Барыс жылы Павлодар облысының халыққа қызмет көрсету орталығы үшін жемісті аяқталды. Өткен аптада аталмыш мекеме республика көлемінде үкіметтік емес ұйымдардың рейтингі бойынша үшінші орынға ие болғаны туралы хабар келді.
Мұндай қорытынды шығару үшін еліміздің барлық аймақтарындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) ерекшеліктері мен атқарған жұмыстары ескерілген екен. Дәлірек айтсақ, орталықтардағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі және өзге де әкімшілік кедергілердің бар-жоғы басты назарға алынған. Осы оң нәтижелер бойынша үздіктер анықталыпты.
- Бұл жетістік барша қызметкерлеріміздің тыңғылықты жұмысының бағасы екені сөзсіз. Барлығымыз елге барынша сапалы қызмет көрсету үшін еңбек еттік. Әрине, атқарылған іс өз бағасын алып жатқанға не жетсін?! Әрі жылды осылайша қорытындылау әріптестеріме жаңа бір серпіліс береді деген ойдамын, - дейді Павлодар облысының халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Мәдениет Ахметов.
Бүгінде облыстық ХҚКО-ның барлық қалалар мен аудан орталықтарында, сонымен қатар басқа да ірі тұрғылықты мекендерде өкілеттіліктері жұмыс істеп жатыр. Орталық мамандарының айтуынша, бұл мекеменің қызмет көрсету мәдениеті, тиісті қызметтерді ұсынудағы сандық көрсеткіші мен сапасы жағынан өзгелерге қарағанда көш ілгері.
Орталық бұл жетістіктерімен мақтануларына әбден болады. Себебі ұйымшыл әрі бастамашыл ұжым биыл жаңадан 17 мемлекеттік қызмет енгізген көрінеді. Соның ішінде ең қажетті қызметтердің бірі тұрғын үйге және мектепке дейінгі мекемелерге кезекке тұру, жер қатынастары бағыты, МСҚК, сонымен қатар қорғаныс басқармасы бағыты бойынша және басқа да қызметтер осында халық игілігіне көрсетілуде.
Жыл соңында олжалы болған орталық қызметкерлері үшін барыс жылы даму және жетілдіру мерзімі болды деуге лайық. Өйткені, жыл бойы филиалдардың басшылары кәсіптік деңгейлерін арттыру курстарынан өтті. Бұл - республиканың ХҚКО-лары арасында тың бастама ретінде қабылданған екен. Мұндай тәжірибені павлодарлықтар біліктілігін арттыру орталығымен бірлесе жүзеге асырыпты. Себебі, бүгінгі күні ХҚКО жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған ешқандай оқу бағдарлама жоқ көрінеді. Сөйтіп жерлестеріміз жоқтан бар жасап, өзгеге үлгі бола білді.
Орталықтың мамандары жұмыстарын жетілдіру үшін өзге аймақтармен тәжірибе алмасуға да көп көңіл бөледі. Мәселен, биыл олар Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласына барып, әріптестерімен тәжірибе алмасқан. Мұндай іссапарлардың пайдасы мол, дейді жерлестеріміз.
Барыс жылын табыспен тәмамдаған орталық қызметкерлеріне алдағы уақытта да жетістіктері еселене берсін демекпіз.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

