Павлодар қаласының №11 сәбилер балабақшасы аралас тілді болса да, ұжымның мемлекеттік тілді меңгеруге деген пейілі ерекше. Балабақшаның меңгерушісі Татьяна Коскина басқаратын ұйымшыл ұжым замана көшінен қалмай, іскерлігі мен тәжірибесін жаңашыл бағытта дамытып келеді. Балабақша жұмысына қарамағындағы ата-аналар да дән риза. Тәрбиешілер балдырғандардың бойына ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді дарыту барысында ұлттық педагогика тұрғысынан түрлі тартымды да ұтымды сабақ түрлерін өткізуде. Солардың бірі – сөздік қозғалыс ойындары. Сөздік қозғалыс ойындары балалардың ой-өрісін дамытып қана қоймай, қимылды сөзбен жеткізу, айтып отыру арқылы ойын жеткізіп, тіл байлығын дамытуға ықпал жасайды. Бұл - баланың белсенді әрекетін, сөздік қорын арттыратыны сөзсіз. Әдістемелік бірлестік отырысында қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлбану Темірханқызы «Қозғалыс ойындары арқылы балалардың сөздік қорын дамыту» тақырыбында баяндама оқып, тәрбиешілерге әр топтың жас ерекшелігіне қарай қолданылатын ұлттық сөздік қозғалыс ойындарының топтамаларын жаңартып, үнемі толықтырып отыруды ұсынды. Ғалым Л.Рубенштейн өзінің «Психологиялық жалпы негіздері» еңбегінде ойын психологиясын ерекше бір шығармашылықтың түрі деп есептеген және ең бастысы, ойын дегеніміз - сапалы түрдегі іс-әрекет, яғни барлығы да бір мақсатқа байланысты бірнеше шығармашылық істер, - деп пайымдама жасаған. Демек, баланың жан-жақты дамуындағы ойынның атқарар қызметі ерекше. Қимыл, қозғалыс арқылы балалардың есте сақтау, ойлау дағдылары жақсы жетіледі. Ойын баланы еңбексүйгіштікке, жағымды қарым-қатынасқа, шығармашылыққа баулиды. Ал осы балабақшадағы ересек қазақ тобының тәрбиешісі Алмахан Садықова ата-аналар мен өзге әріптестеріне өз тәжірибесінен бірнеше сөздік қозғалыс ойындарын ұсынды. Ойынның қызықты ұйымдастырылуы тәрбиешінің ептілігіне, шеберлігіне байланысты. Жалпы, ойын әдісін қолдану арқылы баланың бос уақытын өткізу ғана көзделмейді, керісінше, олардың бойына сергектік, сенімділік, сезімталдық, қырағылық, табандылық тәрізді тамаша қасиеттерді сіңіріп, денсаулығына да зор пайда келтіреді. Компьютер алдында көзжанарын тауысып, күнұзақ тапжылмай ойнайтын неше түрлі қитұрқы соғыс ойындармен санасын улағаннан гөрі балаларға өздерінің жас ерекшеліктеріне, ұлттық танымына сай, жан-дүниесіне жақын келетін қозғалыс ойындарының берері мол.
Айгүл САИТОВА.

