Қатары сиреп бара жатқан ардагерлерге үнемі құрмет көрсетіп келе жатқан ұйымдардың бірі – Шарбақты ауданындағы «Отан» қоғамдық бірлестігі.
«Отан» қоғамдық бірлестігінің атқаратын жұмысы – жүргізушілерді дайындау. Көліктің тізгінінде отырып, жүргізуші болуға ынталы адамдар болса, «Отанға» келіп білім алады. Аталған қоғамдық бірлестік болашақ жүргізушілерді дайындаумен қатар ардагерлерге де үнемі құрмет көрсетіп келеді. Былтыр «Отан» қоғамдық бірлестігі жеңіс мерекесі қарсаңында автошеру өткізіп, ауданның әр ауылдық округтерінде, тіпті, шағын ауылдарында болып, ондағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, митинг өткізген болатын. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапты. Бірлестік мүшелері митингімен ғана шектелмей, ардагерлермен кездесу де өткізді. Денсаулығы сыр берген ардагерлердің үйіне де барып, әрқайсысына мерекелік сыйлықтар тарту етті. «Біздің мақсатымыз – ардагерлерге құрмет көрсету, қанқұйлы жылдардағы олардың еңбегі әрдайым атап өтуге тұратын абыройлы ерлік,- дейді «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Нұрғожин.
Тағы бір атап өтерлігі, «Отан» қоғамдық бірлестігі ардагерлерге құрмет көрсету ісіне кейінгі толқын жастарды да қатыстырып келеді. Таяуда ғана мектеп оқушылары «Кім, Қайда, Қашан?» интеллектуалды ойынын ұйымдастырды. Ойын Ұлы Жеңістің 66 жылдығына арналды. «Ұлы Отан соғысындағы шайқастар мен оқиғаларды білесіздер ме?» тақырыбын қамтыған ойында оқушылар өз білімдерін сынады. Мұндай ойынның оқушыларға берері көп. Осы арқылы оқушылар Ұлы Отан соғысы жайлы түсініктерін жетілдірді.
Интеллектуалды ойын барысында «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Нұрғожин ардагерлер кеңесінің төрайымы Лидия Маркина, аудандық орталықтандырылған кітапхананың қызметкері Анна Зеленская оқушыларды жеңістің 66 жылдық мерейтойымен құттықтап, сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, жүргізуші ойын барысында соғыста ерекше қайсарлығымен көзге түсіп, ерліктерімен танылған қазақ халқының батырлары Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова туралы танымдық дәріс оқыды. Аталмыш ойынға оқушылардың жақсы дайындалғанын айта кеткен жөн. Үш айналымда да екі команданың ойыншылары жүргізуші тарапынан қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді.
Даниял ҚЫЗЫРҰЛЫ,
Шарбақты ауданы.

