Белгілі журналист Қасым Аманжол өзінің бір сұхбатында «Бүгінгі қазақ қоғамы Абайдың «Масғұты» секілді...», - дегені бар еді. Осы ойда бір шындық бардай көрінген.
Бірде өңіріміздің белгілі бір мектебінің ұстазымен әңгімелесудің сәті түскен болатын. Ұстаз түрлі тақырыпта ой қозғап, біраз сырласты. Әңгіме арасында өзі қызмет атқаратын білім ордасының бесінші сыныбында оқитын «болмысы біртүрлілеу» бір бала туралы айтып берді. Есімі Нұрлан болса керек. Бала болған соң алыспай-ойнамай тұрмайды ғой, әлгі Нұрлан көрші сыныптың баласымен шекісіп қалыпты. Содан, не керек, артынша мектеп директоры мен тәрбие ісінің меңгерушісінің алдынан бір-ақ шығады.
«Неге төбелесесің? Енді мұндайыңды көрсек, қатаң жазаланасың!» деген жекулер айтылғанда Нұрлан: «Маған бәрі бір, мен сендерден қорықпаймын. Мен Алладан ғана қорқамын, олай қорқытпаңдар мені!»- деп төбеден жай түскендей етіпті.
Мұны естіген мектеп басшылығы мен ұстаздар қауымы бұл баланың санасында ауытқу бар деген қорытындыға келіп, жасөспірімді психологпен кеңестіріп, соның тіркеуіне қойыпты.
Мұғалім әңгімесін аяқтай келе:
«Әлгі оқушы мешітке барады екен. «Қалың қалай?» десе, «Аллаға шүкір!» деп жауап береді. Шынымен, болмысы біртүрлі, мінезі қиын бала»-деп тоқтады.
Арада біраз уақыт өтті. Жұма күні болатын, мешітке бардық. Алдымнан сәлем бере шыққан сары балаға «Қалың қалай?»-деп ем, «Аллаға шүкір!» - деді. Жас баланың бұл сөзіне таң қалып, қасыма шақырдым. Қайда оқитынын, қай сыныпта екенін сұрадым. Сыныбы - бесінші, ал мектебі сол баяғы менімен әңгімелескен ұстаз қызмет атқаратын мектеп болып шықты. Әрі есімі де Нұрлан екен. Міне, қызық! Әлгі баланы сынамақ болып бірнеше сұрақ қойғанымда әлдеқайда ересек адамдарша еркін жауап берді. Өзі өлең де жазады екен. Құран Кәрім кітабын еркін оқыса керек. Жан-жақты кітап оқитыны да аңғарылды. Бабаларымыздың «Қой асығы демеңдер, қолға түссе сақа ғой. Жасы кіші демеңдер, ақылы асса аға ғой» - дегені осындайда айтылса керек. Ұғымы өзгеден зерек тұлғаларды түсіну қашан да оңайға соқпайды. Оларды тани алмаған орта «есі дұрыс емес» деп ақымаққа балайды.
Осы ретте ойыма оралғаны Хакім Абайдың «Масғұт» поэмасы болды. Расында, біздің құтырған суды ішіп алып, сау қалған хан мен уәзірге жындысың деп тап берген шығармада суреттелген халықтан айырмамыз аздау секілді. Абай дана ғой!
Ж.АМАНТАЙ.

