Ертеде ата-бабаларымыз Сыр бойынан ежелгі атамекені Баянаула өңіріне қоныс аударып көшіп келгенде маңайдағы тауларға таңырқай қарап: -Далба-дұлба немене таулар! – деген екен. Содан бұл жер Далба, Далба болысы, Далба ауыл советі, 4-Ауыл, Қарақабақ, Жаңатілек колхозы, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы кеңшар болып аталды. Қазір – Жаңатілек ауылдық округі. Баянаула - жаратылысы жағынан ерекше қасиеттерге толы жер. Далбадағы Тотия, Жуантөбе, Найзақара, Қараүңгір, Дің, Қожа тауларының өзіндік тарихы бар. Осы жерді мекендейтін Айдабол балалары - ежелден сал-сері, ат құлағында ойнайтын шабандоздар. Бұл жер - Абыздар мен Ишандардың мекені. Баянауылдық Тыныштықұл ақын Жаяу Мұсаға арнап мынадай өлең жолдарын шығарған:
Сен едің асқар тауы Сүйіндіктің,
Әніңмен бай, болыстың үйін жықтың.
Жасыңнан зәбірлінің қамын ойлап,
Өткердің көп өткелін қиындықтың.
Үш жүзге аты шыққан Жаяу Мұса Байжанұлы Жасыбайдағы Орман ауылында туып-өскенімен, өмірінің соңғы жылдарын Далба болысына қарасты Ақшоқыда өткізген. Шорманның Мұстафасы атын тартып алғанда атқосшысын Далба болысы Жәпек Көбейұлына бір ауыз өлең жазып, мініске жарайтын ат сұрата жібереді:
Сәлем де Шоңмұрынның Жәпегіне,
Көз салсын бұл жалғанның бекеріне.
Кешегі мыңды айдаған Көбей де өткен,
Ойлансын дүниенің өтеріне!
Төрде құс жастықты шынтақтап жатқан Жәпек басын көтеріп алып. – Япырай, мынаның тілінің ащысын қарашы! Беріңдер кермедегі екі бәйге аттың екеуін де! – деп кермеде байлаулы тұрған қос бәйге атының екеуін де Жаяу Мұсаның атқосшысына жетектетіп жіберген екен. Жәпек Көбейұлы 1850 жылы Далба тауының бөктерінде дүниеге келді. Көбей баласын әр жерде оқытып, жақсы білім алғызды. Жәпек 21 жастан ел ісіне араласып, старшын, кейіннен бірнеше рет Далба болысы болып сайланады. Ол халықты аузына қаратқан сөзге шешен, ұйымдастыру қабілеті жоғары, атақты адамдармен сыйлас, дәмдес болған. Баянауланың аға сұлтаны болған Мұса Шормановпен, Шыңғыс төремен, Тәттімбет Қазанғапұлымен дәмдес болған. Ақкелін болысы Мұстафа Шормановпен, Ақбеттау болысы Құсайын Боштаевпен, Баянаула болысы Құдайберген Қуандықовпен сыйлас болған. Сәтбай әулетімен құдандалы болған. Маңдайыңды сәждеге тигізіп, намазға жығылсаң:
- Құдайға құлдық ұрған мына пендеден айрылып қалдық-ау! – деп жетпіс мың шайтан зар жылайды екен дегендейін, Жәпек бес уақыт намазын қалт жібермей, мұсылмандық жолын берік ұстаған. Далба болысында медресе ашып бала оқытқан Мәшһүр Жүсіп Көпеев оған өлең жолдарын арнаған. Жәпек Көбейұлы өзі туып-өскен Далба болысында, қазіргі Баянауыл ауданы Жаңатілек елді мекенінде 1916 жылы дүние салды. Өтер алдында: «Мені Нияз қожаның жанына жерлеңдер!» деп өсиет еткен.
Нияз қожа – елге ислам дінін уағыздау үшін Қаратаудан келген қожалардың бірі. Шын аты Ерсаушы. Аңыз әңгімелерге қарағанда бұл кісі дүниеден өтерде:
- Мен дүниеден көшкенде құбыладан пар өгізге жегілген шана келеді. Денемді ақ жауып арулап осы шанаға салып, соңынан еріп отырыңдар. Пар өгіз екі жерге тоқтап, үшінші жерге келгенде тоқтаған жерден қабірімді қазыңдар. Сол жерден түйелі кісінің бойындай Арғын таңбалы тас шығады. Ол тасты бас жағыма қойыңдар, депті.
