Серім СЫЗДЫҚОВ,
Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық
аурухананың бас дәрігері:
- 2010 жылға ешқандай өкпем жоқ. Жемісті кезең болды. Жыл басынан елімізде денсаулық сақтау саласының жаңа жүйесі енгізілді. Міне, осы жаңашылдықты абыроймен меңгеріп, ең бастысы тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсете алдық. Еңбегіміз мемлекет тарапынан да өз бағасын алды. Өз басым үшін барыс жылы табысты жыл болды. Маусым айында Ресей Федерациясы қоғамдық наградалардың ұлттық комитетінің шешімімен Н.И.Перагова атындағы орденмен марапатталдым. Бұл орден Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына қосқан үлесім және денсаулық сақтау саласындағы еңбегім үшін берілді. Оны аталмыш комитет төрағасының орынбасары Кеңес Одағының батыры, ұшқыш-ғарышкер И.Волк келіп, арнайы табыс етті. Оған қоса, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталдым. Мұндай ілтипат Елбасының, Үкіметтің, жергілікті әкімшіліктің медицина саласындағы 34 жылғы еңбегіме берген бағасы деп білемін. Өте қуаныштымын. Әрине, бұл марапат тек өз басымның ғана емес, өзім басқарып отырған аурухана ұжымының жетістігі деп білемін. 23 жыл дәрігер, бөлімше меңгерушісі қызметтерін атқардым, 1999 жылы әріптестерімнің ұсынысымен аурухананың бас дәрігері лауазымына тағайындалдым. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік, сенім еді. Бүгінде 11 жыл осы сенім үдесінен шығу мақсатында еңбек етудемін. Барыс жылында жаңа жүйе бойынша алдымызға қойылған міндетті де, жоспарды да толық орындадық. Дәрігерлердің жалақысы да өсті. Қазіргі таңда ауруханамызда сыйақыны қосқанда дәрігерлердің орташа жалақысы 102 мың теңгені құраса, медбикелерде - 58 мың теңге, ал санитар мамандарда - 38 мың теңге. Жаңа жүйеге сәйкес дәрігерлерімізді ынталандыра аламыз. Асылы, тұрғындарға көрсеткен қызметіміз сапалы болып, елдің алғысына бөленуге не жетсін. Отбасым, балаларым аман-есен, немерелерім көз алдымда өсіп келеді. Қоян жылы еліміз үшін жайлы әрі баянды болсын деймін.
Мария БАЙРАМКУЛОВА, «Эльбрус» карачай-черкес және кабардин-балкар ұлттық-мәдени орталығының төрағасы:
- Барыс жылы біздің орталығымыз үшін жемісті болды. Тарих қойнауында өзінің лайықты орнын алатын бұл жылы төрт этностың басын қосқан орталығымыздың құрылғанына 5 жыл толды. Бес жылдық мерейтойымыздың ҚР Конституциясына, Қазақстан халқы Ассамблеясына 15 жыл толуымен тұспа-тұс келуін жақсылыққа баладық. Ұлттық-мәдени орталығымыздың алғашқы мерейтойын лайықты деңгейде атап өттік. Орталық жөнінде театрландырылған көрініс көрермен назарына ұсынылды. Думанды той болды. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиеваның арнайы келуі кешімізді одан сайын сәндендіре түсті. Бүгінгі күні біздің этностардың бесінші ұрпағы Қазақстан жерінде баршамен иық тіресе өмір сүріп жатыр. Әр салада жемісті еңбек етуде. Олар Қазақстанды өз Отаны санайды. Тарихи атамекендері барын білсе де, жас ұрпақ кезінде аштықтан, арбаудан ата-бабаларын аман-есен алып қалған кеңпейіл, бауырмал қазақтың қамқорлығын еш естен шығармайды. 2010 жылдың мен үшін тағы бір қуанышы бар. Көп жылғы еңбегім еленіп, мемлекеттік жоғары наградалардың бірі «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл маған тосын сый болды. Алдағы уақытта да елдегі бірлігіміздің бүтіндігі үшін еңбек етемін. Себебі достық, береке-бірлік - басты байлығымыз. Оны әрі қарай нығайту жолында барлық әріптестерім аянбайтынын білемін. 2011 жылы да игілікті істер жалғасын тауып, жемісін көре берейік демекпін. Барлық павлодарлықтарға Жаңа жыл жаңа табыс әкелсін!
