БАСТЫ МІНДЕТ - ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН ҚАДАҒАЛАУ

дейді 5512 әскери бөліміндегі сарбаздар
Бүгін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Осыдан 17 жыл бұрын Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде өз Қарулы Күштері құрылған болатын. Сонымен қатар, Елбасы ҚР Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерін құру туралы Жарлық шығарды. Сол уақыттан бері ішкі әскерлер қоғам тыныштығын сақтауға барынша үлес қосып келеді. Павлодар қаласында орналасқан ІІМ-не қарасты ішкі әскердің 5512 нөмірлі бөлімі де жемісті жұмыстар атқаруда.

5512 әскери бөлімі 1990 жылы Павлодар қаласында КСРО ішкі істер министрлігінің жеке арнайы моторландырылған милиция батальоны ретінде құрылған екен. 2004 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерінің Бас штаб басшысы генерал-майор Д.Салханов аталмыш әскери бөлімге Жауынгерлік ту табыс етеді. Елдің қорғаны болар азаматтарға патриоттық тәрбие мен темірдей қатты тәртіпті үйрететін әскери бөлімнің республикада алар орны ерекше. Өңірдің мақтанышына айналған әскери бөлімше техникалық, материалдық базасы бойынша және тәртіптік тәрбие жағынан еліміздегі әскери бөлімшелер арасында екінші орында. Әскери бөлімнің бастығы, капитан Жандос Қасымов: «Республикада осындай көрсеткішке жетуіміз еңбегіне адал азаматтардың арқасы»,- дейді.
Әскери бөлім ішкі әскердің жедел әрекет етуге арналған күші болып табылады. Ол ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті сақтауға, төтенше жағдайларды жоюға қатысу, заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қызмет етеді. Яғни, бұл бөлімшенің басты міндеті - халық, ел тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Әскери бөлімде мерзімді әскери қызметін атқарып жүргендермен қоса, келісімшарт бойынша қызмет ететін сарбаздардан құралған арнайы батальон да бар. «Оған әскери дайындығы жоғары, білімді, өзінің өмірін әскермен байланыстырғысы келген жас азаматтар қабылданады. Олар взвод сержанттары, бөлімше командирлері қызметіне тағайындалады. Соның арқасында қазіргі кезде әскери қызметте мамандар тапшылығы байқалмайды»,- деді 5512 ішкі әскер бөлімінің жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Айбек Райсов.  
Бөлім бастығы Ж.Қасымов: «Қазіргі кезде мемлекет тарапынан Қарулы Күштерді жетілдіруге көп көңіл бөлініп отыр. Нәтижесінде еліміздің қорғаныс қабілеті артты. Бұл өз кезегінде ішкі әскер құрылымы ретінде бөлімнің өз алдына қойған мақсаттарын ойдағыдай жүзеге асырып, офицерлер мен сарбаздар артылған міндеттерін талапқа сай атқаруына негіз болып отыр. Соның арқасында әскеріміз жедел әрі сапалы әрекет ете алатын мүмкіндікке ие. Тәуелсіз еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Қарулы Күштер, ондағы Отан қорғаушы сарбаздар мен офицерлердің біліктілік сапасы, тұрмыстық жағдайы, әскерлеріміздің техникалық, стратегиялық хал-ахуалы, даму барысы да аса маңызды іс. Сондықтан бұл мәселелер де мемлекет назарынан еш уақытта тыс қалып көрген емес. Бүгінде олардың жағдайы жақсы» - дейді.
Бөлім бастығынан қазіргі жастардың патриоттық сезімі, әскерге деген қызығушылығы жайында пікірін білуді жөн көрдік. «Өзінің Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына келген әрбір жастың патриоттық сезімі жоғары деп білем. Мұндағы әрбір сарбаз - өз жерін, елін шын сүйетін азамат. Бұл ретте оларға тәлім-тәрбиелік тұрғыдағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Онымен қоса, біз қаланың бірқатар мектептерімен де тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Оқушыларды бөлімге шақырып, оларды әскери өмірдің қыр-сырына баулып, қызықтыруға тырысамыз. Тағы бір атап өтерлігі, өзінің бір жылдық мерзімдік әскери борышын өтеп шыққан көптеген сарбаздарымыз болашақ өмірлерін әскери қызметпен байланыстыруға тырысады» - деді Ж.Қасымов.
Отан қорғаушылар күніне орай аталмыш әскери бөлімде Өскемен, Семей, Павлодар, Курчатов қалаларындағы әскери бөлімшелердің сарбаздары өзара жарыс өткізді. Алдымен әр бөлім саптық дайындықтарын көрсетті. Одан кейін автоматты бұзып-жинау, көпсайыс түрлерінен сынға түсті. Сарбаздардың қимыл-әрекеттеріне қарап барлығы сайдың тасындай іріктелген, туған жердің нағыз патриоттары екенін айқын аңғаруға болады. Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің дене шынықтыру мен спорт бастығы Ринат Мақажанов «Әскерилер арасында мұндай жарыстарды ұйымдастыру сарбаздардың шеберлігін шындайды»,- дейді.
Екі айлық оқу-жаттығу жиынынан келген қызылордалық Дәулет Ерғалиев әскери қызметкер болуды армандайды. Ол командирлері берген тапсырмаларды бұлжытпай орындауға тырысады.  «Мұнда келгендегі басты мақсатым – елдің тыныштығын қадағалап, Отанымды жау оғынан қорғау»,- деді жас ұлан.


Фархат ӘМІРЕНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Мамыр 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31