Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыру жөнінде Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар бере келе, халықты жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясын әзірлеу міндетін жүктеген болатын. Үкімет осыған сәйкес Жұмыспен қамтудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын жасап, қабылдады. Бұл бағдарлама үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап іске асырыла бастайды.
Бағдарламаны жүзеге асырудың жолдары мен тетіктері қазіргі күні егжей-тегжейлі пысықталу үстінде. Оған қажетті барлық нормативтік-құқықтық актілерді үстіміздегі жылдың 1 мамырына дейін қабылдау жоспарланған.
Наурыздың соңындағы Үкімет отырысында бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі шаралары тағы да қаралды. Олар жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова баяндады.
Сонымен бұл бағдарлама халыққа не береді? Одан ауыл адамдары, әсіресе, ондағы жұмыссыз адамдар не күте алады?
Халықты жұмыспен қамтудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі мақсаты жұмыссыздар санын азайту, олардың тұрақты және нәтижелі жұмыс орындарына ие болуына жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру болып табылады. Осыған қол жеткізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың алдына мынадай шараларды жүзеге асыру міндеті қойылып отыр:
Біріншіден, өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды анықтап, оларды жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тарту.
Екіншіден, елімізді индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін кадрлар әлеуетін дамыту.
Үшіншіден, еліміздің атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін алдыға қойылып отырған жаңа міндеттер аясында жетілдіру.
Сөз болып отырған осы мәселелер ескеріле келе, жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру үшін бірінші кезекте халықты оқытуға, жұмысқа орналастыруға, тұрғылықты жері бойынша өзінің жеке ісін ашуды ұйымдастырып, осы іске жәрдемдесуге мән беріледі, ал мұндай мүмкіндіктер болмаған жағдайда, экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшулеріне қолайлы ахуал тудырылады.
Бағдарламадағы шараларды жүзеге асыру негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі.
Бірінші бағыт. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және еңбек рыногында олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
Екінші бағыт. Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
Үшінші бағыт. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
Бағдарламаны жүзеге асыру басталатын 2011 жыл қанатқақты кезең болып есептеледі. Осы жылы бағдарламаны іске асырудың тетіктері нақтыланып, олар құқықтық тұрғыдан, яғни заңдық негіздермен қамтамасыз етіледі.
Екінші кезең 2012-2015 жылдарды, үшінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңдерде бағдарламаны жүзеге асыру жүйелі жолға түсіп, пәрменді сипатқа ие болуы тиіс.
Қазіргі күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бағдарламаны іске асыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда. Осы бойынша бағдарламаға қатысушылардың өзара міндеттемелері айқындалды. Ол міндеттер әлеуметтік келісімшарттар жасасу арқылы бекітіледі. Көп ұзамай Индустрияландыру картасындағы жобалар мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасындағы шаралар негізінде пайда болған және жаңадан құрылатын жұмыс орындарын нақты пайдалану үшін ағымдағы және перспективалық жұмыс орындарының автоматтандырылған дерекқоры жұмыс істей бастайды.
Бағдарламаның бірінші бағыты азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу арқылы олардың жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтылуын қамтамасыз етуді көздейді. Бұл бағыт өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдарды қамтитын болады.
Бағдарламаға қатысудың басым мүмкіндіктері ауыл жастарына беріледі.
Бірінші бағытқа қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілетін болады:
Кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына тегін жолдамалар беріледі және оқу орнына жеткенге дейінгі жолақы шығындары субсидияланады;
Лайықты бос жұмыс орындары іздестіріледі және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуына жәрдем көрсетіледі;
Жұмысқа психологиялық бейімдеу шаралары ұйымдастырылады.
Бұл шараларды іске асыру тетіктері төмендегідей:
Бағдарламаның әлеуетті қатысушылары құжаттардың қажетті тізбесін ұсына отырып, бағдарламаға қатысу туралы өтінішпен жергілікті жұмыспен қамту органдарына өтініш білдіреді.
Жергілікті жұмыспен қамту органдары берілген өтініштердің негізінде ықтимал деген қатысушылардың тізімін қалыптастырады.
Қалыптастырылған тізімдер мен ықтимал қатысушылар туралы мәліметтер аудандық (қалалық) комиссиялардың қарауына жіберіледі.
Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесі бойынша комиссия мүшелері өтініш берушілерді бағдарламаға қатысушылар қатарына қосу немесе өтініш беруші бағдарламаның бірінші бағытына қатысу өлшемдеріне сәйкес келмеді деп тапқан жағдайда, одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аудандық комиссия отырыстары хаттамаларының көшірмелері жергілікті жұмыспен қамту органдарына жіберіледі.
Бағдарламаның ықтимал қатысушыларын анықтау мен өтініш иесін бағдарламаға қосу жөнінде шешім аудандық (қалалық) деңгейде қабылданатын болады.
Бағдарламаны іске асыруды басқару жоғарыдан төмен басқару құрылымына ие болады, оның құрамына Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия мен облыстық және аудандық деңгейдегі комиссиялар кіреді.
Жалпы, бағдарламаны нақты жүзеге асыру, онда белгіленген бағыттарды іске қосу басталар тұста бұл жайында әлі талай әңгімеленетін болады. Көп мәселе бағдарламаға қатысатын халықтың ерік-жігерінің нәтижесінде шешімін табатындығы айқын. Сондықтан бағдарлама мәнісін түсіндіру бағытындағы насихат науқаны белең алуға тиіс. Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осы мәселені ерекше атап көрсетіп, тиісті орындарға тапсырмалар да берді.
Жуықта «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратындағы өзінің сайлауалды республикалық қоғамдық штабында сайлау күні жоғары деңгейде қолдау білдіргені үшін халыққа арнап айтқан жүрекжарды алғыс сөзінде Елбасы мемлекеттің алдағы уақытта әрбір отбасының жағдайын жақсартуға дейін жететіндігін айтып қалған еді. Соның жақсы бір нышанын біз «Халықты жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының сөз болып отырған үш бағытынан көріп отырмыз. Үкіметтің қазіргі жүргізіп жатқан жұмыстарына қарағанда, экономикамыз дамыған сайын мемлекеттің әлеуметтік салада ұстанған саясаты да барған сайын тереңдеп, қанатын кеңге жаймақ. Еліміздің денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, еңбекпен қамту салаларына көп қаржылардың бөлінуі - соның дәлелі. Жаңа заман бейнесіндегі жаңа Қазақстан, барыс бейнелі Қазақстан осылайша бірте-бірте қалыптасып келеді.
«egemen.kz»