Ермұрат ТІЛЕГЕНОВ,
ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, «Шаңырақ»
халық шығармашылығы мен мәдени-сауық
қызметі орталығының директоры:
- Барыс жылы мен үшін, өзім басқарып отырған шығармашылық ұжым үшін де игілікті істерге толы болды. Сондықтан 2010 жыл жемісті болды деуге толық негіз бар. Биыл «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығы облыс бойынша рухани тағылымы мол көптеген мәдени шаралар ұйымдастырып, өңір тұрғындарын өнермен сусындатты. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Елбасының тікелей қолдауымен бастау алған «Асыл мұра» үгіт керуені Ертістің Павлодар өңірінің 66 елді мекенін аралап, өнерден шашу шашты. Орталық өнерпаздары көрсеткен концерттік бағдарламаларды 4319 көрермен тамашалады. Бұның өзі ауыз толтырып айтарлық емес пе?!
Барыс жылы аймағымыздың мәдени тарихында айтулы оқиғалар орын алғаны баршамызға мәлім. Орталықтың қызметкерлері облыс көлемінде аталып өткен мәдени шараларды ұйымдастыруға атсалысты. Жыл бойы 170-ке жуық шара өтті. Иса Байзақовтың 110 жылдық, Жаяу Мұсаның 175 жылдық, Ахат Жақсыбаевтың 70 жылдық мерейтойлары, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы аясындағы мәдени шаралар жоғары деңгейде өтті. Ақындық жолға түскен жас дарындылардың талантын шыңдау мақсатында облысымызда алғашқы рет оқушылар арасында «Жас дәурен» атты ақындар сайысы ұйымдастырылғанын атап кеткен жөн.
Орталық қызметкерлерінің еңбектері еленіп, өнерлері марапатқа ие болғанына қуаныштымын. ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Павлодар облыстық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Болат Рақымжанов пен камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі Мадина Жармұхамбетова облыс әкімінің грантына ие болғаны да Барыс жылының әкелген игілігі деп білемін. Ал өзімнің «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталғаным – тек менің марапатым ғана емес. Мәдениет саласында бірлесе жұмыс атқарып жүрген әріптестерімнің арқасында деп білемін.
Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Қоян жылынан мол табыстар мен нәтиже күтеміз. 2011 жыл баршамызға құт-береке, шаттық пен байлық әкелсін!
Гүлнар ҚАЙДАРОВА,
«Гофратара» ЖШС-нің директоры:
- Бұл жыл біздің компаниямыз үшін айтулы жыл болды. Олай дейтін себебім, биыл «Гофротара» серіктестігі «Бизнестің Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиені субсидиялау мүмкіндігіне ие болды.
Шынын айту керек, Үкіметтің банктер берген несие пайызын жеңілдетуі кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болып отыр. Мәселен, соның нәтижесінде біздің компания шығарылатын өнімдердің көлемін келесі 2011 жылы 200-250 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлады. Қазіргі кезде мемлекеттік бағдарлама негізінде қаржы алу жөнінде келісімшарт жасалды. Өндірісте қолданылатын құрал-жабдықтар Тайвань, Қытай, Германия секілді шетелдерден жеткізілуде. Біздің үш қабат қағаздан жасалатын тауарларымызға тапсырыс берушілер баршылық. Бұған дейін тоғыз облысқа тауар жеткізсек, ендігі жерде фирмамыздың өнімдеріне оңтүстік өңірлерден де қызығушылық танытуда. Біздің тұтынушыларымыз, негізінен, құс фабрикалары, кондитерлік өнімдер шығаратын зауыттар. Солардың тапсырыстарын сапалы түрде орындаймыз. Серіктестік толық қуатына шыққанда бізде 150 маман жұмыс істейді. Осылайша еңбекпен қамту мәселесіне де өз үлесімізді қосып келеміз. Келесі жылы бизнесіміз көркейеді деген сенімдеміз. Алла қаласа, 2011 жылы жобамызды толық жүзеге асырамыз деген ойдамыз. Сөйтіп, өз саламыз бойынша еліміздегі үш үздік зауыттың қатарына кіреміз деген үміттемін. Жалпы, мемлекетімізде бизнес саласын қолдау жағы жылдан жылға арта түсуде. Мұның бәрі - ел игілігі, экономикамыздың өсуі үшін атқарылып жатқан жұмыстар.
