АРДАГЕРЛЕР ӘРДАЙЫМ НАЗАРДА

жүзден аса Ұлы Отан соғысының қатысушысы қоныс тойын тойлады

Кеше облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып Павлодар қаласында салынған тұрғын үйді іске қосты. Аймақ басшысы пәтер кілттерін әр ардагерге салтанатты түрде табыс етті. Зәулім баспана Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай бой көтерді.

 

Көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында басталған болатын. Аз ғана мерзімнің ішінде тұрғызылған нысанның құрылыс жұмыстарымен «КазСтройИмпульс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысты. Ғимаратты салу үшін облыстық бюджеттен 460,8 миллион теңге бөлінген. Тоғыз қабатты тұрғын үйде 108 пәтер бар. Оның 92-сі бір бөлмелі болса, 16-сы екі бөлмелі пәтерлер. Үйдің бірінші қабатында ардагерлерге арналған медициналық орталық орналасқан. Мұнда олар алысқа бармай-ақ ем-дом шараларын қабылдай алады. Сондай-ақ, аталмыш нысанда азық-түлік өнімдерін сататын дүкен жұмыс істейді. Ең бастысы, ата-әжелердің бас қосып, әңгіме-дүкен құратын арнайы бөлмелері бар. Ғимараттың жертөлесінде орналасқан арнайы бөлмеде ардагерлер шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойнап, домбыра, баян секілді музыкалық аспаптарда ән шырқауға мүмкіндік алады. Ата-әжелеріміздің биік қабаттарға еш қиындықсыз көтерілуі үшін қазіргі заман талабына сай жабдықталған лифті жұмыс істейді.

Алдымен облыстық әкімдіктің ғимаратында ардагерлердің қатысуымен салтанатты жиын болды. Көпшілік алдында сөз алған аймақ басшысы Б.Сағынтаев пәтер иелерін қоныс тойымен құттықтады. «Үстіміздегі жылдың 7 мамыр күні Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесінде ардагерлерге арналған тұрғын үйдің алғашқы іргетасын құйған болатынбыз. Сол кезде ғимараттың құрылысын жыл соңына дейін аяқтауға сөз берген едік. Енді, міне, берген уәдеміз орындалып, зәулім ғимарат Сіздердің игіліктеріңізге айналғалы отыр. Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен елімізде көптеген игі шаралар атқарылды. Ардагерлерге деген құрмет мұнымен шектелмейді. Биылғы жылы Жеңістің 65 жылдығына байланысты республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының көлемі 320 миллион теңгені құрады. Аймағымыздағы 680 ардагерге мемлекеттік өтемақы төленді. Сонымен қатар, аудандық, қалалық бюджеттерден арнайы қаржылар бөлініп, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына көптеген көмектер жасалды. Мұндай келелі бастамалар алдағы уақытта жалғаса беретініне кәміл сенемін»,- деді облыс әкімі. Сонымен қатар аймақ басшысы 2011 жылы ардагерлерге көмек көрсетуге облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінгендігін жеткізді. Қоныс тойын тойлаушыларға пәтер кілттерін табыс еткен аймақ басшысы жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, амандық тіледі.

Салтанатты жиында ардагерлер атынан Мазан Мусин мен Николай Гарусов және Александр Сұлтанғазин сөз сөйлеп, игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Ұлы Отан соғысының ардагері, 88 жастағы Мазан ақсақал: «Мұндай игі істердің барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қойған мақсаттарының, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жасап жатқан бастамаларының жемісі деп білемін. Президентіміздің дұрыс саясатының арқасында Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арнайы көмектер жасалуда. Облыс басшысы Бақытжан Сағынтаев алға қойылған негізгі міндеттерді толықтай орындап, халық көңілінен шығуда. Ұлтым деп тынымсыз еңбек етіп жүрген азаматтарға барша ардагерлердің атынан айрықша алғысымды білдіремін»,- деді. Ардагер А.Сұлтанғазин ыстық ықыласын білдіріп, бата берді.

Пәтер кілтіне ие болғандардың бірі – баянауылдық Тәуекел Әбжанов. Осынау қуанышты сәтті бес жыл күткен Тәуекел ақсақал «Облыс әкіміне айтар алғысым зор. Жас ұлғайған соң жүріп-тұрудың өзі қиындық туғызады. Өзім Баянауыл ауданында тұрамын. Енді жаңа пәтеріме көшіп, өз замандастарыммен әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік туды. Біздің еншімізге бірінші қабаттан пәтер тиіпті. Далаға шығып тұруға да оңай тиеді деп ойлаймын»,- деді ол.

Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Желтоқсан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 29 30 31