Президент шыршасы балаларға шаттық сыйлады
Кеше Павлодар қаласында «Менің Қазақстаным – менің болашағым» атты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жылдық жасыл шырша мерекесі сән-салтанатпен тойланды. Оған аймағымыздың әр түкпірінен 150 жеткіншек жиналды. «Астана» мұз сарайында өткен думанды шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің балғындарға арналған жаңа жылдық мерекесі еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтуде. Елбасы тарту еткен ойын-сауыққа толы жасыл шырша ертеңгілігіне 9 бен 13 жас аралығындағы жетім, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан бүлдіршіндер, сондай-ақ оқу озаттары шақырылды.
Балғындар көгілдір экран арқылы Елордадан сөйлеген Елбасының құттықтауын ерекше қуаныш сезімімен тыңдады. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның барша балаларын, оның ішінде павлодарлық бүлдіршіндерге игі тілегін білдіріп, білімді, ұлтжанды болыңдар деген әкелік лебізін арнады. Бұдан кейін жеткіншектерді мерекемен құттықтаған облыс әкімі Б.Сағынтаев жас ұрпақты Отанын, елін, жерін сүйіп, Елбасының, халқымыздың артып отырған үмітін ақтайтын азамат болып ер жетуін тіледі.
Жеткіншектер жақсы тілектер тыңдап қана қоймай, аймақ басшысымен бірге жасыл шыршаны айнала көңілді ән шырқап, би билеп, Аяз ата мен Қарша қызды да қарсы алып, небір қызықтарға толы қиял-ғажайып ертегілер әлеміне саяхат жасады. Балалар назарына арнайы тетрландырылған қойылым ұсынылып, облысқа танымал өнер жұлдыздарының ән шашуы тарту етілді. Сондай-ақ балалар Елбасының атынан жаңа жылдық сыйлықтар алды. Әрбір жеткіншекке қысқы киім-кешек, спорттық киім, оқу құралдары мен кітаптар табыс етілді. Одан кейін бүлдіршіндер түрлі тәтті-дәмділерге толы дастарқан басынан дәм татты.
Жүздері бал-бұл жанған балғындар Елбасына шексіз ризашылықтарын білдірді.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.


