ЕЛ ТАРИХЫН САҚТАУ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

 

Павлодар облысы мұрағаттар және құжаттама басқармасының негізгі мақсаты мұрағат ісі саласын одан әрі дамытуға, облыс мұрағат мекемелерінің жұмысын жетілдіруге бағытталған.

 

Біздің мекемемен облыстық ішкі саясат басқармасы, көлік және коммуникация департаменті, статистика басқармасы, басқа да бірқатар мекемелер тығыз байланыс жасап, олардың құжаттарына ғылыми-техникалық өңдеу жүргізіліп тұрады. Азамат және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Кеңес Одағы Батырларының істері мен құжаттарының топтамасына енгізілген құжаттарға ғылыми-сипаттама жасау жұмыстары да осы мекеменің құзырында.    

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының 2009 жылғы 24 желтоқсандағы №71 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарымен іске асырылатын бірыңғай мемлекеттік тіркеу, есепке алу және бақылау тексерістерін енгізу туралы Нұсқаулығына сәйкес түрлі тексерістер жүргізілді. Құжаттардың тізбесіне орай құжаттау және құжаттаманы басқару, құжаттардың ғылыми-техникалық өңдеулерін өткізу мәселелері бойынша облыс мекемелері мен ұйымдарының іс жүргізу қызметінің қызметкерлерімен, аудандардың ауылдық округ мамандарымен 11 семинар-кеңес өткізілді.

Былтырғы жылдың қаңтар айында басқарманың жылдық жоспарына сәйкес Алматы қаласында тұратын жерлестеріміз, марқұм Кеңес Одағының Батыры Қ.Сұрағанов, Қазақстан Республикасының халық жазушысы, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері М.Әлімбаев және белгілі жазушы Қалмұқан Исабаевтың құжаттарын жинау бойынша Алматы қаласына іздестіру экспедициясы іссапар жасады. Нәтижесінде облыс мемлекеттік мұрағат қорына барлығы 111 құжат түсті, қазіргі кезеңде жеке тектік құжаттарға ғылыми сипаттама жұмыстары жүргізілуде.    

Павлодар облысы әкімдігінің 2009 жылғы 25 желтоқсандағы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеуге дайындық              және оны өткізу туралы» №241/18» қаулысын орындау мақсатында Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының мемлекеттік әскери мұрағаттарында мұрағаттық-іздеу жұмыстарын жүргізу үшін іздеу экспедициялары өткізілді.

Подольск қаласындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатында өткізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде жерлестеріміз 28 Кеңес Одағы Батырларының, 8 толық дәрежелі Даңқ ордені иегерінің; Лебяжі ауданының тумасы, әскери басшы, саяси комиссар, гвардия полковнигі Әбілқайыр Баймолдиннің істері мен наградтау құжаттары; Петропавл қаласында соғыстың алғашқы айларында жасақталған 314-атқыштар дивизиясы құрамындағы павлодарлықтардың құжаттары: тарихи формулярлар, майдан қимылдары журналдары, хабар-ошарсыз жоғалғандарды есепке алу журналдары жинақталды. Соғыс майданында хабарсыз кеткен павлодарлық жауынгерлер туралы мәліметтерді іздеу жұмыстары жалғасуда.

Беларусь Республикасының Ұлттық мұрағатында  Беларусь аумағында партизан қозғалысына павлодарлықтардың қатысуы туралы құжаттар анықталды. Қазақстанның барлық облыстарынан 150 партизанның тізімі жасалып, оның ішінде 12 адам Павлодар облысының тұрғындары болып шықты.

Мұрағатшылар жасаған іссапар қорытындылары бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі құжаттардың 2000-нан астам парақтары Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының қорын толықтырды. Осы құжаттардың маңызды бөлігі «Павлодарская область в годы Великой Отечественной войны. 1941-1945 годы» мультимедиялық анықтамалық құралдарының парақтарында орналастырылды, олар фотоқұжаттық көрмелердің, радио және телехабарлардың  дайындығына пайдаланылды.

Өткен жылы Жеңістің 65 жылдығына орай, «Павлодарская область в годы Великой Отечественной войны. 1941-1945 годы» атты мультимедиялық оқулық құрал дайындалды.  Онда фашизмді жеңуге павлодарлықтардың ерлігі және олардың қосқан еңбегі туралы баяндалған. Осы мультимедиялық құралда соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлерінің бейне еске алулары пайдаланылды. Дайындық барысында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағат қорының, Беларусь Республикасы Ұлттық мұрағатының, Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының жеке топтамалары және қорларының материалдары пайдаланылды. Бұл туралы оқиғалар мен фактілер облыстық «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттерінде жарық көрді. Оған қоса облыс бойынша 31 фотоқұжаттық көрме ұйымдастырылды. Онда көрермендер назарына 5 мыңнан астам жәдігер қойылды, 97 экскурсия өткізілді. Сонымен қатар, мұрағаттар және құжаттама басқармасының сараптау-тексеру комиссиясының (СТК) 14, ал облыстық сараптау-тексеру комиссиясының (ОСТК) 5 отырысы өткізіліп, 249 құжаттама келісіліп, бекітілді.

