Көктемнің алғашқы күні «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының еліміздегі барлық филиалдарында «Бірыңғай ашық есік күні» қоғамдық қабылдау шарасы ұйымдастырылды. Партияның Павлодар қалалық филиалында өткен шараға қала прокуроры Т.Садықов, қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Е.Абаев, білім беру бөлімінің бастығы З.Мұқашева, сәулет және қала құрылысы бөлімі бастығының орынбасары Т.Айдарханов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары С.Нұрмағамбетова, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы М.Қаратаева, жер қатынастары бөлімінің бастығы Ш.Шегенов қатысты. Олардың әрқайсысы шараға қатысқандардың көкейтесті сұрақтарына толық және дәйекті жауап беріп, мәселелердің шешілу жолдарына тоқталды.
Шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арман Әлиакпаровтың айтуынша, тұрғындарға арналған «Ашық есік күндері» дәстүр бойынша жылына 4-5 рет өткізіледі. «Бұған дейін ұйымдастырылған қоғамдық қабылдаулар кезінде азаматтар тарапынан түскен сауалдардың көбі білім саласына қатысты болған. Қала тұрғындары балабақшаға кезекке тұру мәселелері бойынша шағымданатын. Ал бүгінгі шарада оған байланысты сауал түспеді. Аталмыш мәселелер шешімін тапқанына көзіміз жетті», - деді Арман Ержанұлы.
Билік пен бұқара арасына көпір болған ашық байланысқа қаладағы Крупская көшесі, 80/1-үй және Торайғыров көшесі, 79-үйдің тұрғындары да келді. Оларды мазалаған негізгі мәселе – көпқабатты үй ауласындағы заңсыз автотұрақ. Ондағы балалар алаңы автотұраққа айналғанына бір жылдан асқан. «Бәріміз де - ата-анамыз. Мен балаларым үшін алаңдаймын», - деді Торайғыров көшесі, 79-үйдің тұрғыны Нина Колесниченко. Павлодар қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Е.Абаев бұл мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін тұрғындарға алдымен аталмыш мөлтек ауданға жауапты қалалық мәслихат депутаты Абай Жабағинға жолығуға кеңес берді.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