Арғын таңбалы тас күні бүгінге дейін сол Нияз қожа қабірінің басында тұр. Оңтүстіктен солтүстікке қарай созылған шөбі шүйгін жасыл қорықтың етек жағындағы жалғыз адырды ертеде халық «Арал төбе» деп атаған. Содан кейін бұл жер «Қожа тауы» деп, қорық «Қожа қорығы» деп аталды. Осы Қожа тауының басындағы Нияз қожа қорымының жанынан Далба болысы Жәпек Көбейұлына да топырақ бұйырып, мәңгілікке тынышталды...
Жәпектің үлкен баласы Сүлеймен Далба болысындағы 8-ауылда би болған. Жәпектің кенже баласы Шәріп Ақкеліндегі төрт жылдық орыс мектебін ойдағыдай оқып бітірді. Мектепте шыққан тегі татар, Қазандағы мұғалімдер семинариясын бітірген Терентьев сабақ берді. Содан Шәріп Жәпекұлы Семейдегі діни медреседе оқып, оны аяқтады. Әбдікәрім (Кәрім) Сәтбаевпен бірге Қараөткелде, Мәтжан байдың үйінде жатып, бір жылдық мұғалімдер даярлайтын курста Сәкен Сейфуллиннен дәріс алды. Кейін Семей қаласына қайтып келіп, педтехникумда оқып, үздік бітірді. Осы техникумның директоры Әбікей Сәтбаев болатын. Шәріп арнайы жолдамамен Шет ауданында, Ботақара, Пушкин елді мекендерінде бала оқытып, ұстаздық жолынан өтті. Үкімет басына Голощекиннің келуімен бай балалары да қуғынға түсті. Жәпектің Сүлеймен, Хайдар, Шәріп есімді балалары жанұясымен, туған-туыстарымен Ресей асып, бой тасалады. Хайдар Жәпекұлы 1934 жылы 44 жасында Кемерово облысының Теміртау қаласында көз жұмды. Сүлеймен Жәпекұлы 1940 жылы 75 жасында Павлодар қаласында қайтыс болды. Басына небір қауіп-қатер төнгенде: «Бап қожам, ақылын өзің тап қожам» деп сабырлылық танытатын Шәріп Жәпекұлы елге аман-есен оралғанымен, қуғын-сүргін зардабынан 1960 жылы 57 жасында дүниеден озды.
Ақыл-ойы терең, қазақтың ескі тарихы мен ауыз әдебиетін жете меңгерген, тыңдаушыны сүйсіндіріп баурап алатын қабілетке ие Шәріпке бұл қасиет, сірә, әкесінен дарыған болу керек. Әлде бала жастан көрген бетегелі боз қырқалар, шексіз жазықтар, түпсіз мөлдір аспан қиялына қиял қосты ма екен? Әлде сонау жастық шақтағы білім қуған жылдарда тағдыр айдап кезіктірген Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландай аяулы азаматтардың шапағаты тиді ме екен?! Айтпақшы, әне бір жылдары Шабан бие Шақпақтағы малахит кенін зерттеуге келген Қаныш Сәтбаев ел адамдарымен амандасып, есен-саулықтан кейінгі сұрағаны осы Жәпектің Шәрібі болатын. – Жалғыз үй Мұздықұдықта тұрады, аурушаң болды, - дегенді естігенде басын шайқап:
- Оқуды үздік оқып еді. Өз деңгейіне жете алмаған екен-ау! – деп өкініш білдірген...
Кешегі Ұлы Отан соғысында Хайдар Жәпекұлының төрт ұлының төртеуі де қолдарына қару алып, қан майданға аттанды. Бақыт Хайдаров 26 жасында батыр атағын алып, 1945 жылы 11 наурызда Шығыс Пруссия жерінде ерлікпен қаза тапты. Бағыдат Хайдаров Ленинград қоршауында хабар-ошарсыз кетті. Мүбәрак, Қанағат Хайдаровтар соғыстан ауыр жараланып, елге аман-есен келіп, ұзақ жылдар халық шаруашылығында еңбек етті. Сағаш Сүлейменов Алматы, Семей қалаларында оқып, көп жылдар Баянауылда аудандық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары болды, ауыл шаруашылығында басқа да басшы қызмет атқарды. Баянауыл ауданының құрметті азаматы атанды. Шәріпов Мұхамет Рахым (Ақын) орта мектепті алтын медальге бітіріп, Қарағанды медициналық институтын ойдағыдай аяқтады. 20 жыл Павлодар, Баянауыл қалаларында хирург, бас дәрігердің орынбасары лауазымын атқара жүріп, мыңдаған адамдарға сәтті операция жасап, өмірлеріне арашашы болды.
Мұхамет Қайыр ШӘРІПҰЛЫ,
инженер-құрылысшы.
Баянауыл ауданы.