Былтыр алғаш рет мемлекеттік “Жол картасы” бағдарламасы бойынша облыстық мемлекеттік мұрағаты және Ақсу қалалық мұрағат ғимараттарына күрделі, 9 аудандық мұрағат ғимаратына ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық мұрағат қорының құжаттарды сақтау бөлмелері климат бақылау қондырғы құралдарымен жасақталды. Жалпы, өткен жылы облыс мұрағатшылары табысты жұмыс атқарды деп айтуға болады.

Биыл да басқарма жоспарына енгізілген ауқымды жұмыстар көп. Қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатына, қорғаныс істері бойынша департаментіне, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорларына павлодарлықтардан жасақталған 314-ші атқыштар дивизиясының құрылу кезеңі, майдандық жолы тарихы туралы деректер іздестіру мақсатында облысымыздың мұрағатшыларымен іссапар жасалды. Сапар қорытындысы бойынша дивизия құрамында шайқастарға қатысқан жерлестеріміз туралы көптеген құжаттар жинақталды. Жиналған деректер өңдеуден өткен соң әр түрлі көрмелерде, мультимедиялық оқу құралында пайдаланылатын болады. Бұл құжаттар өлкетанушылар, оқушы жастар мен зерттеушілер үшін құнды деректер болып саналады. Солтүстік Қазақстан облысы басшыларының ұсынысымен биыл сәуір айында Петропавл қаласында Павлодар облысы мемлекеттік мұрағаты, ақын П.Васильев мұражай-үйі және павлодарлық суретші В.Поликарповтың туындыларымен “Ақын П.Васильевтің өмірі мен шығармашылығы” атты көрме өткізу жоспарлануда.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылы сәуір айында Финляндия Республикасына жасаған іссапары кезінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Финляндия Ұлттық мұрағаты өзара қарым-қатынас туралы келісім жасаған болатын. Осы Келісім бойынша былтыр қыркүйек айында Астана қаласына Финляндия Ұлттық мұрағатының жоба басшысы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Д.Фролов келді. Ол сапар кезінде еліміздің Ұлттық мұрағатына 1939-1944 жылдары Кеңестер Одағы мен Финляндия арасындағы соғыстар кезінде фин жағына түскен 300-дей қазақстандық жауынгерлерінің есеп карточкаларының көшірмелерін тапсырды. Ол карточкалар фин тілінен аударылып, қазіргі кезеңде “Павлодар облысының мұрағат қызметі” сайтына орналастырылды. Бұл сайтта “Алмания (Германия) жерінде қаза тапқан павлодарлық тұтқындар”, “Белоруссия жерін азат етуде қаза тапқан павлодарлық жауынгерлер”, “Австрия жерін фашистерден азат етуде қаза тапқан жерлес жауынгерлер” және 1942 жылы қараша-желтоқсан айларында “Марс” операциясында ұлттық 100-ші және 101-ші атқыштар бригадалар құрамында қаза тапқан жерлес жауынгерлердің тізімдері берілген.

Екі жылғы ізденістердің нәтижесінде Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс майдандарында қаза тапқан 190 жерлесіміздің жатқан жері анықталды.

Биылғы жылдық жоспарға Финляндияның Ұлттық мұрағатымен тығыз байланыста жұмыс істеу көзделіп отыр. Себебі, ол жерде сұрапыл соғыс жылдары “хабар-ошарсыз кеткен” деген атпен жоғалған көптеген жерлестеріміз табылып қалуы мүмкін. Жеңістің 50 жылдығына орай, 1994-1997 жылдары жарық көрген облыстық “Боздақтар” кітабында 80 павлодарлықтың тұтқын азабында қаза тапқаны белгілі. Олардың біразы осы фин жерінде қаза тапқан. Солардың бір бөлігі жоғарыда 48 адамның тізімінде жоқ. Сондықтан фин мұрағатымен іздестіру жұмыстары жалғастырылмақшы.

Биыл - ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Айтулы мерекелік шараларға облысымыздың мұрағатшылары да өз үлестерін қосуда. Қазіргі кезеңде олар нақты деректерге сүйене отырып, облысымыздың 1991-2010 жылдар аралығының тарихы жөнінде кітап дайындауда. Сонымен қатар, басқа да мәдени шаралар өткізілуде.

Ағымдағы жылы Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл толады. Осыған байланысты былтыр жасалған мультимедиялық оқу құралы жаңадан жиналған деректермен толыға түспек. Маусым айында облыс орталығында осы қазалы датаға үлкен ретроспективалық көрме ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Биыл Ресей Федерациясы Ленинград облысы Лодейное поле қаласының “Свирский рубеж” іздестіру отряды мен Солтүстік Қазақстан облысымен біріге осы аймақта 4 жыл Ленинградты қорғаған қазақстандық 314-ші атқыштар дивизиясы құрамында қаза тапқан жауынгерлерге белгі орнату көзделіп отыр. Осындай белгі Ресейдің Тверь облысының атақты Ржев шайқастарына қатысып, үлкен шығындарға ұшыраған ұлттық 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасының жауынгерлеріне орнату белгіленген.

Алдағы күннің еншісіне жоспарланған шаралар әлі көп. Негізінде, мұрағат саласының басты мақсаты еліміздің Ұлттық қорына жататын құжаттарды жинау, қабылдау, сақтау және пайдалану болып табылады. Осы мақсатты орындауға облысымыздың барлық мұрағатшылары аянбай үлес қосуда.

 

Х.ӘКІМХАНОВ,

Павлодар облысы мұрағаттар

және құжаттама

басқармасының бастығы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31