«Қазақта «Әкеден ұл туса игі, ата жолын қуса игі!» деген сөз бар. Ата жолы, бабаларымыздың дәстүрі бай да тағылымды. Менің үлкен арманым – кіндігімнен тараған ұрпақ ата-тегін біліп, қасиетті қазағымыздың тілі мен дәстүр-салтын сары алтындай сақтап, келешекке ұзата алса, көк Туы көгілдір аспанында желбіреген Қазақ елінің тірек-таянышына жараса», - дейді өзінің «Сырымды сендерге айтамын» атты кітабында Сабыр Сабеков. Бұл - өмірінің басым бөлігін құқық қорғау саласына арнаған апталдай азаматтың өз сыры. Арманы. Тіптен, қажет десеңіз, талай жылғы қызмет жолында ұмтылған мақсаты. «Мен қазақпын!» деп мақтанышпен жар салатын жастарымыз көп болса екен деген Отан алдындағы перзенттік ниеті.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Сабыр Сабеков ертең, сәуірдің 1-і күні 60 жасқа толады. Асқаралы алпысқа келген азаматтың өмірден көргені де, тұрмыстан түйгені де, тәжірибесі мен тағылымы да жетерлік. Адам үшін алпыстың асқары – үлкен белес. Жалпы, ықылым заманнан жетпістің жетегіне жетіп, сексеннің сеңгірінен асқан ақсақалдарды ақыл айтар, төрелік қылар жасқа келді деп жатады. Ал алпысқа толған адамның айтары да аз болмаса керек.
С.Сабеков - мектепті үздік бітіргесін Алматы қаласындағы малдәрігерлік институтына оқуға түсуге аттанады. Алғашында ауыл баласы үшін ауыл шаруашылығы саласында қызмет ету жанына жақын мамандық болып көрінеді. Бірақ аталмыш оқу орнына құжаттарын өткізе алмай, біраз жүріп қалса керек. Сол кезде туыстарының бірі оған «Қазақ балаларының барлығы мал соңында жүре берсе, басқа кәсіпті кім игереді? Сен одан да заңгерлік мамандығын таңда» деп кеңес береді. Қашан да жаңашылдыққа жаны құмар жас жігіт көп ойланбастан қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне құжаттарын тапсырады. Тиісті емтихандарынан сүрінбей өтіп, ҚазҰУ-дің жаңадан ашылған заңгерлік факультетінің алғашқы студенттерінің бірі болып оқуға қабылданыпты.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған С.Сабеков жолдамамен Шымкент қаласының Абай аудандық ішкі істер бөліміне тергеуші болып орналасады. Кейін облыстық тергеу аппаратына ауысады. «Жалпы Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасында жиырма жылдан астам уақыт еңбек еттім. Тергеушіден бастап басқарма бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілдім», - деп еске алады Сабыр Қожатайұлы.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ресей астанасындағы Ішкі істер министрлігінің академиясында білімін жалғастырады. Мәскеуден оралған ол екі-үш жылдан соң қызмет бабымен Павлодарға ауысады. «1995 жылдың қараша айында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдық. Еліміздің әрбір аймағынан ішкі істер департаментінің басшылары жиналды. Елбасы құқық қорғау жүйесінде орын алатын өзгерістерді, кадрлық ауыс-түйістердің болатындығын атап өтіп, маған: «Сен суық аймаққа барасың», деді. Мен: «Шыдаймын!», - деп жауап бердім. Осылайша, сол кезде жаңадан құрылған ҚР Мемлекеттік тергеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы лауазымына тағайындалдым», - дейді С.Сабеков. Бұл қызметте ол екі жыл жұмыс істейді. Осы екі жылдың ішінде жаңа мекеменің қызметін жан-жақты ұйымдастырып, аяғынан тұрғызып үлгереді. Мекеме жұмысын насихаттау, халықтың құқықтық білімін арттыру мақсатында республика бойынша тұңғыш рет «Версия» атты заң газетін ұйымдастырып, жарыққа шығарады. Кейін Сабыр Қожатайұлы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне қызметке ауысады. Бірнеше жыл департамент бастығының орынбасары лауазымында қызмет ете жүріп, қоғамдық жұмыстарға да араласады. Бір атап өтерлігі, ол қандай қызметте жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін дәріптеуді мақсат тұтқан. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Павлодардағы құқық қорғау органдарының қатарында алғашқылардың бірі болып ерекше деңгейде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін ұйымдастырған жан. Сондай-ақ, тіл жанашыры ретінде өз қарамағындағы қызметкерлеріне мемлекеттік тілді білу қажет деген талап қоюымен танылды.
С.Сабековтің тағы бір қыры - оның шығармашылық өнерінде. Жоғарыда аталған «Сырымды сендерге айтамын» атты кітабынан басқа тағы бір кітабы жарық көрген. Қызметтік жолындағы көрген-білгендері, мол тәжірибесі жинақталған «Тергеуші жазбалары» деген туындысы басылып шықты. «Алғашқы кітабымда ізімнен ерген балаларым өз әулетінің тарихын, өткенін білсін деп ой толғадым. Қазақы дәстүрмен «кімсің?», «қайдан шыққансың?», «тегің кім?» деген сауал қойыла қалса, тұқырып, төмен қарамаса екен деген ниет еді мені тебірентіп, толғандырған», - дейді С.Сабеков.
Жалпы, шығармашылық өнер оған әкесінен дарыса керек. Әкесі Қожатай айтыскер ақын, айтамын дегенінің барлығын өлең-жырмен өрнектеп бере алатын өнерлі кісі болған. Онымен қоса, тергеушілік қызметім де өз септігін тигізді. Себебі әрбір жүргізген, тергеген қылмыстық істерді қағазға түсіріп, оның жай-жапсарын жазып шығу үшін де өнер қажет, дейді кейіпкеріміз.
Туыс, дос-жарандары Сабыр Қожатайұлын адал еңбегімен талай шыңды бағындырған, адамгершілігі мол, еңбекқор жан ретінде біледі. «Мен - дүние-байлыққа мән бермейтін жанмын. Аллаға шүкір, адалдық жолынан айнымай, биік болмысыммен бұл күнге де жеттім. Бірақ, ешқашан асқақтаған емеспін. Ақылы асқандардан кішімін. Ақ сөйлеп, адалына жығылатындарға жаным жақын. Отбасым аман, соңымнан ерген ұрпағым бар. Бақыттымын!», - дейді Сабыр Қожатайұлы.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

