АРДАГЕР ЕҢБЕГІ ЕСКЕРІЛМЕЙ КЕЛЕДІ

 

Ертіс ауданының тумасы, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ханафия Асқаров биыл 94 жасқа толды.

Әкесінен ерте айырылған ол туған ауылындағы төрт сыныптық мектепте білім алып, кейін Ертіс ауданына қарасты Иса Байзақов ауылындағы шаруа жастары мектеп-интернат үйіне тапсырылады. Бұдан соң үздік оқушы ретінде Алматының ауыл шаруашылық институтының дайындық бөлімінде білімін шыңдайды. Оны тәмамдағаннан кейін сол жоғары оқу орнының студенті атанады. Жылдар өте келе ағартушылыққа бет бұрған Ханафия Асқарұлы мұғалімдікке сұранады. Тілегі орындалып, бірнеше ауыл мектептерінде географиядан сабақ береді. Көп ұзамай әскер қатарына шақырылады.

«Бұл 1939 жылдың қарашасы еді. Өрімдей жастар Винница қаласында қысқы әскери дайындықтан өттік. Содан бізді финдермен болған қантөгіс шайқасқа жіберді. Өз басым сол жылдың желтоқсанынан наурыз айына дейін майданда болдым. Маннгергейм бекінісіне талай шабуылдар жасадық. Ақыры, аяғыма снаряд жарықшағы тиіп, әскери ауруханаларда біраз азап шектім. Сөйтіп, үшінші топтағы мүгедек атанып, еліме қайттым. Ертіс ауданына келіп, қалап алған сүйікті ісіме қайта кірістім»,-деп еске алады ол өзінің өткен өмірін «Даналық, тектілік және әулиелік әлемі» атты кітабында.

Осыдан кейін тарихта әйгілі Ұлы Отан соғысы да басталып кетті. Тағы да ер-азаматтар майданға шақырылады. Алғашқы кезде жаралы жауынгер ретінде Ханафия Асқаровты мазаламайды. Ол осы екі ортада мектеп директоры, аудандық газеттің жауапты хатшысы қызметтерін атқара жүріп, майдандағыларға көмек үшін азық-түлік, киім-кешек жинауға да біраз үлес қосады. Алайда, әскер күші жетіспегендіктен, 1943 жылдың күзінде Ханафия да әскер қатарына алынады. Алматыға барғанда ондағылар көп жүрістен күп боп іскен аяқтарын көріп, кері қайтарса, жергілікті әскери комиссариат қайтадан майданға аттандырады. Соңында кешегі жаралы жауынгер Румыниядан бір-ақ шығады. От кеше жүріп мадиярлар жерінен өтіп, Чехияға барады. Осылайша, Ұлы жеңісті Дрезден қаласында қарсы алған Ханафия Асқарұлы Польша, одан әрі Мәскеуге барып, елге бет түзейді.

Адам айтқысыз зұлмат жылдары от пен оқ кешкен ол 1964 жылдан бастап мүгедектік құжаттарын рәсімдеп, 1965-77 жылдары Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылындағы Тіленшин орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. 1977 жылы зейнеткерлікке шығады. Кейін өзінің туған жері Ертіске қайта қоныс аударады. Зейнеткерлікке шықса да қол қусырып отыра алмай, Ахмет Байтұрсынов әліппесі бойынша араб графикасынан Ертіс, Ақтоғай, Павлодар, Екібастұз кеңшарларында сабақ береді.

1997 жылы сексеннің сеңгірінен асқанына қарамастан, «Ертіс өрендері», одан кейін «Алаш зиялылары», ал 2000 жылы «Даналық, тектілік және әулиелілік әлемі» атты кітабын оқырманға ұсынды. Бұл кітаптар ұлтымыздың біртуар азаматтары жайлы толғаныстар мен маржан сөздерді тереңнен теруімен, тарихымызды, шежіремізді өрнектеуімен құнды.

Ханафия Асқарұлы Дүниежүзі қазақтарының үш құрылтайына да қатысқан. Кезінде ол республикалық «Түркістан», «Ана тілі», «Шалқар», «Дауа», «Руханият», облыстық «Сарыарқа самалы» газеттерінің штаттан тыс тілшісі болып та қызмет еткен. Қанжығалы Абыз-Шомақ шежіресін жазды. 2004 жылы Сауд Аравиясына барып, қажылық парызын өтеп келді. Мекке Мәдинаға қажылық сапарға барған ол өзімен бірге «Ана тілі», «Шалқар», «Түркістан», «Дауа» газеттерінің бірнеше даналарын ала барып, ұлттық басылымдарымызды сол жақта насихаттады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, саналы ғұмырын Ақтоғай және Ертіс аудандарында шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған Ханафия Асқарұлы ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетінің дамуына жоғарыдағыдай үлес қосты. Бірақ, оның еңбегіне әлі күнге дейін жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Екі мәрте соғысқа қатысқан ақсақал «Ерлігі үшін» медалінің иегері болса да, екі ауданда соғыс ардагерлерінің тізіміне кірмегені былай тұрсын, ондағы мұражайларда не соғыс ардагері, не ардагер ұстаз ретінде бір бұрыштан орын берілмеген.

Ақсақал зейнеткерлікке шыққаннан кейін Павлодар қаласына қоныс аударды. Қалада тұрғанына да отыз жылдан асыпты. Өкінішке қарай, мұндағы билік өкілдерінің де ақсақал еңбегін елеп-ескермей келе жатқан жайы бар. Алда Ұлы Жеңіс күні мерекесі жақындап қалды. Осыған орай, өмірінің көбі кетіп, азы қалған қартқа көңіл бөлінсе екен дейміз.

 

Дария ЕРҒАЗИНА.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 30