Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрына – 20 жыл!
Павлодар өңірінің мақтан тұтар мәдениет ошағы, қазақ өнерінің абыройын асқақтатқан Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры осы аптада өзінің 20 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Көрермен көңілі жадыраған өнер кешіне облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, театр ұжымын мерейтойымен құттықтады.
Қазақ өнерін дәріптеп, оның құлаш жаюына сүбелі үлес қосуда адал еңбек еткен театрдың мерейтой кешінде Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы сахналанды.
- Қазақтың қара шаңырағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының сахнасынан керемет қойылымдарды көреміз. Бүгінгі сахналанған операның көрермен көңілінен шыққанына лық толы зал мен өнерсүйер қауымның қошеметі дәлел бола алады. Осындай талантты өнер шеберлері барда театр залы үнемі көрерменге толы болып, өнерсүйер қауым жаңа қойылымдарды асыға күтетін болады деп ойлаймын. Келе жатқан Жаңа жыл сіздерге жаңа шығармашылық табыстар әкелсін! - деді Бақытжан Әбдірұлы өз құттықтауында.
Аталмыш операның қоюшы режиссері - өнер ордасының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерсайын Тәпенов, дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Рақымжанов. ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты Ербол Абжалов Біржан рөлін, ал ҚР мәдениет қайраткері атағын иеленген Талжібек Атамбек пен Гүлжан Қайырбекова Сара рөлін сомдады. Сонымен қатар, басты рөлдерді ҚР мәдениет қайраткерлері Бейбіт Шәнім, Дінмұхаммед Ұябаев, драма актерлері Медет Садығазин, Кенже Қарымсақов, Қарлығаш Жексенбаева, Ақық Таспаева, Толқын Әбдірахимова да киелі сахна төрінде өнер көрсетті.
Шара соңында аймақ басшысы Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрындағы бір топ өнер майталманын көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі, қазақ өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.


