Былтыр жазда Алматы қаласындағы туысым Қапураға қонаққа барғанда тосын жағдайға тап болдым. Қапураның төрт жыл бойы ауыр науқастан төсек тартып жатқан көршісі Каукен атай қайтыс болыпты. Атай әйелімен дәм-тұзы жараспай, бірге тұрмаған екен, кіші ұлы Мұратының қолында болыпты. Келіні Күлғайша атасының асты-үстіне түсіп жақсы күткен екен. «Бәлен жыл бірге ғұмыр кешкен кемпірімде жоқ ақыл сенің бойыңнан табылды. Жас та болсаң өз балаларымнан көрмеген жақсылықты, мейірімді сенен көрдім. Кеудемнен итермей, өз әкеңдей күтіп-бағып жүрсің. Қиындыққа мойымаған сен - жас та болсаң, мықты жансың. Өз отбасыңды күтумен бірге мені де бағып-қағып отырсың, жаным. Сенің қайсар мінезіңді, ұстамды тұлғаңды мен мықты ағаш кипариске ұқсатамын. Сондықтан да мен, қызым, атыңды атамай Кипарис деп атаймын», депті. Сонан бері қария келіні Күлғайшаның есімін атамай, Кипарис деп атап кетіпті.
Қайтыс болар күні төсек-орнын ауыстыруға атасының бөлмесіне кірген келініне қария оң қолын жоғары көтеріп: - Кипарис, Кипарис! – деуге ғана шамасы келсе керек. Атайдың жан-жақтан келген туыстары, балалары, құдалары Күлғайшамен көріскенде ол: «Атам өле-өлгенше атымды атамай, жер жүзіндегі ең мықты ағаш кипариске мені теңеп кетті ғой, - деп өксігін баса алмай жылады.
Күлғайша барын аямай, атасын арулап шығарды. Алматының баурайында орналасқан кең жер үй де үйлесімді жиналған. Есік алдындағы ұзын орындықтарға қазақи өрнекті жамылғыштарды төсеп, құдағиларды жайғастырып, ақыреттік заттары таратылды, құдаларға деп арнайы су жаңа заттар салынған пакеттер ұсынылды. Еркектер мәйітті машинаға шығарып, келіндері мен әйелі соңдарынан ілесіп, жылап қоштасты. Күлғайша келіні: «Қош бол, ата! Кипарисің Сізді әрдайым есіне алып құран бағыштап, ақ тілеу тілеп жүреді. Кипарис деп қойған атыңызға лайықты боламын, - деп солқылдап жылап қала берді.
Б.БҰЛАНБАЕВА,
Ақсу қаласы.