Жаңа 2011 жылы еліміздің дамуында тұрақтылық орын алып, азаматтарымыздың дәулеті одан әрі аса берсін деп тілеймін.
Амангелді ҚҰСАЙЫНОВ,
Май ауданындағы «Ағайын» шаруа қожалығының басшысы,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
- Әр өткен жыл соңында артта қалған уақытқа қорытынды жасап, жақсы сәттерді еске алу барлығымызға тән болар. Табыс өздігінен келмейді. Жетістікке жету жолында маңдай теріңді төгіп, үлкен бейнет жасау керек. Барыс жылының мен үшін де, шаруашылығым үшін де жақсылығы мен жаңалығы көп болды. Жылға ешбір өкпем жоқ. Ойға алған істерім орындалды, жоспарларым жүзеге асты. Аллаға шүкір, қазіргі таңда еліміз дамудың даңғыл жолына түскелі жан бағудың емес, кәсібімізді ұлғайтудың қамын іздейміз. Ауыл еңсесін тіктеді. Қазір ауылдағы ағайынның тұрмысы түзелген соң жаппай кәсіппен айналысуға, табыс табуға тырысады. Сонау тоқырау жылдары кейбір тұрғындар ештеңе ойламай, алды-артына қарамастан ауылдан көшіп кетсе, тырбанып, еңбек жасап, өз шаруашылығын ашқан азаматтар бүгінгі күні ел қатарлы өмір сүруде.
2010 жылы өзім басқарып отырған шаруа қожалығында мал өсімі жаман болған жоқ, аздаған егістік жерден күзде азды-көпті дәнді дақыл жинап алдық. Қысқы мал азығы жеткілікті қамдалды. Сүт-тауарлы бағытында жұмыс істегеннен кейін сүтті сиырларды көбейтуге назар аударып жатырмыз. Жыл сайын 320 тоннадан сүт тапсырып келеміз. Шаруашылықта 30-дан астам жұмыскер бар. Барлығы - жергілікті ауыл азаматтары.
Елбасының ауылға деген ерекше ықыласы біз секілді шаруа ағайынды шабыттандырады. Мемлекет жыл сайын шаруаларды қаржылай қолдап келеді. Осы демеушіліктің арқасында даму көшіне ұмтылудамыз.
Жақында өткен ҚР Тәуелсіздігі мерекесіне орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Еңбегімді елеп, мемлекеттік наградаға ұсынған облыс басшылығына ризашылығымды айтқым келеді. Мен өзін туған елінің патриоты санайтын азаматтардың бірімін. Бұл награда маған үлкен сенімділікпен қоса маңызды жауапкершілік артады.
Қоян жылына жоспарым көп. Ауыл маңындағы бұрынғы суармалы жер телімдерін қайта қалпына келтіріп, картоп, күнбағыс басқа да дәнді дақылдар мен көпжылдық шөп өсірсем деген ойдамын. Оған қоса малды бордақылау мен асылдандыру, кеңауқымды селекциялық жұмыстарына қатысуға бел буып отырған жайым бар.
Жерлестерімді адамзатты айрықша қуанышқа бөлейтін Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Әріптестеріме айтарым, қыстан қысылмай шығып, төрт түліктері күйлі болсын. 2011 жыл нәтижелі, берекелі жыл болсын. Қандай қиыншылықтар болмасын, қажырлық пен қайраттылық танытатынымызға сенімім кәміл.

