шықты, ол кейін орыс тіліне аударылды.
1991 жылдан бастап Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде еңбек жолын жалғастырды. Тың зерттеулер жүргізіп, өзінің ұстаздары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және басқа да ғұламалар жөніндегі еңбектері, мақалалары республикалық баспа беттерінде жарық көрді. Айтжан Бәделханның музыка зерттеушісі Борис Ерзаковичпен, жазушылар Диқан Әбілевпен, Төлеутай Ақшолақовпен, Медеу Сәрсекемен, Тұрсынбек Кәкішевпен, Мұзафар Әлімбаевпен, Қалмұқан Исабаевпен жазысқан хаттарын алып қарап отырсаңыз қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері жөніндегі ой-толғаулары мен жауап хаттары оның шын мәніндегі өнер жанашыры екендігін айғақтай түседі.
Борис Ерзаковичтің хатынан үзінді келтіре кетейін, бұл - Айтекеңе берілген баға: «Уважаемый Айтжан Баделхан!
Работа над рукописью «Естай Беркимбаев. Корлан» полностью завершена и нашим Институтом передана Союзу композиторов. Если издание будет осуществлено, мы в ней выразим благодарность Вам, как научному сотруднику Павлодарского музея литературы и искусства за помощь и консультаций.
С уважением и наилучими пожеланиями Б.Ерзакович».
Айтжан Бәделхан Естайдың өмірін тыңғылықты зерттеп, жарияланбаған өлеңдерін, фото-суреттерді жинақтап кезінде Борис Ерзаковичке берген.
Айтжан аға еліне адал қызмет етті. Бұқар жырау атындағы музейде еңбек ете жүріп: «Менің шығармашылық жұлдызым осы мекемеде жанды. Құдайға шүкір, берерім әлі де баршылық» деп айтып отыратын-ды.
Оның кішіпейілділігі, көмектесуге дайын тұруы оның басты қасиеттерінің бірі болды. Қазақстанның мәдениетінің дамуына, өлке өнерінің танылуына адал болды, өмірінің соңғы күндеріне дейін қызмет етті.
Қайтарынан бір күн бұрын телефон шалып, «Сарыарқа самалы» газетіне С.Дөнентаев туралы шыққан мақаласы жөнінде айтып, ұзақ сөйлестік. Әңгіме арасында «Мен музейлікпін, әрдайым сендерге бүйрегім бұрып тұрады» деген болатын. 18 мамыр - Музей күні дүниеден өтті.
Ербол МӘТІ,
Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет
және өнер музейінің ғылыми қызметкері.

